Ресейдің мәдени астанасы Петерборда мәдениетсіздеу оқиға орын алды. Мамыр айының соңында келген Мексика құрамасының нәзік жанды жанкүйері 8-маусым күні такси жүргізушісіне 6 мың рубль беріпті. Кейіннен анықталғандай, жолаушы небәрі 2 шақырым жер жүрген. Такси жүргізушісі одан 7 мың рубль төлеуін талап еткен.
Алайда, мексикалық мейман ондай сомам жоқ деп жауап қатқан. Есіктердің бәрін бұғаттап тастаған ашулы жүргізуші "ақша бермесеңіз көліктен шықпайсыз" деп қоқан-лоққы көрсетеді. Мұхиттың ар жағынан мундиаль көруге келген қонақ қыз қалтасында бар 6 мың рубльді ұстатады да, таксиден босап шығады.
Полиция қызметкерлері автокөліктің маркасы BMW екенін анықтап, тіпті көлік иесін де белгілеп алыпты. Алайда қазір көлік те, жүргізуші де табылар емес. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы Астанада ЭКСПО көрмесі кезінде де бір такси қызметкері өз қызметі үшін венгриялық қонақтан 40 мың теңге көлемінде ақы алған еді.