Жаздағы үздік трансферлер қалай орын алды?

13.09.2018, 04:30
Жаздағы үздік трансферлер қалай орын алды?
Еуропа елдерінің басым бөлігінде, маусымның 1-жұлдызында ашылған трансферлік терезе 31-тамыз күні ресми түрде жабылатын кез. Дәл осы уақытта ғана ойыншылардың ауысуы жөніндегі алып қашпа әңгімелер мен келіссөздер сәл де болса саябырсыған сәт. Демек, жазғы трансферлік маусымды қорытындылаудың да уақыты келіп жетті. Біз бүгінгі топтамамызда ауыс-түйістердің ең ірі бестігіне тоқталсақ. Жылдың ең басты жаңалығы ол әрине Криштиану Роналдудың Мадридтік "Реалдан" туриндік "Ювентус" сапына ауысуы. Алғашқыда қауесет ретінде ғана қабылданған бұл ақпарат, артынша расталып «Реал» тарихындағы ең үздік сұрмергеннің "А" сериясында ойнайтыны белгілі болды. Корольдік клубпен бірге мүмкін болған барлық трофейді ұтқан Криштиану үшін Италия чемпионы 112 миллион еуроны санап берді. Елді елең еткізер тағы бір трансфер "Ювентустың" қатысуымен орын алды. Бұл жолы туриндіктер алушы ретінде емес, керісінше сатушы ретінде көзге түсті. Роналдудың келуімен негізгі құрамдағы орнын босатып беруге мәжбүр болатынын ұққан Гонсало Игуаин "Милан" жасаған ұсынысты қуана қабыл алды. Аргентиналық ойыншы үшін "Милан" 54 миллион еуроны екі бөліп беретін болып келісті. Келесі айтулы ауыс-түйіс Мюнхендік "Баварияның" жартылай қорғаушысы Артуро Видальдің "Барселона" сапына ауысуы болды. Германияда шаппай бәйге алудан шаршады ма екен, әлде чемпиондар лигасында Мадридтік "Реалға" кеткен есесін қайтарғысы келді ме ол жағы чилилік ойыншыға ғана аян. Қайсар мінезді Видаль үшін каталондықтар бар болғаны 18 миллион ақша шығарды. Ағылшын премерь лигасын ұтып, "Лестер" сапында жасындай жарқылдаған алжирлік Рияд Марез ақыры дегеніне жетіп, "Манчестер Сити" сапына ауысты. Егер жібермесеңдер, мен ойнамаймын деген Марез бірнеше мәрте командамен жаттығудан бас тартқаннан соң, "Лестер" басышлығының футболшыны  жібермеске амалы қалмады. Дегенмен ойыншы үшін төленген 68 миллион еуро кезкелген өкпені ұмыттыруға жеткілікті. Ал Риядтың өзі дән риза. Біріншіден Пеп Гуардиоланың қол астында жаттығып жүр. Жүлде алуға мүмкіндігі әлде қайда артты. Және ең бастысы ол аптасына 230 мың еуро жалақы алады. Бүгінгі топтамамызды Италиямен бастағаннан соң, сол елдің трансферімен аяқтағанды жөн көрдік. "Романы" өрге сүйреген бельгиялық жартылай қорғаушы Раджа Найнголан миландық «Интер» сапына ауысты. Бельгия құрамасымен бірге Әлем чемпионатына бармауының себебін римдік клубтан көрген сияқты. "Тазы ашуын тырнадан алады" дегендей, әуелі ұлттық құрамадан кететінін мәлімдеген ол, клубтан да кеткісі келетінін айтты. Ал, Раджаның қарым-қабілетін жіті білетін «Интер» бапкері Лучано Спалетти өзінің бұрынғы шәкіртімен қайта қауышты. Трансфер құны 38 миллион еуроны құрады. Енді ол 4 жыл бойы миландықтар сапында өткізген әр маусым үшін 4,5 миллион жалақы алатын болады.

Айбек Қабылша

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×