Қазақстанның футбол клубтары қысқы кезеңде жаппай оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін шет елге ағылады. Бұрын барлығы Түркияға аттанып жаңа маусым басталғанша сонда дайындығын пысықтаса, соңғы жылдары кейбір клубтар Біріккен Араб Әмірлігіне баруды шығарды. Әрбір өткізген жиын қып-қызыл ақша. Сонымен біздің командалар қысқы маусымда қанша қаражат жұмсайды? Осы сауалға жауап іздеп көрелік.
Қазақстандағы клубтардың 99 пайызы оқу-жаттығу жиынын Түркияда өткізеді. Өйткені, Анталияның 5 жұлдызды кез келген қонақ үйінің ауласында кемі 5-6 футбол алаңы бар. Яғни, Анадолы елінде футбол клубтарының тыңғылықты дайындалуына барлық жағдай жасалған. Бұл қанша жылдан бері түрік кәсіпкерлерінің басты кәсібі десек те болады. Тек қазақстандықтар ғана емес Түркияға жылына әлемнің 70-тен аса мемлекетінен командалар арнайы келіп, оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Сондықтан, мұнда клубтар жолдастық кездесуге қарсылас іздеп әуре болмайды. Ойын мәнері мен деңгейіне қарай командамен өзара келісіп ойнай береді. Осы жағынан Түркия өте ұтымды жер. Бірақ, жып-жылы Жерорта теңізінің жағалауында айлап жатып, дайындық жүргізуге аз ақша кетпейді. Сыбайлас-жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы Бірінші лигада ойнаған Түркістанның «Тұраны» Түркиядағы ОЖЖ-на 114 миллион теңге жұмсаған. Жалпы құзырлы органның есебі бойынша Түркияға барған әр команда 130-170 миллионның шамасында шығындалады екен. Ал «Астана» ФК Түркиядан бөлек БАӘ дайындалуды әдетке айналдырып, 2018 жылдан бері елордалықтардың бюджетінен 1 млрд. теңге кеткен. Әрине, «Самұрық-Қазына» Ұлттық Қоры үшін бұл түк емес. Жалпы 2018-2023 жылдар аралығында қазақстандық клубтар шет елдегі оқу-жаттығу жиындарына 6,4 миллиард теңге құртыпты. Өзге мемлекетке төгілген есіл ақша! Ал биыл шымкенттік «Ордабасы» өз тарихында алғаш рет Дубайда дайындалуды ұйғарыпты. Өткен жылдың желтоқсанында бөлінген 900 миллионнан астам теңгенің бір бөлігі осыған жұмсалатын секілді.
Жалпы неге өз еліміздің оңтүстік өңірлерінде клубтардың дайындық жүргізуіне қолайлы инфрақұрылым жасап, мемлекеттің қаржысын елде сақтап қалмасқа? Тараз, Шымкент, Алматы секілді климаты қолайлы қалаларда кәсіпкерлер қонақ үймен бірге футбол базаларын салса шетел асып не бар? Қазір Қазақстанда ешқайда бармай-ақ тыңғылықты дайындық жүргізе алатын бір ғана клуб бар. Ол – «Қайрат». Алматылық команданың базасы әлемдегі озық технологиялармен жабдықталып, алаңның түр-түрі бар. Қайраттықтар тек жолдастық кездесу өткізу үшін Түркия немесе БАӘ баруға мәжбүр. Егер елімізде осындай базалардың үш-төртеуі болса шетелге мемлекеттің қыруар қаржысы кетпес еді.
Біздің серіктес: FONBET