Ұтылған жоқпыз, ұпайымыз түгел

09.04.2021, 00:02
Киев жорығындағы кейбір мәселелерге анықтама беруге тиісті едік. Енді соған кірісейік.
Ұтылған жоқпыз, ұпайымыз түгел

Француздардан ұтылған күннің ертесінде, бесін мен екінтінің ортасында елордадағы халықаралық әуежайға жиналдық. Ұлттық құрама мінетін ұшақтан орын тиіп, біз де Украинаға аттанатын едік. Еңсегей бойлы Ермұхаммед Мәулен мұрындық болып, ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожин қолдау танытып, Қазақстан футболшыларымен сапарға шықтық. Нұр-Сұлтан қақпасын серпер сәтте жүдеу тартқан Талғат Маруаұлын көрдік. Бас бапкер кешегі ойынның әсерінен әлі арыла алмай жүрсе керек. Кісілігі кішілігімен үндескен, адами қалпынан еш ауытқымайтын бапкер Байсуфинов бізді көрген кезде жүзі жылып, сәлемімізді алды. Қоятын сауал көп еді. Әліптің артын бақтық. Алда ұзақ жол. Киевке үмітпен бара жатқанымызды да ескердік. Қонайын деп тұрған бақ болса, оны үркітіп жібермеудің өзі бір сын екенін қаперде ұстадық. Дұрыс түсініңіздер. Бақ дегенде, ұлттық құрамаға ергенімізді айтпаймыз. Қазақстан жақсы ойнап кетуі тиіс деген тұжырым көңілде берік орнаған еді.

       Жалпы, Талғат Байсуфинов құрама команда тізгінін ұстаған кезде бақыттың бір баспалдағы көрініс бергендей күй кештік бәріміз. Бір адамдай танитын тұлғамыз ғой, Талғат ағам. Бір баспайтын шабанның өзін шаптан тартып қалатындай қасиеті бар. Жұрттың бәрі осы іріктеу сынында жарты ұпай да бұйырмайтынын тілге тиек еткенде де мырс еттік. Ерте ме, кеш пе, бір ұпай бізге бұйыруы тиіс. Себебі үміттің жалынан ұстағанбыз. Дәл қазір Байсуфиновтан артық бапкер табылмайтынын түсінгендіктен. Сол Талғат ағамызға қазір қоятын сұрақ көп болса да, сәл ірке тұру қолайлы еді. Мынау педагогика деген қонатын адамына қонжия салады, тегі. Маруаұлы бізді не шаруа алаңдатқанын сезген шығар. Әңгімені өзі бастады. «Білем, сенің көңіл күйіңнің қалай екенін. Шаманың келгені сол. Ішкі-сыртқы себептері өзіңе де белгілі ғой. Кейбір өзгеріске әдейі бардық. Француздардан ұпай алу әзірше өте қиын. Украинамен күресуге болады. Абатты әдейі алаңға шығармадық. Осы сынға сақтау үшін». Сосын, жымиды да,  алға оза бердік. Енді бәрі түсінікті.

     Ұшаққа мініп, жайланғаннан кейін Абатты іздедік. Айымбетов ше?! Самара салқын қарағанын білеміз. Қаланың жазығы жоқ. «Крылья Советовтың» бас бапкері бас шайқап отырып алды. «Астанаға» ауысатыны жайында да естіген едік. Алып лайнер ақша бұлттың үстіне шығып, қоңыр жүріске салған кезде Абатты қасымызға шақырдық. Ағаның тілін алатын ініден айналасың ғой. Қазақстан құрамасының сұрмергені де лып етіп қасымызға келе қойды.

— Талғат ағаң не айтты, Абатжан? – дейміз біз.

— Е, сөйлескенімді естідіңіз бе?

— Иә.

— Талғат аға кісі жанын түсінетін терең адам ғой. Бәрін түсіндірді. Француздарға қарсы салмайтынын, Киевте алаңға шығуым мүмкін екенін айтты. Тактикалық тұрғыда қалай қимылдауым керек екенін қамтып өтті.

— Өз ойың қалай? Шевченко жігіттерімен майданға тең дәрежеде түсе аламыз ба?

– Қорқатын дәнеңе жоқ. Бәріміз де сынға дайынбыз.

