Қазақстан футбол федерациясы Ұлттық құрамалар департаментінің директоры Руслан Балтиев федерацияның баспасөз қызметіне берген сұхбатында жаңа қызметтегі жоспарын бөлісіп, құрамалардағы өзгерістер туралы айтып берді.
– Руслан Тахирұлы, жаңа қызметіңіз құтты болсын! Департамент директоры ретінде сізге қандай міндеттер жүктеледі?
– Рақмет! Бұл өте жауапты қызмет, үлкен дайындықты қажет етеді. Басты міндетім – ұлттық құрамалардың даму стратегиясын әзірлеу, жоспар құрып, жүзеге асыру. Алда атқарар жұмыс көп. Тиімді жүйе құру, бұрынғы жетістіктерімізді сақтап, дамыту, қажет жерлерге өзгерістер енгізу қажет. Ұлттық құрамаларымыздың жетістігі үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз.
– Жаттықтырушы ретінде де, басқарушылық қызметте де тәжірибеңіз бар. Қазір қайта басқарушылық қызметке оралдыңыз. Өзіңізге қай сала жақынырақ?
– Шынымды айтсам, бәрі өте жылдам болды. ҚФФ президенті Марат Талғатұлы Омаров ұсыныс жасады. Ойымыз бір екенін, ортақ көзқараста екенімізді тез түсіндік. Басты бағыттардың бірі – жасөспірімдер футболын дамыту және жастар құрамасымен жұмыс істеу. Қазір жар салып, қандай шешім қабылдайтынымыз туралы айтуға ерте, өйткені кез келген өзгеріс мұқият сараптауды қажет етеді. Жастарға халықаралық ойындарға жиі қатысу мүмкіндігін беруіміз керек. Себебі осындай матчтар тәжірибе жинап, кәсіби деңгейде өсуге мүмкіндік береді.
– Қазақстан ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиыны қашан және қайда өтеді?
– Қолда бар жоспар бойынша, алғашқы ойын 22 наурызда сырт алаңда Уэльс құрамасына қарсы өтеді. Одан кейін 25 наурызда Лихтенштейнмен кездесеміз. Бұрынғы бапкерлік штаб 12 наурызда Түркияда оқу-жаттығу жиынын бастауды жоспарлаған екен. Жақын күндері ұлттық құраманың бас бапкерін жариялаймыз. Сол кезде дайындық жоспарына қажетті өзгерістер енгізуіміз мүмкін.
– Ұлттық құраманың жаңа бас бапкерін таңдау кезінде неге мән бересіздер?
– Қазір нақты есімдерді атау қиын, бірақ бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әзірге аз да болсын уақытымыз бар. Бастысы, бапкер өзіне жүктелген жауапкершілікті толық сезінуі керек.
– Соңғы кездері ұлттық құраманың күнтізбесі көп талқыға түсті. 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі басталғанға дейін Қазақстан чемпионатынң үш туры өтетіні айтылды. Бұл рас па?
– Қазіргі таңда бұрын бекітілген кесте бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ол алдыңғы басшылықтың жоспары негізінде жасалған. Бірақ бас бапкер тағайындалған соң, оның ұсыныстарын ескеріп, құраманың дайындығына барынша ыңғайлы жағдай жасауға тырысамыз. Бапкерлік штабтың алдағы маңызды ойындарға ұлттық құраманы еш шектеусіз, толыққанды дайындауы маңызды.
– Биыл маусым және қараша айларында ұлттық құрама жолдастық матчтар өткізетіні белгілі. Қазір келіссөздер жүріп жатыр ма?
– Иә, бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. 9 маусымда біз Солтүстік Македония құрамасымен іріктеу матчында кездесеміз. Ал 6 маусымда УЕФА күнтізбесіне сәйкес жолдастық ойын өткізуіміз керек. Қазір қарсыластарды сараптап, құрамамызға ең тиімді нұсқаны таңдауды көздеп отырмыз. Соңғы шешім бас бапкермен ақылдаса отырып қабылданады. Өйткені мұндай матчтар бас бапкердің көзқарасы мен құраманы дамыту стратегиясына сай болуы тиіс.
– Қазақстан U-17 және U-19 жасөспірімдер құрамаларының бапкерлік штабында өзгерістер бола ма?
– Иә, барлық командаларда ауыс-түйістер болады. Бірақ асығыстыққа салынып, тез шешім қабылдаудан аулақпыз. Алдымен атқарылған жұмысты сараптап, нәтижелерді бағалап аламыз. Содан кейін барып нақты шешімдер қабылданады. Бастысы – қолда бар жүйені бұзбай, қажет жерлерге тиімді өзгерістер енгізу.
– Өткен жылы Қазақстан U-21 жастар құрамасын алдымен Константин Горовенко басқарды, кейін оның орнын Денис Мамонов басты. Енді бұл қызметке кім келетіні анық па?
– Бірнеше үміткер бар, оларды қарастырып жатырмыз. Әзірге нақты бір есімді атауға ерте. Жастар құрамасының аға бапкерін таңдауда бірнеше фактор бар. Біз үшін бапкердің команда дамуы жайлы көзқарасы, жұмыс әдісі және біздің талаптарға сәйкестігі маңызды.
– Ақпан айында Қазақстан әйелдер құрамасы УЕФА Ұлттар лигасына қатысады. Бапкерлік құрамда өзгерістер бола ма?
– Үлкен өзгерістер енгізуге уақыт тығыз. Оның үстіне мұндай қысқа мерзімде үлкен өзгерістер енгізу тиімсіз болар еді. Сондықтан алдымен бапкерлердің әрқайсымен жеке кездесіп, олардың ойын тыңдаймыз. Егер ойымыз бір жерден шықса, жұмысты ары қарай жалғастырамыз. Дәл қазір департамент қолда бар жоспар бойынша жұмыс істеп жатыр. Жалпы, осы уақытқа дейін жүйелі жұмыс жасалды. Біздің міндет – осы жұмысты жалғастырып, қажет жерлерге нақты өзгерістер енгізу. Бұл Қазақстандағы әйелдер футболының дамуына үлесін қосады.
Біздің серіктес: FONBET