
Отандық футболсүйер қауымға жақсы таныс ардагер Алмас Құлшынбаев Дастан Сәтпаевты міндетті түрде ұлттық құрама қатарына шақырып, мүмкіндік беру керек деп есептейді.
«Дастан жаңа маусымның бірінші матчында өзін жақсы қырынан көрсете білді. Десе де, оны ұлттық командаға кішігірім аванс ретінде шақырған секілді. Бірақ неге олай етпеске? Егер Сәтпаев Қазақстанның ойындарында алаңға шығатын болса, «Астанамен» болған матчтағыдай кей сәттерде жарқ ете қалуы мүмкін. Меніңше, Дастан Сәтпаевтың физикалық мүмкіндіктері ұлттық командада дебют жасауға жеткілікті. Енді жоқ дегенде оны бірінші командаға шақырып, үйрете беру керек шығар. «Челсидің» футболшысы болғандықтан емес, «Қайраттың» жейдесіндегі өнері үшін мүмкіндік беріп көру керек», - деді танымал маман.
Айта кетейік, ҚПЛ-дің бірінші турындағы «Астана» - «Қайрат» бәсекесінде Дастан Сәтпаев алаңға бірінші тайм барысында шығып, 69-минутта мергендік танытты. Бұл 16 жасар шабуылшының ҚПЛ-дегі дебюттік голы.
Біздің серіктес: FONBET