       Абаттың сөзінен гөрі өзі айбатты көрінді. Бапкердің, бұл жолы ұстаздың десе жарасатын шығар, айтқан сөзі көңілдеріне қонған. Сеніміне қанат бітірген. Сөйлескеніміз жақсы болыпты. Біраз жайға қанықтық. Борисполь әуежайына қонған кезде, анығын айтқанда дәлізіне енген кезде, көңіліміз одан әрі шарықтасын. Киев бізді қазақша қарсы алды. Сәлем беріп, сәттілік тілеп. Қазақ тілінде. Футбол жорығында кез келген нәрсе маңызды. Мұнда ұсақ-түйекке орын жоқ. Жігіттер де жігерленіп қалыпты. Өтеген батыр маңындағы ауылдардың бірінде өскен Александр Марочкин де қуанып жүр. «Киевте де қазақтар бар екен, иә!» – дейді қуақыланып. «Қазақша сөйлесе –  Марочкин сөйлесін, түбін түсіреді», – деді командалық достарының бірі. «Бізден артық білетін ағалар келді. Оның ұяттау, енді». Александрдың жауабы бұл. Шіркін, көсеу аяқ осы жігітке сенім артылса. Доптың қалай ұшарын, қайда қонарын әбден зерттеген бе, Александр мен ала доптың ым-жымы бір. Бапкерге ойыңды қалай айтасың, бірақ.

         Киевке келген түннің ертесінде баспасөз мәслихаты өтті. Онлайн режимде. Александр Шевченко мен Сергей Сидорчук тілшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Оған дейін біз бірнеше сағат бойы Украина журналистерімен әңгімелестік. Стадионға келген мамандар пікірін тыңдадық. Көбінің көңілінде алаң бар. Қалпақпен ұрып алатынын жасырмай жүргендер де кездесті. Леонид Буряк секілді мықтылардың Қазақстанға шекеден қарайтынын байқадық. Дұрыс қой. Бұған дейін төрт рет кездестік. Төртеуінде де жеңілдік. Ендігісі – әлем біріншілігінің іріктеу сыны. Украина Сен-Дениде Франциямен ұпай бөлісті. Рас, екінші турда дәл осы стадионда Финляндияны ұта алмады. Тезму Пукки секілді сұрмергені бар «суоми» қазір кіммен болса да, терезесі тең ойнауға дайын. Мысалы, Босния және Герцеговинадан ұтылған жоқ.  «Олимпискийдегі» ойынға келсек, Украина есеп ашса да, матчтың соңына таман қорғаушылары қатты қателесті. Виталий Миколенко қақпашымен бетпе-бет шыққан шабуылшыны шалып жығуға мәжбүр болды. Төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Миколенко алаңнан қуылды. Демек, ол Қазақстанға қарсы ойнай алмайды.  Қос қанаттан қысатын Виктор Цыганков пен Андрей Ярмоленконың жарақат алғанын білеміз. Киевке келген соң естідік. Евгений Коноплянко да ойынға шықпайтын болыпты. Жарақаты сыр берген. Украина қос қапталдан қауіп төндіре алмайды, демек. Қос қанаты зақымданған құс секілді. Айтпақшы, «латарел» деген ұғым бар футболда. Екі қанаттағы қорғаушылар зыр-зыр етіп шабуылға араласады. Александр Караваев екі ойында  қатарынан ұтымды пас шығарғаны есте әлі. Баспасөз мәслихатында қос бапкер де ағынан жарыла қоймады. Ішке не түйгендерін, қандай шешім қабылдайтындарын ойынға екі сағат қалғанда ғана ашатыны бізге мәлім еді.

    Ойын күні ойымыз сан-саққа жүгірді. Жергілікті журналист Алексей Серов сұрап қоймаған соң, өз пікірімізді айтқан едік. «Андрей Шевченко хет-трик жасайды», – деп.

— Сонда біздің команда үш гол соға ма?

— Жоқ, әрине!

— Онда қалай?

— Шевченко Франциямен 1:1 есебімен тең түсті ме?

— Иә!

— Өз алаңында Финляндиямен де дәл сондай нәтиже тіркеді ме?

— Ал?

— Ал дейтін несі бар, ертең хет-трик күтеміз.

— Қойыңыз, сонда біздің жігіттер Қазақстанмен ұпай бөлісе ме?

— Бөліскенде қандай! Және есеп те қайталанады!

