В.Кумыков: Негізгі құрамның 5 ойыншысы болғанда «Астанадан» ұпай еншілейтін едік

Қызылордада кеше Ғ.Мұратбаев атындағы Орталық стадионда ел чемпионатының кейінге шегерілген 15-тур ойыны өтті. Жергілікті «Қайсар» елорданың «Астана» командасын қабылдады.

В.Кумыков: Негізгі құрамның 5 ойыншысы болғанда «Астанадан» ұпай еншілейтін едік

Футбол сарапшыларының көбі кездесу алдында «дала қасқырлары» ірі есеппен оңбай ұтылады деп болжам жасаған. Бірақ, жасыл алаңда «Астана» айтарлықтай басымдыққа ие болған жоқ. Бірінші таймның басында Усман Камараның голымен есепте алған шыққан қонақтар, одан кейін мардымды шабуыл ұйымдастыра алмады. Керісінше, алаң иелері допқа көбірек иелік етіп, Чондричтің қақпасына біршама қауіп төндірді. Әсіресе, екінші таймда Айбар Жақсылықов оңтайлы сәтте мүлт кетсе, Руслан Юденковтың соққысынан кейін доп қақпа маңдайшасына тиіп кері серпілді. Жалпы Григорий Бабаян шәкірттері екінші кезеңде толықтай қорғанысқа жатып, жеңісті есепті ұстап қалды.

Ойыннан кейін қос команданың жетекшілері БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында кездесу жайлы сұхбат берді.

- «Қайсар» өте ыңғайсыз қарсылас. Әсіресе, стандартты жағдайларда кез келген командаға қиындық туғызады. Осы кездесу алдында соған тиянақты дайындалдық. Оңай болған жоқ. Кейбір сәттерде қақпа бағанасы құтқарды. Ең бастысы маңызды үш ұпайды еншіледік. Әр үш күн сайын ойнау физикалық тұрғыда қиын. Бірақ, біз жеңісті жолдан таймай, чемпиондыққа соңына дейін талас жүргізетін боламыз,- деді «Астана» ФК бас бапкері Григорий Бабаян.  

- «Астана» ФК Еуропада қазақ футболының мерейін үстем етіп жүрген өте мықты команда. Оларда ойын тағдырын бір өзі шешіп кететін шеберлер жетерлік. Несін жасырайық, біздіңклубта бүкіл футболшыға төленетін жалақы«Астана» сапындағы бір ойыншының алатын айлығына жетпейді. Бірақ, соған қарамастан жігіттер барын салды. Жүйелі футбол көрсетті. Гол соғатын тамаша мүмкіндіктер болды. Тек сәттілік жетіспеді. Оның үстіне негізгі құрамның 5 ойыншысы диквалификацияға байланысты бұл матчқа қатыса алмады. Әйтпегенде, ұпай еншілеуге болар еді,- деді «Қайсар» ФК бас бапкері Виктор Кумыков.

Қазақстан Премьер-лигасының келесі турында «дала қасқырлары» Алматының «Қайратына» қонаққа барады. Қызылордалық клуб Алатау баурайына аттанбас бұрын біршама сыйақы алып, футболшылар алматылықтарға қарсы екі есе жігермен шығатын болады. Ал елордалық аяқдопшылар Шымкентте чемпиондыққа талас жүргізіп жатқан басты қарсыласы «Ордабасымен» кездеседі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 5
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×