Күні кеше Мексика-Германия ұлттық құрамалары, Әлем чемпионатындағы алғашқы кездесулерін өткізді. Сол үшін барша аяқдоп жанкүйерлері бұл сәтті тағатсыздана күтті. Себебі, барлық фанаттар күтіп отырған нағыз "супер матч " осы ойын еді. Ойын өте тартысты өтті,ысқырық шалынғаннан қос ұжымда тек шабуылды ойлап бір-бірінің қақпашыларына маза бермеді. Немістер қанша "жұлдызды" ойыншылардан жасақталғанымен, 90-минут бойы ойыны жүрмей қойды. Ал, Мексикандықтар қарымта шабуылдармен Мануель Нойер қорғаған қақпаға бірнеше мәрте қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, футбол тойының көркін қыздыра түсті.
Ойынның 35-ші минутында қарымта шабуылымен көзге түскен мексикандықтар сапынан, 22-жастағы Ирвинг Лосано голдың авторы атанды. Боатенг, Хуммелс секілді қорғаушылардан айласын асырған мексикандықтар бөріктерін аспанға атып стадионды у-шуға бөледі. Ойынның алғашқы бөлігі де осылайша аяқталды.
Ал, 2-таймда неміс жанкүйерлері қанша үміт күткенімен, Очоа қорғаған қақпадан футболшыларға саңылау табу мүмкін болмады. 90-минут бойы осы есепті сақтап қалған мексикандықтар, бұл жеңісті көзіне жас алып тойлады.
Себебі, әлем чемпиондарын тізе бүктіру екінің-бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Сондықтан бұл жеңістің олар үшін орны бөлек. Сол үшін барша футбол жанкүйерлері осы қуанышты "жанардан аққан жеңістің жасы"-деп сақтайтындығы түсінікті.
Әлішер Хабидолла