Сатылды-ау деймін...

05.08.2011, 20:52
Сатылды-ау деймін...

Егер халық сатылған ойындарды білетін болса, мүлдем футбол қарамай кетер ме екен?! Әй-қайдам, футбол бәрібір адамды дуалап алған ғой. Қолыңды бір сілтегенмен, артынан басыңды сүйретіп теледидардың алдынан бір-ақ шығасың. Кешегі қазақ футболының бүгінгі биігі «Ақтөбе» де әудем жерге аяқ созғанмен, басына қонған бақыт құсын өз қолымен ысырып тастағандай болды.

Қаба сақалды таулықтардың небір қалталы жомарттары бар. «Алания» үшін астындағы ер-тоқымын шешіп беретін шешендер «Ақтөбемен» өткізген әуелгі кездесуді көргеннен соң біраз ойланған болуы керек. «Біздің алаңда он адаммен жүріп ойқастаған «Ақтөбе» өз алаңында шаңына ілестірмес» деген ой «Аланияның» айналасында жүрген кез-келген білгірлердің ойында болды. Бірақ, олар үшін келесі кезеңге өту ауадай қажет еді.

Расында топтық кезеңге дейінгі қарсыластардың ішінде «Ақтөбеге» ең қауіпті команда осы «Алания» болатын. Бірақ, әуелгі ойынға қарап баға берген мамандардың барлығы «Ақтөбенің» мерейі үстем болады деп бекерге тон пішпеген болар. Әрине, болжам болжамымен. Бірақ, бұл болжам шындыққа да жақындау еді ғой. Мінезді, азулы, қажырлы деп айдар таққан «Ақтөбенің» кешегі мәреге жақын минуттар мен соңғы секундтар сылдыры естілер мерзімде шал тартып, қайраты кеміген қария секілді дәрменсіз күй кешкені қалай? Ғұмырында экстра-тайм ойнап көрмегендей өз аяғына өзі жығылып, өз сирағына өзі сүрініп мазақ болғаны қалай? Жарайды, 10 ойыншымен оңай болған жоқ делік. Бірақ, «сэр» деген атаққа лайық Владимир Мухановтың алаңда сүлдесі қалған футболшыларына көз жұма қарап, Бадлодан басқа бірде-бір ойыншы алмастырмағанына не жорық?! Бәйге бітпей берілгені ме, әлде жоспар солай болды ма екен?

Әрине, біз футбол маманы емеспіз. Сонда да, өз пікірімізді ішімізге тығып қалғымыз келмейді. Меніңше, бұл ойын сатылған сияқты. Әрине, сатып алу бүкіл командаға жария етілмесі анық. Бір футболшыны ұстайды және соны құрбан етеді. Әрине, ол кешегі мардымсыз ойынымен көзге түскен Малик Мане болуы әбден мүмкін. Егер, «Аланиямен» бірінші ойынды көрген болсаңыз, Малик Маненің кешегі доп тебісін кәсіби футбол санатына қосуға келмейді. Тұсауын жаңа кескен баладай «салбыраңқы» тартып, ойын сценарийін өзі жазғандай күй кешті. Құдды аяғына біреу қорғасын байлап қойғандай.

Қош делік. Кешегі ойынды қарап, «Аланияның» басым болғандығын бірден аңғарасыз. Ал, «Ақтөбенің» еңсесі төмен, жанары жалтақтау болды. Бұрынғыдай айбар жоқ, мінезінен уақытша ажырағандай.

Ал, пенальтиге келсек. 11 метрлік аяқ допты мығым тебетін бір адам жоқ. Стандартты орындаушының бірі әрі бірегейі Самат Смақовтың өзі көлеңкеде қалып қойды. Мане мен Джилластың қауқарсыз соққысын есептемегеннің өзінде, Кенжисариев пен Хайруллиннің өзі қауіпті соққы жасай алған жоқ. Ал, қақпаның қос бұрышын зымырандай тесіп өткен «Аланияның» соққылары Бойченконың серпілуін күтпестен қақпаға тоғытылып жатты.

Өз басым, бұл жеңіліске кім қандай сылтау айтса да, сене алмаймын. Ойын сатылды-ау деп ойлаймын...

Ж.Смайыл – Қызылорда облысы,

Шиелі ауданының қызуқанды жанкүйері.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×