Тағыбергенге тағы бір маусымды қимаған «Ордабасы» оңа ма?

26.12.2024, 16:46

Былтыр топ жарып, Чемпиондар Лигасында ел намысын қорғаймын деп қор болған, ҚПЛ-2024-те де сондай күй кешкен «Ордабасыны» біраз өзгерістер күтіп тұрғанға ұқсайды.

Тағыбергенге тағы бір маусымды қимаған «Ордабасы» оңа ма?
Асхат Тағыберген командаластарымен

Шымкенттік клуб басшылығы бас бапкерден бастады. Сол биылғы еурокубокте шеберлік сабағын өткізген «Петрокубтың» бас бапкеріне тізгін ұстатып, келесі жылдан зор үміт күтеді. Білек сыбанып іске кірісіп жатқан жаңа жаттықтырушы «Ордабасының» жаңаратынын айтты. Сол сияқты команданың бұрынғы жүйесінен де кей дүниелерге тиіспейтінін тілге тиек еткен.

Андрей Мартин, “Ордбасы” ФК бас бапкері;

«Маған дейін болған озық үлгілерді сақтап қалып әрі жаңа бірдеңелерді де енгізсем деймін. Команда, сөзсіз, жаңарады. Бірақ мұны сапалы деңгейде іске асыруға тырысамыз».

Жаңа жаттықтырушының құрамды қайта жасақтап, жалпы ойын жүйесіне бір өзгерістер енгізетіні бесенеден белгілі дүние ғой. Осы тұрғыда молдовалық маманның да бірдеңе істейтіні қалыпты жағдай. Бірақ Мартиннің «озық үлгілеріне» Бауыржан Исламхан мен Асхат Тағыберген кірмейді екен. Шыны керек, Баторидің еркін агент атанған соң шырайлы шаһардан кететіні жаңалық болмаса, Тағыберген туралысы біртүрлі екен. Біздіңше, Асхат биылғы маусымды жалпы өз деңгейінде өткізді. Ұлттық командада да алдыңғы қатарда жүретін жартылай қорғаушының Шымкенттегі беделі мызғымайтындай көрінетін.  Сөйтсек, олай емес екен. Әрине, кез-келген оқиғаның аяқталып, талай мықтымен қош айтысатын уақыттың болатыны түсінікті. Бірақ оның өз жөні болады. Тағыбергеннің алаң мен одан тыс та нағыз көшбасшы екеніне, командадағы тентектерді тезге салып жіберетін беделі жайлы (Артем Бесединмен болған жағдайды айтып тұрмыз) жақсы білеміз. Қалай десек те тарихында тұңғыш рет чемпиондықты алуына қомақты үлес қосқан ойыншы осылайша «Ордабасыға» керек болмай қалыпты деп естіп отырмыз. Кім білсін, Асхаттың да өз ойлағаны бар шығар, алайда, шымкенттік командаға әлі де пайдасын тигізетіндей қауқары бар еді ғой. Оның «Ордабасыдан» кеткен соң да жаман болмайтыны анық ал шымкенттік команданың қазіргі капитанысыз жағдайы қалай болар екен? Ойын жасап, айналасына айбат, жастарға жігер болған футболшысыз клубтың берекесі қашып жүрмесіне кім кепіл?..

Өткен маусымда «Ордабасыда» 34 жастағы футболшыдан көп ойнаған адам жоқ. Тағыберген ҚПЛ-2024-те 24 кездесуде жасыл алаңға шықты. Бір гол салды, жалпы ұжымның жүрегі болды. Ал чемпиондық мауымда шымкенттік клубты тіптен Асхатсыз елестету мүмкін емес еді. Нағыз капитанға сай алаңда ең көп уақыт өткізді – сол 24 ойынынан төмендеген емес. Бұл аз десеңіз 23-жылғы маусымда 11 рет мергендік танытты. Тағыбергеннің позициясы үшін бұл керемет нәтижелілік! Сол маусымдағы ең үздік сұрмерген атанған Садовскийде 4, Абдухоликовте 7 нәтижелі соққы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×