Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығар күн алыс емес

22.02.2011, 21:42
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығар күн алыс емес

Cоңғы 5 жылда «Ақтөбе» футбол клубы ішкі біріншілігімізде "бірінші нөмірлі" команда екенін бірнеше рет дәлелдеген болатын. Төрт мәрте чемпионы атағын алып, тіпті бір рет "хет-трик" жасағаны есімізде. Мұны қазақ футболынан хабардар әр адам білсе керек-ті. Сонымен қатар, халықаралық ареналарда қарсыласына дес бермей, тізе бүктіріп, Қазақстан қоржынына ұпай салып жүрген де «Актөбе». Десе де, ел мақтаған «Ақтөбенің» бір "әттеген-ай" деген тұсы бар. Бұл - негізгі құрамда жергілікті ойыншының болмауы.

Иә, мұндай жайттан құлағдар болған адамға ««Актөбенің» ізбасарларының, жас футболшыларының жағдайы нашар екен" деген ой туады. Тіпті, «Ақтөбенің» болашағына күмәнмен қарайтындар да бар болар. Шындығына келгенде бәрі олай емес. Мысалы, Шаликенов, Жаманқұлов секілді қазақ футболының таланттары «Ақтөбе» футболынан нәр алған болатын. Лисинков, Құрмашев сынды футболшылардың тұнып тұрған таланттарын байқамау мүмкін емес. Міне, осындай жас футболшылардың негізгі құрамнан орнын таба алмағанына көңіліміз толмайды. Тіпті, кезінде негізгі құрамнан орнын тапқан Логвиненконың болашағы бұлыңғыр. «Ақтөбе» трансфер уақытында жас ойыншыларды өзге қалалардан іздеуге құмар-ақ. Орнына Ақтөбе мектебінен тәлім алған футболшыны неге қоймасқа?!  Бұл - «Ақтөбенің» жанкүйерлер қауымының көкейінде жүрген мәселе.

«Ақтөбе» басшыларының көзіне іліге алмаса да, негізінен, ақтөбелік жас футболшылардың және мектептердің жағдайы нашар емес. Тамаша десек те болады. Қазақстанның суперлигаларында алғашқы үштіктің қатарынан табылады, әрі көрші елдерге барып, күшін шыңдап, тәжірибе жинап, жүлделі орындардан көрініп жүр. Ақтөбелік жас футболшылар өзгелермен бір сатыда тұр десек те қателеспес едік. Қазақстанның жастар құрамасына ақтөбелік жас футболшылардың да шақырылып жүргені белгілі. Екі жыл бұрынғы Бразилиядағы оқу-дәріске ақтөбелік өрен Евгений Ялфимовтың да жолдама алғаны баршаға мәлім. Женя бұған дейін «Ақтөбе-94» командасында ойнаған болатын. Ақтөбеде дәл осындай болашақ спорт жұлдыздарын дайындайтын мектептердің саны жеткілікті. Міне, осындай көрсеткіштен кейін ақтөбелік жастарды қалайша  жамандаймыз?!

Барша жұртты өнерлерімен тамсандырған жас қырандар «Ақтөбе» сапында ойнау үшін біраз тер төккені белгілі. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның  тіленбей» деген Абай атамыздың сөзінен сусындап, нәр алып, еңбек еткен олардың төккен терлері еш кетпесе деген үміттеміз. Дегенмен, трансфер уакытында лимиттерді бөгде жерлерден іздеуге құмар «Актөбе» жетекшілерінің назарына ілікпей қалса да, танғалмағанымыз жөн. 2010 жылғы маусымда, Қазақстан Республикасының ХIХ чемпионатында, «Ақтөбенің»  дубльі екінші орынға ие болғанын тілге тиек ете кетейік. Тіпті, Қазақстан құрамасының тізгінін неміс маманы Б.Шторк ұстап тұрған кезде жас өрен Лисинковтың ұлттық  құрамаға шақыртылғаны баршаға аян. Сонымен қатар, Құрмашев та «Ақтөбе» қатарында ойнап, жеңіс голдарын соққан талапты да талантты ойыншы екенін дәлелдеді. Ойын үстінде даралығымен, өзгешелігімен, таланттылығымен ерекшеленген жас түлектердің еңбегі елеусіз кетіп бара жаткандай. Жалпы, «Ақтөбе» тарихын ақтарсақ бүкіл Қазақстанды ойынымен мойындатқан футболшылар жоқтың қасы. Бұл ақтөбелік мектептердің кінәсі ме, әлде жанып тұрған таланттарды байқамаған жетекшілердің кінәсі ме, белгісіз?!

Бірақ, бір анығы осы күндері облыс футболы түзу жолға қойылды. Ең бастысы әр аудандардан футбол мектептері бой көтеріп, онда мыңдаған қазақ балалары доп теуіп жүр. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығар күн алыс емес деген сөз!

Есет ТӨЛЕШ,

Ақтөбе қаласы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×