Ұлттық құраманың оң қапталы қорғанысында бұрындары кімдер өнер көрсетті

08.12.2023, 18:07
Кезекті мақаламызда Вахид Масудов кезінен бергі ұлттық құраманың оң қапталында өнер көрсеткен қорғаушылар жайлы баяндамақпыз.
Ұлттық құраманың оң қапталы қорғанысында бұрындары кімдер өнер көрсетті


Ел командасын 2001 жылы тізгіндеген Вахид Масудовты Қазақстанға 4-2-3-1 тактикалық жүйесін алып келді деп жатады. Шығу тарихы Испанияда бастау алған ойын схемасының оң қапталында Тараздық бапкер Дмитрий Бяков есімді қорғаушыны қойған болатын. Нәтижесінде ел командасы үшін барлығы 33 ойын өткізген Еңбекшіқазақ ауданының тумасы 8 гол соғып, құрама сұрмергендері тарихында 5 орынға жайғасқан еді.


Масудов бастап берген 4-2-3-1 схемасын Леонид Пахомов жалғастырды. Мәселен, Португалияға қарсы жолдастық кездесуде құраманың оң қапталында Андрей Шкурин өнер көрсетті. Айта кететіні, натурализациядан өткен қорғаушының ел командасындағы ғұмыры ұзаққа бармады. Небәрі үш ойын өткізген Мәскеу тумасы құрама жейдесінде одан әрмен төбе көрсетуге құмартқан жоқ. Жоғарыда аталып кеткен Португалияға қарсы кездесуге Андрей Шкуриннің орнын Қайрат Нұрдәулетов алмастырғанын айта кетейік. Жолдастық кездесулерге қатысып шыңдалған қаптал қорғаушы ел командасында жалпы алғанда 35 ойын өткізіп, 5 голдық нәтижесімен көзге түскен болатын.


2004 жылы бапкерлік мансабында “Экибастузец” командасын жаттықтырып жақсы нәтижеге қол жеткізген Сергей Тимофеев те ел құрамасы ойындарына 4-3-2-1 жүйесін қалыптастырды. Соның нәтижесінде оң қапталда бойшаң Александр Кучма өнер көрсетті. Неміс азаматтығы бар футболшы ел құрамасында 37 ойын өткізіп, 2 гол соққан еді.


Құрама ойыншыларына жақындасу үшін олармен бірге мешітке барған Арно Пайперстің ел құрамасы тарихында алар орны ерекше. 2005 жылдан 2008 жылға дейін құрама тізгінін ұстаған бапкерде 4-2-3-1 жүйесін қолданды. Бірақ бірі қызығы бұл құрамның оң қапталында Самат Смақов өнер көрсетті. Айта кететіні, Сергей Тимофеев баптауында Самат сол қапталда ел командасының намысын қорғаған болатын. Семей футболының түлегі құрама жейдесінде 76 ойын өткізіп, 2 голдың авторы атанды. 


Арномен қимай қоштасқан құрама Еуро-2012 турниріне Бернд Шторк есімді неміс маманымен дайындалды. Іріктеуде Германия, Түркия, Бельгия сынды мықты ұжымдармен бақ сынасқан ел командасының оң қапталы қорғанысына Александр Кислицын жауап берді. Қаптал қорғаушысы үшін ұзын бойлы ойыншы (189 см) құрама сапында 2008 бен 2016 жылдар аралығында өнер көрсетті. 


Шетелдік мамандарға сенім артқан ел құрамасы бапкерлік қызметке чехиялық Мирослав Беранекті шақыртты. Өз мансабында ешқандай жетістікке жетпеген маманның тізгінінде ел командасының қапталында Константин Энгель доп тепті. Мансабының басым бөлігін Германияда өткізген ойыншы құрамада барлығы 11 ойын өткізді. Айта кететіні, Беранектің сол командасы тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Грузия мен Молдова командаларын тізе бүктірді. 


