Вардан Минасян: «Әр матчта жеңіске жетуге болады»

19.04.2021, 02:48
Минасян шәкірттері турнирлік кестеде қосымша көрсеткіштер бойынша ғана «Астанадан» артта тұр.
Вардан Минасян: «Әр матчта жеңіске жетуге болады»

«Тараздың» бас бапкері клубтың баспасөз қызметіне «Ақжайықпен» өткен кездесу туралы пікір білдірді:

- Вардан Размикұлы, бүгінгі жеңіс өте қиын келді-ау?

- Иә, өте тартысты матч болды. Бірақ шынын айтқанда, біз осылай боларын күттік әрі соған дайындалдық. Себебі «Ақжайық» жеңіл қимылдайтын ұжым. Қарсыластың айып алаңына көбірек доп асыруға ұмтылады. Бүгін де дәл солай болды. Екінші таймда біз кішкене күш қостық. Көп қимыл жасап, мінез таныттық. Ойында жігіттердің шаршағаны білінді. Бірақ бұл түсінікті. Себебі біздің ойын кестеміз, басқа қалаларға бару, жолға кететін уақыт бар дегендей, бәрі тығыз. Әрбір 4-5 күн сайын ойын өткізуге тура келеді.

- Бүгін алаңға шыққан жергілікті жас футболшылардың ойыны туралы не айтасыз?

- Дінмұхамед Қараман бүгін бірінші рет шықты. Ал қалғандары бұған дейін бірнеше матчқа қатысқан. Біз командадағы ойыншыларды жас немесе егде тартқан деп бөлмейміз. Олар команда мүшесі ме, демек біз оларға сенім артамыз.

- «Тараз» біріншілікті жақсы бастауда. Өзіңіз осылай боларын күттіңіз бе?

- Нәтиже туралы бүгін айтқым келмейді. Бір атап өтетін нәрсе, ойыншылардың менің талап ететінімді орындауы маңызды: ойынға толық берілу, қарсыластың кім екеніне қарамастан жеңуге болатынына сену. Бұл сауалға осылай ғана жауап бере аламын.

- Осындай тығыз кестеге қарамастан келесі ойынға күш жеткілікті бола ма?

- Біз көбіне физикалық емес, психологиялық тұрғыда шаршаймыз. Әрбір кездесуге орай түрлі әсер ететін дүниелер табу қажет.

«Тараз» КФК баспасөз қызметі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×