Жанкүйерлер Қазақстан құрамасының матчтарын стадионнан тамашалай ала ма?

10.12.2020, 17:47
Алғашқы турда Франция құрамасын өз алаңымызда қабылдайтын боламыз.
Жанкүйерлер Қазақстан құрамасының матчтарын стадионнан тамашалай ала ма?

Қазақстан футбол федерациясының ұлттық құрамалар департаментінің директоры Қайрат Нұрдәулетов 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің жеребе тарту нәтижелері туралы пікірін білдіріп, біздің команданың матчтарына жанкүйерлердің қатысуы қаншалықты ықтимал екенін айтты. Ол сондай-ақ алдағы уақытта Қазақстан құрамасының барлық ойындары өтетін стадионның атын атады.

- Қайрат, Қазақстан құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде қиын, бірақ өте қызықты топқа түсті. Сіз бұл топтағы қарсыластарды қалай қабылдадыңыз?

- Шынында да қиын топ, мұндай командалармен ойнау өте қызықты болады, әсіресе біз олардың кейбірімен кездескен емеспіз. Франция, Украина, Босния және Герцеговина, Финляндия сияқты командалармен матчтарда өзімізді сынап көру өте қызықты болайын деп тұр, бұл ойындар біздің не істей алатындығымызды көрсетеді.

- Ұлттық құраманың алдында осы топта белгілі бір ұпай санын жинау міндеті тұра ма?

- Мен болжам жасағым келмейді. Әрине, біз көп ұпай жинасақ, соғұрлым жақсы болады, бірақ қазір қанша ұпай жинайтынымызды болжау қиын. Жалпы, менің ойымша, тапсырма ұпай санында емес, финалдық кезеңге жолдама алу мәселесінде.

- Яғни, федерация ұлттық құраманың алдына бірінші немесе екінші орын алу міндетін қоюы мүмкін бе?

- Жоқ, бұл тек менің пікірім, қазір федерация міндеттер туралы айта алмайды, өйткені ұлттық құраманың жаңа бас бапкері тағайындалмаған. Бірақ мен тағы да қайталаймын, біз ұпай саны туралы ойламауымыз керек, турнирдің міндеттері - топтан шығу, плей-оффқа жолдама алу керек.

- Жанкүйерлерді алдағы уақыттағы үй матчтарында ұлттық құраманы қолдай аламыз ба деген сұрақ қызықтырады

- УЕФА-да жанкүйерлердің 30 пайызын стадионға кіргізуге рұқсат бар екенін білесіздер, бірақ бәрібір бұл әр елдегі белгілі бір уақыттағы жағдайға байланысты. Әрине, бізде Қазақстанда бәрі жақсы болады және жанкүйерлерді стадионға қайтарамыз деп үміттенеміз, мұны барлығы күтіп жүр, әсіресе ойыншылар.

- «Астана Арена» стадионында көгалдарды ауыстыру жұмыстары аяқталды, демек, ұлттық құрама келесі іріктеудегі барлық матчтарды елордада өткізе ме?

- Енді «Астана Аренадағы» жаңа көгалға лицензия беру керек, егер бәрі ойдағыдай болса, онда, ең алдымен, Қазақстан құрамасы әлем кубогының іріктеу кезеңінің барлық ойындарын Нұр-Сұлтанда өткізеді. Бұл біздің үй стадионымыз, бұл ұлттық құрамаға таныс және белгілі бір дәрежеде бізге артықшылық береді. Сонымен қатар, бұл еліміздің астанасы және ұлттық құраманың матчтары осы жерде өтуі керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×