Бапкерлік мансабында “Ақжайық”, “Ертіс”, “Есіл” және “Ақсу” ұжымдарын баптаған Талғат Байсуфинов командасының оң қапталында Елдос Ахметов ылғида алаңға шығып өнер көрсетіп отырды. Тараз футболының түлегі ұлттық құрамада жалпы алғанда 17 кездесуде төбе көрсетті. Ол ел командасындағы соңғы матчтын 2022 жылы Әзербайжанға қарсы өткізді. Адиевтің тактикалық пәрмені бойынша Елдос аталмыш ойында орталық қорғаушы қызметін атқарды. Айта кететіні, Талғат Маруанұлының арқасында ұлттық құрамаға Стас Покатилов, Серікжан Мұжықов және Азат Нұрғалиев сынды тәжірибелі ойыншылар қайта шақыртылды.


Құрама тізгініне 2018 жылы Стоиловтың келуімен қапталдың оң жағында Абзал Бейсебеков тұрақты түрде өнер көрсете бастады. Болгарлық маман бұл қорғаушыны “Астана” командасынан бастап танығандықтан, оны құрамға Постниковпен бірге шақыртып отырды. Бұлардың жанына сол қапталда өнер көрсеткен Шомконы да қоса салыңыз. Елордалық ұжымдағы шәкірттеріне қорғанысты тапсырған Стоилов Абзалдың қасына Евгенийді жайғастырды. Соның арқасында Қазақстан футбол әлемінде жаңадан қалыптасқан Ұлттар Лигасында екінші орын алды. Бейсебековке қайта оралсақ. 30-жастағы қорғаушы ұлттық құрамада барлығы 47 ойын өткізіп үлгерді. Футболшы қазірде ел командасының қосынына шақыртылып жүр.


Беранектен кейін ел құрамасына Михал Билек есімді чехиялық бапкер келді. 58-жастағы маманның құрама тізігінін ұстауымен Марат Быстров дебют жасады. Молдавияға қарсы жолдастық кездесуден кейін 31-жастағы футболшы Билектің қапталдан шабуылға араласа алатын қорғаушыларының біріне айналды. Міне содан бері ол қазіргі уақытқа дейін 25 ойын өткізді. Маратты құрамға қалдырып кеткен Билек Литваға қарсы жеңілісті ойыннан кейін өз қызметінен кетуге мәжбүр болды. 


Катардағы ӘЧ іріктеу кездесулеріне ел құрамасын қайта баптауға келіскен Талғат Байсуфинов Елдос Ахметовтан бөлек, команданың оң қапталына Бағдат Қайыровты шақыртты. Дебютты ойыны Францияға қарсы өткен 30-жастағы футболшы Гризманн, Мбаппе сынды жұлдызды футболшылардың шабуылын қайтаруға қауқары жетпеді. 5 қорғаушы жүйесінде өнер көрсеткен ел командасы сол матчта 8:0 болып ұтылып, құрама тарихындағы ең ірі жеңілістердің бірін тіркеді. Содан бері “Тобыл” футболшысы Қазақстан жейдесінде 14 ойын өткізді. Бұл футболшы қазіргі бапкер Магомед Адиевтің Марат Быстровпен қоса үлкен сенім артар футболшыларының бірі. Жалпы Еуро-2024 турниріне жолдама аларға бір қадам қалғанда жарақат алып қалған Қайыров ел құрамасының Словенияға қарсы кездесуінде жетіспегендігі қатты байқалды. Командадағы ойын тәжірибесі аз, Адиев нұсқасында оң қапталға жақын орталық қорғаныста өнер көрсеткен Марат Быстровтың шешуші ойында бір-кем қателіктері ойын тағдырын қарсыластың пайдасына шешкен болатын. Беньямин Вербичтің сол бір қауіпті шабуылын тойтарғанда үкілі үмітіміз су сепкендей басылмаспа еді?!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×