
«Ордабасы» президенті Асхат Сейсембек шымкенттік клубтың легионерлерге қатысты саясатын жария етті.
Сондай-ақ, отандық менеджер клубтың жалпы маусымдағы мақсат-міндеттерін де тілге тиек ете кеткен.
«Иә, легионерлер қажет. Себебі олар команданың ішінде бәсекенің артуына септігін тигізеді. Қазақстан чемпионатының ережесі бойынша бір командада 12 легионерге дейін ойнай алады. Біз өткен маусыммен салыстырғанда легионерлердің санын қысқартуды жоспарлап отырмыз. Биыл регламент бойынша 12 шетелдік футболшыны тіркеуге рұқсат берсе, «Ордабасы» 9-10 шетелдік футболшымен шектелуді жөн көріп отыр. Жалпы, легионерлердің санын біртіндеп қысқартамыз. Ал дәл қазір шабуылшы позициясына шетелдік ойыншы іздеп жатырмыз», - деді А. Сейсембек «Отырар ТВ» арнасына берген сұхбатында.
Шымкенттік клуб басшысының айтуынша, шорт-листте бірнеше үміткер бар. Соның ішінде екеуі жас ойыншы көрінеді. Біреуі Бразилиядан, ал екіншісі АҚШ-тан делінген.
«Алда олармен қалай жұмыс істеуді ойластырып жатырмыз, бірақ дәл қазір ешкіммен келісімшартқа отыру жоспарда жоқ», - деп өзінің ойын түйіндеді клуб президенті.
Естеріңізге салайық, «Ордабасы» екі легионерді қатарына қосқан болатын. Олар нигериялық жартылай қорғаушы Салиман Кайо мен хорватиялық Дарио Чанаджия.
Біздің серіктес: FONBET