      Қалжыңдасақ та, шынымызды айттық. Шынымызды айтсақ та, қалжың еді. Енді ойланып отырмыз. Қазақстан қайтер екен деп. Украина футболының білгірі секілді біраз әңгіме айтыппыз әлгі Лешаларға. Абаттың бірінші минуттан ойынға қосылатынын білеміз. Айымбетов мүмкіндікті мүлт жібермейді. Қарсыластың қорғаушысы доп алса, қысым жасайтыны да бізге мәлім. ҚФФ баспасөз хатшысы Ермұхаммед Мәуленмен ауық-ауық сөйлесіп қоямыз. Сырға берік Ермаш естігенін бізге айта ма, қалжыңға бұра салады. «Алаңға анық 11 ойыншы шығатын болды» деген сияқты. Көңілдегі құрамнан үміт күтеміз. Бәріне кезек тие ме, бірақ. Алдымен Андрей Шевченконың кімдерге сенім артатыны белгілі болды. Францияда жақсы ойнаған, екінші турда демалған Сергей Сидорчук, Сергей Кривцов және Николай Шапаренко қайта кезек алыпты. Жуниор Морастың есімі де тізімде тұр. Фин қақпасына гол соққанын ескерсе керек Шевченко. Заман-ай. Кезінде Киевтің «Динамосында» ғана емес, Донецкінің «Шахтерінде», Харьковтың «Металлисінде», Одессаның «Черноморецінде» де не түрлі таланттар жүруші еді ғой. Александр Гошкодерия мен Михаил Соколовский, Иван Гецко мен Виктор Грачев туған өлкеде футбол таланты тапшы дегенге сену қиын. Бір жылдары Днепропетровскінің «Днепрі» бүкіл Одақты «қырып» салды ғой. Олег Протасов пен Геннадий Литовченко КСРО құрамасына ілінді. Владимир Лютыйдың өзі бір төбе дегендей. Енді, міне, Мораэс пен Марлосқа күні қарап отыр Украинаның. Себебін сұраймыз ғой. Жергілікті мамандар айтады: «Соңғы он-он бес жылда Украина футболына келімсектер толып кетті. «Шахтер» Бразилия клубтарының филиалына айналды. Соның әсері. Ал біздің талантты жастар қосалқы құрамда отырып қалды». Ойпырмай, футболы өрге тартқан елдің де өз мұңы болады екен-ау.

        Талғат Байсуфиновтың тәуекелге баратыны таңғалдырды. Егер басқа біреу болса, Киллиан Мбаппенің 11 метрліктен бағыттаған добын тосып алған, тіпті турдың таңдаулы қақпашысы атанған Александр Мокинді қайта алаңға шығарар еді. Талғат ағам Стас Покатиловқа сенім артыпты. Марат Быстровтың орнына Тимур Досмағамбетовті, Темірлан Ерлановтың орнына Александр Марочкинді қойыпты. Абат та негізгі құрамда. Максим Федин тіпті тізімге енбей қалған. Айбол Әбікенге де міндет жүктелген. Францияға қарсы ойында қайрат шығарған Руслан Валиуллин мен Асқат Тағыберген, Серікжан Мұжықов пен Азат Нұрғалиев және Нұрәлі Әліп те алаңға шығады. Сергей Малый да атамекенде өнер көрсетуге бекініпті. Құрамды көрдік те, Абзалды іздедік. Бейсебеков те бапкердің ойында еді, негізі. Сәлден кейін түсіндік. Сәл сырқаттанып қалса керек. Айтпақшы, күнібұрын Ермұхаммедтен естідік. Адам тауыпты. Қазақша хабарлайтын. Қазақ жастарының бірі екен. Тіпті матчты ұйымдастырушылармен де келісіп қойыпты. Қысқасы, стадионда ақпарат екі тілде хабарланады. Дәл қазір «Олимпийскийде» екі тіл үстемдік алып тұр. Украин және қазақ тілі! Жарайсың, Ермаш! Солай болды да. Қоңыр дауысты ініміз ақпаратты менің ана тілімде жеткізіп тұрды.

       Ойын екі команданың алма-кезек шабуылымен басталды. Андрей Шевченко алаң жиегінен өз шәкірттеріне кеңес беріп тұрды. Біздің Талғат ағамыз тіпті ары таман барып алыпты. Келесі кезекте кім не істеуі керек екенін анық айтып жатты. Команда ойыншылары өз бапкерлеріне құлақ түреді. Тапсырманы тыңғылықты орындауға кіріседі. Біздің оң қанат ақсап тұр. Абзалдың орнына шыққан Досмағамбетов әзірше жігіттерге ілесе алмай жүр. Соны түсінген Зинченко сол жаққа ойысып ойнай бастады. Руслан Малиновский екеуі әбден тіл табысқан секілді. Олар 20-минутта Роман Яремчуктың есеп ашуына мүмкіндік тудырды. Покатиловқа кінә арту негізсіз. Яремчук допты алыс бұрышқа қарай айналдыра тепті. Енді не істеу керек? Үзіліс кезінде Талғат Байсуфинов шәкірттеріне тың тапсырма ұсынатын болар. Әйтпесе іс мүлде насырға шауып барады. Украина тағы екі рет қауіп төндірген еді.

