Әзербайжанмен ойыннан не күтеміз?

10.06.2024, 13:07

Еревандағы ойыннан соң көңілде көп сұрақ қалды. Шынын айтсақ екіұдай күйдеміз. Былай қарасаң ойын бар, моменттер де жетерлік. Бірақ, гол жоқ. Арменияның деңгейін ескерсек, жалпы кездесу көңілден шықты деуге болады. Енді ертең Әзербайжан. 

Әзербайжанмен ойыннан не күтеміз?
Қазақстан - Әзербайжан кездесуі

Шыны керек, Армениядан жеңлсек те ойынның өзі ұнады. Мазмұны жағынан біздің жігіттер жаман көрінген жоқ. Руслан Балтиевтің өзі де мойындады емес пе? Нұралы Әліп бастаған біраз футболшылар да бір сәтсіздіктің болғанын айтып, ағынан жарылды. Арменияда жолымыз болмай-ақ қойды. Футболда ондай дүние бар. Кеше ҚПЛ-де 4-5 ойын бойы гол сала алмай берекесі қашқан Әли Әлиев бұл сөзімізді жоққа шығармайды. Әйтпесе, жұмадағы кездесуде Қазақстанда 16 момент болды және оның басым бөлігі бәсекенің бірінші жартысында. Енді ертең Руслан Балтиев өзінің екінші мүмкіндігін қалай пайдаланбақ? Жаңа бапкер таңдалып, тағайындалып қойғанымен, Руслан Тахирұлы үшін бұл екі матч кәдімгідей шанс емес пе? Кім біледі, Черчесовтың жағдайы қалай болады?.. Иә, келісімшарт, оның уақыты дегенмен де, бәрі де мүмкін ғой. Әсіресе, футболда. Балтиевтің орнында болсақ, бізге берілген аз уақытты барынша тиімді пайдаланып, өзімізді көрсетіп қалатын едік. Ертең жаңа бапкер деген әңгіме көтеріле қалса, шорт-листке енетіндей жағдай дегендей. Сонымен, Әзербайжанмен ойынды күтеміз. Дұрысы, Әзербайжанмен ойыннан не күтеміз? Ариф Асадовтың командасы да жақсы көңіл-күйде емес екені түсінікті. Бірнеше күн бұрын біздің жақсы таныстарымыздан Албания айласын асырып кеткен. Каспийдің арқасында көрші болып отырған мемлекеттің құрамасы 1-3 есебімен ұтылса да, Еуроға дайындалып жатқан албандардың арыны күшті дей қоймады. Жолымыз болмады депті. Қызық…

Екі жыл бұрынғы 3:0-дің есесін қайтару керек  

Әзербайжанмен соңғы жылдардың жүзінде Қазақстанның жолы жиі түйісуде. Біз үшін сәтті болған Ұлттар Лигасында бір топқа түстік. Бір жеңіп, бір жеңілдік. Жеңілдік дегенде де 2022 жылдың күзіндегі 0:3-ті біз толық қабылдай алмаймыз. Ол С тобының соңғы, турнирлік тұрғыда маңызы жоқ матчы еді. Әйтпесе, Қазақстан, Әзербайжан, Словакия мен Беларусь төрттігінің таласындағы бірінші бәсекеде сенімді жеңіске жеткен едік қой. Абат Айымбетовтың бенефисі болған матчты айтып тұрмыз. «Астана Аренада» Магомед Адиев жаттықтырған жерлестеріміз еш күмәнсіз жеңіске жетті. Ол кезбен паралель жүргізу қисынсыз, әрине. Иә, қазір жағдай күрт өзгерген. Ең алдымен, қос құраманың да бас бапкерлері ауысты. Құрам жағынан айтарлықтай өзгеріс болмаса да, содан бері екі жыл өтті дегендей. Бізге қызығы, Руслан Балтиев өз принциптеріне берік бола ма? Кеше Ереванда акцентті жаңа ойыншыларға бергенін көрдік. Әлібек Қасымның ойынына көпшілік сын таққанын да білеміз. Енді «Ақтөбенің» өкіліне негізгі құрамнан орын табыла ма? Руслан Балтиев бақылау ойынында біраз бақылаймын дегенді айтып еді.  Ертең көрейік. Әзербайжанмен статистика жаман емес. Сол Ұлттар Лигасындағы соңғы теке-тірестен кейін көңілде күдік қалып еді: Қазақстан барын салып ойнаса қалай болар еді. Ұпай керек болса Әзербайжанды ұта алар ма едік дегендей ойлар мазалаған. Әрине, мұның бәрі өткеннің еншісінде, енді ертең жаңа парақ ашылмақ. Армения мен Әзербайжан біздің дәл қазіргі мүмкіндіктерімізді толық көрсетіп бермесе де, біраз сұраққа жауап алатынымыз анық. Қанша жерден жолдастық деген айдар таққанымен, футболшылар үшін әр матч маңызды екені түсінікті. Ешкім де жеңілу үшін ойнамайды. Ұлттық құрама жейдесіндегі ойын болған соң тіптен жауапкершілік арта түспек. Сондықтан, жеке өз басымыз ертең мүлде басқа ойын күтеміз. Айтпақшы, Әзербайжанның жағында сәл басымдық болатын шығар: Албаниямен ойынды осы Сомбатхейдегі алаңда өткізген еді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×