«Астана» - «Мидтьюлланд» матчы 2:1 есебімен елорда командасының жеңісімен аяқталды. Ойыннан соң баспасөз мәслихатында елордалық ұжымның бас бапкері Роман Григорчук журналистердің сұрақтарына жауап берді,-деп клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
— «Астана» қарсыластың шабуылдағы күшті тұстарын тойтара алды деуге бола ма?
— Барлығын емес, өйткені стандарттардан кейін біздің қақпамыздың алдында 2-3 қауіпті сәт болды. Бірақ, жалпы, қарсыластың басым тұстарына тойтарыс бере алдық.
— Ойынға және нәтижеге көңіліңіз тола ма?
— Бүгін ойын да, стадион да, қолдау көрсеткен жанкүйерлер де — барлығы еуропалық деңгейге сай болды. Ойын соңына таяған сайын бұл айқынырақ сезіле бастады.
— Көпшілік бүгін Джуниор Кабананганы күтті, бірақ ол тіпті ойын хаттамасына да енген жоқ. Бұл шешім немен байланысты?
— Нақты заттар бар да, тәуекел етуге болатын жайттар бар. Бірақ спортты алдауға болмайды. Біз ойыншының дайын емес екенін біле тұра, қиын ойынға оны шығара алмаймыз. Біз осындай шешім қабылдадық, біздіңше ол дұрыс болды. Егер осындай жағдай қайталанса, тағы да осылай істер едік.
— Мұртазаевты алғашқы таймнан кейін алмастыруыңыздың себебі неде? Алексей Щеткиннің ойынына көңіліңіз толды ма?
— Қазір тамаша жағдай, біз жеңіске жеттік, жақсы ойын көрсеттік, сондықтан да бір ойыншыны бөле-жара сынағым келмейді. Бұл бапкерлер штабының шешімі еді. Мен екеуіне де кінәрат артпақ емеспін, бірақ екеуінің де кемшілігі болды. Роман да, Алексей де жеңіске жеткен командада ойнады, олардың осы жеңіске қосқан үлесі елеулі.