Тоқтар Жаңғылышбай: «Шахтердің» арқасында танылдым

14.07.2018, 15:14
Тоқтар Жаңғылышбай: «Шахтердің» арқасында танылдым

Қазақ футболының ең әлсіз тұсы шабуыл шебі екенін көзқарақты жанкүйер жақсы біледі. Ел чемпионатында ең үздік сұрмерген атағы жыл сайын шетелден келген шеберлердің қанжығасында кетеді. Ел футболындағы осы осал буынның кетігін аз да болса жамап жүрген шабуылшылардың бірі Тоқтар Жаңғылышбай екені сөзсіз. Қазір «Қайсар» командасында доп тебетін Тоқтар prosports.kz тілшісіне сұқбат беріп, ойларымен бөлісті. Өткен маусымда «Қайсар» чемпионатта үздік алтылықтың қатарында болды. Биылғы ойындарыңызға қандай баға бересіз, маусым қалай өтіп жатыр? Өткен маусым біз үшін сәтті болды деп айта алам. Ал биылғы маусым олай емес. Қазір турнирлік кестеде тағы 2-3 саты жоғары тұруымыз керек еді. Жеңуге тиісті матчтарда жеңе алмадық. Кейде тіпті ашық тұрған қақпаға 2-3 метр жерден голсоға алмай өкініште қалған сәттеріміз болды. Алда осындай қателіктер жібермей, барынша көп ұпай жинап, тек жоғары жетістікке жетуге тырысамыз. Биыл алға қойған мақсаттарыңыз қандай, былтырғы нәтижені жақсарта аласыздар ма? Осы жылы алға қойған мақсатымыз - өткен маусымдағы үздік 6-шы орыннан жоғары көтерілу. Және бұл белесті бағындыра аламыз деп үміттенемін. Сіз жанкүйер қауымға ерте танылдыңыз. Сонау жылдары «Шахтер» сапында жүрген кездің өзінде сіз ақпарат құралдарының назарын жиі аударатын футболшы болатынсыз. Сол уақыттан бері өзіңізде қандай өзгерістер бар? Иә, кәсіби түрде өнер көрсетіп жүргеніме 5-6 жылдан астам уақыт болды. 2014 жылы «Шахтер» командасының атағы аспандап тұрған кезі болатын. Сол «Шахтердің» арқасында халықтың маған да ықыласы ауған кездері есімде. Ол кезбен салыстырғанда біраз өзгерістер болды. Тәжірибе жинап, шеберлігімді шыңдауға тырысып келемін. Жоғарда айтқанымыздай, жас болсаңыз да қазақ футболындағы тәжірибесі мол ойыншылардың бірісіз. Қазіргі қазақ футболының дамуына көңіліңіз тола ма? Бүгінде қазақ футболының қарыштап дамып келе жатқаны сөзсіз. Әсіресе, жасөспірімдер футболына көп көңіл бөлінуде. Осы жолдан таймасақ еліміз аладоп өнерінің болашағы жарқын болады деген ойдамын. Еліміздің ең мықты клубы деп қай команданы атар едіңіз? Ең мықты клуб «Қайсар» деп есептеймін. Сіз «Астана» мен «Қайрат» сапында да өнер көрсеттіңіз, екі клубтың айырмашылығы мен ұқсастығы неде? Ұқсастығы: екеуі де алға биік мақсаттар қоятын үлкен клубтар. Ал айырмашылығы «Қайрат» техникалық футбол көрсеткенді жақсы көреді. «Астана» командасы керісінше ойыншылардың физикалық әлеуетіне көп мән береді деп есептеймін. Жиі команда алмастырасыз. Жылына бір клуб деуге де болады. Бір жерде тұрақтап өнер көрсетуге не кедергі? Иә, жиі клуб алмастыратыным рас. Бірақ, бұл жағдайға тек мен ғана кінәлі емеспін. Мен тек «Қайрат» пен «Астанадан» ғана өз еркіммен кеттім. Себебі, ол жақта алаңға көп шыға алмадым. Өз болашағымды нақты елестете алмадым да, кетуге бекідім. «Жетісу» командасымен келісімшартым аяқталмаған болатын. Өкінішке орай олар төменгі лигаға түсіп қалды. Премьер лигада өнер көрсету үшін басқа команда іздеуіме тура келді. Ал «Ақтөбе» мен «Тобыл» командалырының басшылары клубқа керек еместігімді айтты. Команданы көп алмастыруыма осындай жағдайлар себеп болды. Команданы жиі ауыстыру қазақ футболына тән ерекшелік деуге де болады. Біздің елде неге шетелдердегі секілді 4-5 жылға келісімшарт жасаспайды? Иә, ол сөзіңіз рас. Бізде «Қайрат» пен «Астанадан» баска ұзақ уақытқа келісімшартқа отыратын командалар жоқ десек те болады. Менің ойымша, ондай деңгейге жету үшін біраз уақыт керек болатын шығар. Еліміздің бірнеше облысында доп теуіп көрдіңіз. Сіз барған қай өңір футболға ерекше ден қояды? Барлық жерде футболға жақсы көңіл бөлінеді. Соның ішінде Алматыда футбол ойнауға барынша жағдай жасалған. Сіз бір кездері жейдеңізге фамилияңызды қазақ әріптерімен жаздырып жүрдіңіз, Жаңғылышбай деп. Өзіңіз осылай жазуды талап етесіз бе, әлде клуб қызметкерлері өздері дайындай ма? Клуб қызметкерлері өздері дайындайды. Бұл жерде айта кетерлігі, жеке куәлікте қалай жазылса, формаға да солай жазады. Соңғы үш ойында алаңға шыққан жоқсыз? Аздаған жарақатым болды. Келесі ойындарға дайынмын, бас бапкер мүмкіндік берсе өнер көрсететін боламын. Еурокубоктарда бақ сынайтын клубтарымызға жанкүйер болып, ойындарын тамашалайсыз ба, қай команданың топтық кезеңге өтуге мүмкіндігі бар? Уақытым болғанда қалдырмай тамашалауға тырысамын. Менің ойымша, барлық командаларда өте жақсы мүмкіндік бар. Әрине ол мүмкіндікті пайдалана алса. Ұлттық құрама жайлы айтсақ, соңғы ойындарына қандай баға бересіз, «Ұлттар лигасында» мүмкіндігіміз қандай? Бас командамыз өте керемет өнер көрсетіп жүр. Ойындарына көңілім толды, қызығып тамашаладым. «Ұлттар лигасында» жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндігіміз мол. Қазақстанда жас жеткіншектер үшін кәсіби футболшы болудың мүмкіндігі қандай? Қиындықтар неде? Ата-аналарға баласын футболға беруге кеңес бересіз бе? Қазір жас балалардың футбол ойнауына жақсы жағдай жасалған. Жоғары деңгейдегі бапкерлер, сапалы жасыл алаңдар, жаңа доптар. Енді тек ерінбей еңбек етсе болғаны. Әр баланың жақсы футболшы атануға толық мүмкіндігі бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×