Тараздық теңбіл доп тарланы

09.12.2010, 19:25
Тараздық теңбіл доп тарланы
Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде келесі жылы «лимиттік» жастан асатын футболшылардың жайын талқылап («21 жасқа дейінгілер жеңілдіктен қағылмақ»), оларды әлдебір ойлар мазалап, бойларын жаңа маусымға деген сенімсіздік билегенін де атап өткенбіз. Бірақ мұның барлығы 1989 жылғы футболшымыз Ұлан Қонысбаевқа қатысты емес көрінеді. Бұлай деп айтуымызға Ұланның газетімізге берген сұхбаты себеп болды.
– Ұлан, келесі жылы «лимитчик» құ­қыңнан айырыласың. Негізгі құрам­да­ғы өз орныңнан айырылып қаламын деп қорықпайсың ба?
Жоқ, команда басшылары маған үл­кен сенім артуда. Сенімдерін ақтауға тырысамын. Негізгі құрамдағы орнымнан айы­рылып қалмау үшін бар күшімді саламын. Ал шынтуайтына келсек, Тараз дарынды жастарға кенде емес. Бұрын «лимитчик» кезімде де 21 жасқа толмаған талантты ойыншылармен бәсекелескенмін десем болады. Ол кезде де бапкерлерге өзімнің қажеттілігімді дәлелдегенмін. Рас, енді екі есе тер төгуім керек. Өз орнымнан айырылып қалмаудың қамын жасауға тиіс­пін. Дегенмен бұл сынақтан да мүдір­мей өтемін деген үміттемін.

Ұлан ҚОНЫСБАЕВ

Ұлты: қазақ Туған жылы: 28.05.1989 ж Туған жері: Тараз қаласы Бойы: 175 см Салмағы: 69 келі Клубы: «Тараз» Алаңдағы орны: қапталдағы жартылай қорғаушы Клубтық нөмірі: 7 «Таразбен» келісімшарты: 2011 жылдың соңына дейін

Биыл премьер-лигада 32 ойын өткізіп, үш гол соққан. – Жалпы, «Таразбен» келісімшар­тың қай кезге дейін? – Әлі бір жылым бар. 2011 жылдың соңында келісімшартым бітеді. – Клуб басшылары келісімшар­тың­ды ұзарту туралы ұсыныс тастаған жоқ па? – Келесі жылы болмаса, биыл әлі бас­шы­лық үнсіз. – Ал басқа командалардан шақыр­тулар болып жатыр ма? – Бұл жайында маған тікелей ешкім хабарласқан жоқ. Бәлкім, басқа командалардан түсетін ұсыныстар жаңа жылдан кейін болатын шығар. Әдетте, солай болатын. Бірақ менің «Таразбен» әлі бір жыл­дық келісімшартым барын ескерсек, қа­зақ­стандық клубтардан көп ұсыныс болады деп айта алмаймын. – Клубтағы футболшылардан команданы тастап кеткендері бар ма? – Әлі тыныштық. Ешқайсысы «Тараздан» кеткен жоқ. Тіпті Антон Землянухин де – әзірге «Таразда». Дегенмен барлығын қысқы маусымаралық үзіліс шешеді. – Соңғы жаңалықтардан хабардар шығарсың. «Тараздан» Дмитрий Огай кетіп қалды... – Иә, естідік. Естідік те, өкіндік. Дмитрий Огай секілді бапкерлер Қазақстанда көп емес, саусақпен санарлықтай-ақ. Ұс­тап қалу керек еді. Аз ғана уақыттың ішінде Дмитрий Алексеевич бізге көп нәрсе үйретті. Келесі жылы «Таразды» жүлделі орын­дарға көтеретін шығар деп үміт­тен­генбіз. Енді жаңа бапкер Огай секілді бола ала ма, сол жағы уайымдатады. Ал Алексее­вич Ресейдің жоғарғы ли­га­сын­да­ғы «Сибирь» клубына кетіпті. Клуб бас­шы­лы­ғы оған команданы премьер-лигаға шы­ғаруға тапсырма берді деп естідім. Өз басым, Огай тапсырманы бір жылдың ішін­де-ақ орындай алады деп ойлаймын. – Енді команданың келесі оқу-жаттығу жиыны қашан болады? Оған футболшыларды кім дайындайды? – Қазір бәріміз демалыстамыз. Бірінші оқу-жаттығу жиыны осы айдың 17-сінде бас­талады. Ешқайда шықпаймыз, жатты­ғу­дың барлығы Таразда өтеді. Кімдердің ко­мандада қалып, кімдердің кететіндері де сол кезде анықталатын шығар. Ал футболшыларды өзіміздің бапкерлердің бірі уақытша жаттықтыруы мүмкін. – Былтырғы жылы «Тараз» премьер-лигада 8-орынға тұрақтаған еді. Биылғы жылды 9-орынмен аяқтап отыр. Бұл сәтсіздікке не сеп болды? – Оны өзіміз де түсінбей қалдық қой. Бір қарағанда бәрі жақсы сияқты көрінетін. Бірақ іркес-тіркес жеңілістеріміз көбейіп кетті. Тіпті жанкүйерлердің бетіне қарай ал­май кеткен кездеріміз де аз болған жоқ. Жү­йелі ойын көрсете алмай, әбден әбі­гер­ге түстік. Қазір бұл сәтсіздіктерді жуып-шаю үшін әртүрлі сылтау іздеп жүр­міз. Бі­рақ басты себеп – бапкерлерді жиі ауысты­руда болған сияқты. Санап қа­расам, Влади­мир Фомичев, Ойрат Садуов, Игорь Ур­саки, Анатолий Бельский, Дмитрий Огай, бір жылдың ішінде команданы төрт жат­тықтырушы жаттықтырыпты. Әлбетте, мұ­ның барлығы өз кесірін тигізбей қойған жоқ. – Ұлттық құраманың да бас бапкері әлі анықталмағанын білесің. Қалай ойлайсың, еліміздің бас командасына бапкерді шетелден шақырту керек пе, әлде өз мамандарымыз дұрыс па? – Басқалардың қалай ойлайтынын біл­меймін. Өз басым ұлттық құраманың бас бапкері шетелдік болу керек деп санаймын. Бірақ біліктілігі төмен мамандарды шақырудың қажеті жоқ. Ұлттық құра­ма­ны түлете алатын білікті маман керек.

Автор: Әзиз Жұмаділ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×