Ұлан Қонысбаев: Самат Смақов жарақат алған кезден бері көмегін аяған жоқ

28.06.2018, 04:03
Ұлан Қонысбаев: Самат Смақов жарақат алған кезден бері көмегін аяған жоқ
Осыдан екі жыл бұрын алған ауыр жарақатынан айыққан «Ақтөбенің» ойыншысы Ұлан Қонысбаев клубтың баспасөз қызметіне берген сұқбатында қазіргі жағдайы туралы, басынан өткен қиыншылықтары мен қолдау көрсеткен адамдар туралы айтып берді. - Ұлан, қайырлы күн. Ең бірінші сұрарым өткен ойындар туралы болмақ. Сіз 17 маусым күні Қобыланды батыр стадионында «Ақтөбе» мен «Ордабасы» ойынында алаңға екінші таймда шыққан едіңіз. Одан кейін біздің команда сырт алаңда «Тобылды» жеңіп келді. Сол өткен ойындар жайлы айтып берсеңіз? Сіздің қандай сезімді бастан кешкеніңізді өзіңізден басқа ешкім жақсы айтып бере алмайды. Алған әсеріңізбен бізбен бөліссеңіз? -Бұл ойындар біз үшін өте маңызды болатын. Екі матчта да жеңіске жетіп, жанкүйерлерді қуанта алдық. Өздеріңіз білесіздер, мен ауыр жарақаттан кейін екі жыл алаңға шықпадым. Бапкерлік штаб маған сенім артып, ойынға қосты. Әрине, ұзақ емделгеннен кейін тезірек ресми ойындарға қатысып, командаға пайдаңды тигізгің келеді. Сол үшін де бапкерлік штабқа, клуб басшылығына алғысымды білдіремін. Мен «Ордабасы» командасымен болған ойында алаңға шыққанымда жанкүйерлердің маған деген қолдаулары ерекше болды. Мен оны көрдім. Оған қоса, сол ойын менің «Ақтөбе» жейдесіндегі алғашқы ойыным болатын. Маған өте ұнады. Барлық ақтөбелік жанкүйерлерге рақмет айтқым келеді. Қазақстандағы ең мықты жанкүйерлер осы Ақтөбеде деп айтсам қателеспеймін. Басқа қалаларда бұндай жанкүйерлерді көрмейсің. Турнирдің соңғы жағында келе жатсақ та командаға деген сенімдерін өшірмей келеді. Сол сенімдерін ақтау керек. Құдай қаласа, алдағы уақытта командама пайдамды тигізе бергім келеді. - Сіз алған ауыр жарақаттан соң көпшілік футболға қайта оралу мүмкін емес деп жатты. Бабыңызға қайта келуіңіз қалай өтті? Қасыңызда кім болды? «Ақтөбеге» қалай жолықтыңыз? - Маған сол кездер өте қиын болды. Иә, маған үмітсіздікпен қараған адамдар да, қолдап, демеу берген жандар да аз болмады. Қасымда үнемі жақын адамдарым, достарым болды. «Ақтөбеге» қалай жолыққаныма келсек, ең әуелі маған команданың қазіргі бас директоры Самат Кабирұлы хабарласып, хал-жағдайымды сұрады. Одан әрі командамен бірге оқу-жаттығу жиынына бару туралы ойымды білді. Кезінде Самат ағамен бірге ойнаған едік. Жарақат алған соң да үнемі қасымнан табылып, көмегін аямады. Мен ұлттық құрамада жарақаттанған кезде мен заң жүзінде «Астана» футбол клубының ойыншысы едім. Келісім-шарт аяқталған кезде «Ақтөбеден» осындай ұсыныс түсіп, ойланбастан келісімімді бердім. Кемедегінің жаны бір демекші, Самат Кабирұлы да кезінде Ростовта ойнап жүргенде жарақат алып, қатты қиналғанын білемін. Мен Самат Кабирұлына менің жағдайымды түсініп, маған мүмкіндік бергені үшін көптен-көп рақметімді айтамын. - Команда ойыны жайлы айтсаңыз. Көптеген мамандар «Ақтөбенің» әдемі ойын көрсетіп жүргенін баса айтуда... - Әр тур өткен сайын команданың ойыны жақсарып келе жатыр. Команда қазір төменгі орындарда келе жатқанына қарамастан, нашар ойнап жатыр деп айта алмаймыз. Мықты-мықты ойыншыларымыз бар. Ақырындап жоғары көтеріліп келе жатырмыз. Жігіттер жандарын салып ойнап жүр. Егер осылай жалғастыра берер болсақ, біз біраз жетістікке жете аламыз. Мен бұған сенем. Барша жанкүйерлерді 1 шілде күні «Шахтер» командасымен өтетін ойынға шақырамын. Келіңіздер, жеңіске бірге жетейік.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×