       Бірінші таймнан кейін не болғанын жігіттерден естідік. Елордаға қайтып келе жатқанда. Команда капитаны Азат Нұрғалиев айтады: «Талғат Маруаұлы жүрек қылын шерте алатын маман. Бізге не айтылуы тиіс екенін анық біледі. Сөзін қайталай алмаймыз. Ол анық. Бірақ жетемізге жететіндей айтты. Дүр сілкіндік. Айтпақшы, бірінші таймнан кейін алаңнан кетіп бара жаттық қой. Сонда Серікжан сырын айтты. Өзінен сұрасаңыз да болады».     Оны білетін едік. Екінші таймда таразы басын теңестірген Серікжан Мұжықовты ойыннан кейін құттықтадық. Бүгінгі өнеріне риза едік. Сонда өзі ағынан жарылды: «Аға, сенесіз бе? Тіпті Азаттан сұрасаңыз да болады. Бүгін ұтылмаймыз дедім. Шынымен сездім, аға. Үзіліс кезінде Талғат ағамыз есімізді жинатты. Екінші таймға тас-түйін дайын шықтық». Иә, Ян Ворговский мен Марат Быстров ойынға серпіліс әкелді. Мараттың бірінші таймда демалғаны да дұрыс болған секілді. Ерекше шабытпен ойнады. Матч нәтижесі сіздерге белгілі. Борисполь әуежайында Талғат Маруаұлын да құттықтадық. Даусы қарлығып қалыпты. «Дәл қазір шаттануға да болады. Дегенмен сезімді ірке тұрған да дұрыс. Күзде бірнеше матч бар. Соған бүгіннен бастап дайындық көреміз. Жас балалар шыңдала түседі. Жарақат алған футболшылар қосылады. Бірақ деймін де, оларды қайтеміз екен, ә? Мына жігіттер де тегін орын бере салудан аулақ. Қызық енді болады. Нағыз бәсеке жүруі мүмкін».

— Ол жақсы ғой, – деді Қазақстан футбол қауымдастығының бас хатшысы Азамат Айтқожин, – бәсекелестік бар кезде сапа да артады. Демек, жігіттер өздерін қамшылап шыңдала береді.

— Әрине! Дегенмен бұл бір абыройлы сапар болды. Украинада кешегі Валерий Лобановский мектебінің бүгінгі өкілдерінен ұпай олжаладық.

— Біз де қуаныштымыз. Тек Қазақстанның ұпай алғанына ғана емес. Қазақ бапкері Талғат Байсуфинов бастап барған құраманың аяқ алысы қуантады. Түсінеміз, шаруа шаш етектен. Ендігі тағдырымыз не болатыны да белгісіз. Қай қарсыласты алсақ та осал емес. Біздің жігіттер де жеңіске бастар жолды біледі. Ізденіс керек. Бір нәрсе анық. Жан аямай күресетін команда жасақталды. Шегінуді білмейтін, ұтуға ұмтылатын ұжым қалыптасып келеді. Оған енді шын қуануға болады.

— Көбіне жастар шақырту алды бұл жолы. Осы үрдіс жалғаса ма?

— Кімдерді шақыратынын бас бапкердің өзі ғана біледі. Мүмкін, маңындағы бапкерлер. Біздер араласпаймыз. Шынын айтсам, Талғат Маруаұлының кейбір шешімдеріне таңғалдым. Мысалы, 18 жастағы Максим Самородовты Францияға қарсы ойынға шығарды. Киевте де біз күтпеген шешімге барды. Демек, Байсуфинов өзіне сенімді. Қолынан ешкім қақпайтынын түсінді. Дербес бапкер жетістікке жетеді дейді ғой. Білгені бар адам ғана тәуекелге барады. Талғат ағамыз сондай адам. Кейінгі нәтиженің қалай болатынын дәл қазір болжау қиын. Дегемен жеке өз басымда күдіктен үміт басым, Қазақстан құрамасы ұпай үшін әлі күреседі. Өз жерімізде де, сырт алаңда да. Оған шүбә келтірмеймін.

     Бас хатшы бәрін түсініп тұр. Бас бапкерде билік бар. Ол жақсы ғой. Ешкім кедергі келтірмейді. Шешімді өз штабымен ақылдаса отырып қабылдайды. Шынында да, дербес қимылдағанын байқадық. Жауапкершілікті де өзіне алатынын аңғартты. Біз қуанып жүрміз. Бас бапкер баяғы қалпында. «Мынаның отырысын қарашы, – деді басын шайқап. – Бүгін қатты қажет еді». Әкенің балаға ұрысқаны секілді. Бастан да сипайды. Көңіліне жақпаса кейіп те жібереді. Өйткені өз балалары. Ұрысуға да ерікті. Мақтауын да келістіреді. Қазақы бір жылылық бар. Әлгі «мынаның отырысын қарашы» дегенінде үлкен мән жатыр. Керек десеңіз, тәрбие бар. Отырған жігітке көз астынан қарап қоямыз. Көңіліне алмапты. Ақырын күліп қояды. Зілсіз ұрысқанын түсінгені. Демек, команданың ішкі сыры өздеріне мәлім. Бірінің қадіріне екіншісі жете алады. Ол жақсы ғой. Жақсы ойға шомып отырғанда Қазақ еліне де табан тіредік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×