Талғат Байсуфинов: «Топтағы қарсыластарымыз бізді елемеуі мүмкін, ал біз осы мүмкіндікті пайдалануымыз керек»

07.01.2021, 21:06
Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчын наурыз айының соңында өткізеді.
Талғат Байсуфинов: «Топтағы қарсыластарымыз бізді елемеуі мүмкін, ал біз осы мүмкіндікті пайдалануымыз керек»

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов YouTube-тағы «SportsTrue» арнасына берген сұхбатында 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің алдындағы жолдастық кездесулер туралы, Жоао Паулоны құрамаға тарту және Меркель мен Жуковтың жоқтығы туралы айтты, сондай-ақ Исламханды дисквалификациялау туралы өз пікірімен бөлісті.

- 2021 жылға 8 ресми матч жоспарланған, мүмкін, бір-екі жолдастық кездесу болатын шығар.

- Бұл өте қиын, әсіресе наурыз айында: барлық командалар іріктеу кезеңіне қатысады. Біз қарсыластарды іздеп көрдік, Литва мен Косово 24 және 25-ші наурыз күндері бос екен.

Ал келесі күні Косово біз сияқты өз алаңында матч өткізеді, Литва Швейцарияға аттанады. Біз үшін жағдай, әрине, қиын болып тұр.

Біз мұны ұлттық құрамалар департаментінің директорымен, федерациямен бірге талқылап жатырмыз. Қаңтардың ортасына таман нақты ақпараттар пайда болуы мүмкін.

- Федерация басшылығы биыл ұлттық құрамадан не күтеді?

- Өте қызықты топ. Белгілі бір ұпай туралы айтудың қажеті жоқ. Басты мақсатымыз - болашаққа команда құру, жаңа дарынды футболшыларды іздеу, осындай мықты командалармен ойнау және халықаралық тәжірибе жинақтау. Іріктеу кезеңіндегі мақсатымыз туралы айтатын болсақ - мүмкіндігінше көп ұпай жинап, жақсы футбол көрсету.


- Топтағы көшбасшыларға қарсы матчтарда Қазақстан құрамасынан шабуылға лап қоятын, агрессивті футболды көре аламыз ба?

- Менің ойымша, бұл тек Франция мен Украинаға қарсы матчтарда ғана болмайды. Біз әр ойынға тыңғылықты дайындаламыз және өз схемамыз болады. Мүмкіндігінше жоғары көтерілуге тырысамыз деп айтқым келеді.

- Стандарттармен жұмыс істеуге ерекше назар аударғыңыз келе ме?

- Біз барлық мүмкіндікті пайдалануға тырысамыз. Не болатынын кейінірек көреміз. Бастысы қарсыластарымыздың ойынын жақсылап талдауымыз керек. Біз, шын мәнінде, олар үшін осал команда болып табыламыз. Олар бізді елемеуі мүмкін, ал біз осы мүмкіндікті пайдалануымыз керек.

- Сіз біздің команданың қалай ойнау керектігін білесіз бе? Біздің команда үшін оңтайлы ойын моделі қандай?

- «А», «В» және «С» нұсқасы бар. Әрбір қарсылас үшін тосынсыйлар болады. Бұл нені білдіреді - құпия болып қалсын.

- Меркель мен Жуковты ұлттық құрамада қайта көре аламыз ба?

- Жағдай қазір шиеленісіп тұр. Бар мәселе құжаттарда болып тұр. Бұл олардың шешімі. Заңға сәйкес, біздің елде қос азаматтық алу мүмкін емес, сондықтан олар шешім қабылдауы керек. Меркель мен Жуковтан басқа, Қазақстан құрамасында ойнай алатын ойыншылар бар. Бірақ олар жергілікті футболшыларға қарағанда әлдеқайда мықты болуы керек деп ойлаймын. Бұл мәселе де талқылануда, бірақ біз оған көп тоқталмадық.

- 32 жастағы бразилиялық Жоао Пауло дәл осы іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасына пайдалы ойыншы болар еді...

- Егер біз жаңа дарынды жергілікті футболшыларды іздесек, онда бізде бәсекеге түсе алатын және ұлттық құраманың есігін қағып жатқан жас ойыншылар бар, мысалы, Жақсылықов. Біз оларға кем дегенде оқу-жаттығу жиынына қатысуға, кеңейтілген тізімге енуге, ұлттық құраманың аурасын сезінуге мүмкіндік беруіміз керек. Жоао Пауло - өте сапалы, техникасы мығым шабуылшы. Ия, мұндай ойыншылар ұлттық құрамаға қажет. Бізде жергілікті, дарынды ойыншылар бар, оларға сену керек. Әрі қарай бұл өздеріне байланысты болады. Менің пікірім - ол кез-келген қазақстандық клубта ойнасын, біздің чемпионатымызды жақсы жағынан көрсетсін, оған ұзақ ғұмыр тілеймін, бірақ мен өз басым қазақстандық футболшыларға басымдық беремін.


- Исламхансыз ойнау керек екенін білгенде сізге қандай ойлар келді?

- Бұл ұлттық құрама үшін үлкен шығын. Бірақ менің ойымша, оның позициясында ойнай алатын жігіттер бар... Мен бұл позицияда ойнайтын кез-келген футболшыға: «Ал, енді сен өзің үшін де, сол жігіт үшін де ойнауың керек» деп айта аламын. Менің ойымша, бізде оның орнын баса алатын жігіттер бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×