Отандық футболда біраз «былық» шығарып үлгерген Рохус Шохтың есімі көпшілікке таныс болып қалған шығар. ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұловпен тартысқа түсемін деп қазақстандық футбол менеджментінің берекесін қашырған сол Шох мырза жайлы біз не білеміз? Ел аман, жұрт тынышта шу шығарған Ресей азаматы туралы қандай ақпарат белгілі? Осы мәселе төңірегінде аз-кем мәліметтерімізбен бөлісе отырайық.
Алдын-ала ескертсек, бұл жазбада Ресей деген сөз көп кездеседі. Жақында ресейлік «Честность – не порок» телеграмм-арнасы Рохус Шох мырзаның құпия құжатының мазмұнын жариялап жіберген болатын. Онда отандық менеджердің ҚФФ мен оның президенті Әділет Бәрменқұловтың жұмысына деген ашық наразылығы баяндалған. Қалай дейсіздер ғой? Рохус Шохтың Freedom QJ League президенті екені мәлім. Кәсіби лига басшысы Fonbet-пен заңсыз келісімшартқа отырғаны анықталып, арты үлкен дауға ұласқан. Сөйтіп, Әділет Назарбайұлы бастаған ҚФФ басшылығы заңды белден басқан әріптесінің үстінен шағымданып, бұл істің арты сотпен аяқталғаны да мәлім. Даудың басы Дайрабайдың сыйырына ұқсас оқиға ма? Дәл осы жайттан кейін Рохус Шохтың іші бір жылымай-ақ қойған секілді. Осы жанжалдан кейін өзіне әлдеқандай серт берді ме екен, әйтеуір Шох мырза тырнақ астынан кір іздейтін болып алған. Ресей азаматы саналатын Рохус Шох өз ісіне сенімді болмағаннан ба, жоқ сырттан араша іздеуді жөн көрді ме екен, ресейлік телеграмм-арнасына құпия құжатты жариялап жіберіпті. Енді оны да түсінуге болатын шығар, Қазақ жерінде туып-өскенімен (Тараз футболының түлегі) саналы ғұмырының басым блігін солтүстік көршіміздің елінде өткізген. Рохус Шохтың менеджерлік мансабының басым бөлігі сол Ресей жеріндегі бірнеше клубпен байланысты: 1991-2004 пен 2011-2015 жылдар аралығында «Роторда» жұмыс істеген. Ресейлік-қазақстандық маманның Волгоградтағы жылдарын жемісті деуге келмейді. Қызметінен кетер алдында бір жыл бұрын (2014-те) «Ротордың» футбол мектебі жабылып қалады. Ал көп ұзамай тура бір жылдан кейін Шох мырза да өз орнын босатқан еді. Біздің қолымызда нақты әрі ресми ақпарат жоқ, бірақ Рохус Шохпен байланысты осы Волгоград футболында біраз даулы мәселелер бар деседі. Қаржылық дағдарысқа ұшырап, аяғында Ресейдегі тарихи клубтың бірі саналатын «Ротордың» құлдырауына әкеліп соқтырған сәтсіздіктер сол кездегі басшысы Шох мырзамен байланыстырылады. Шох мырза Волгоград футбол федерациясын сегіз жыл басқарса да соңы осындай қайғылы жағдаймен аяқталған. Қысқасы, Рохус Шохтың Ресейдегі менеджерлік қызметі табысты болмады.
Қазақ футболында алауыздық емес, ауызбірлік танытатын уақыт
Рохус Шох «Ротордан» бөлек тағы бірнеше командада қызмет еткен. Олардың қатарында «ЦСКА», «Ростов» пен «Урал» секілді клубтар бар. Бейресми ақпарат көздерінің мәліметінде, Шох мырза араласқан жердің барлығында кәсіби футбол клубтарының қаржылық қиындықтарға душар болғандығы айтылады. Соған қарамастан, ол Ресей футбол одағында бөлім басқарған. Әр жылдары осы ұйымның атқару комитетінің мүшелігінде болып, «Центр» футбол одағын басқарған еді. Сонымен қатар, Ресей футбол федерациясының бұқаралық футбол комитетінде басшылық лауазымдарын да атқарды. Шох мырзаның тамыры әлі де Ресейден толық үзілмепті: қызы Сабина Шох қазір мәскеулік «Динамода» қызмет атқарады. Жәй қызмет емес футбол матчтарында концерттік бағдарлама ұйымдастыратын арнайы бөлімінің басшысы екен. Міне, солай.
Рохус Шох мырза солтүстік көршімен осылай тығыз байланыста. Өмірінің 20 жылға жуық уақытын арнаса да ақыры керек болмай, бері қайтқан ұқсайды. Іске жарамды болса неге сол жақта қала бермейді деген заңды сауалымыз бар. Жоқ. 4-5 жылдың алдында тарихи отаны санайтын Қазақстанға қайтып оралды. Кәсіби футбол лигасын басқарып, ҚФФ-да басшы орынбасарына дейін көтеріліп, ақыры атына кір келтіретін оқиғаға тап болғанын өздеріңіз де білесіздер. Онысын Шох мырза тағы «Қазақстан футболында төңкеріс жасаймын» деп түсіндіріпті. Оны қалай жүзеге асыратынын тәптіштеп түсіндірмеген, бірақ шұғыл реформаларды ұсыныпты. Мәймөңкелемей бірден мемлекет басшысы мен оның әкімшілігінен ҚФФ президентін орнынан алуды сұрағаны да қызық көрінді. Әділет Бәрменқұловтың орнына «лайық» адамына дейін ұсынып, барлығын алдын-ала «шешіп» қойғаны де ерсі екен.
Біздіңше, дәл қазіргідей өзгерістер кезеңінде жоғарыдағы азаматтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы керек еді. Оның орнына Рохус Шох осындай берекесіз әрекеттерге барыпты. Өзгерістер деп отырғанымыз, құрамада бас бапкер ауысты, қазір енді жаңа талаптар болады дегендей. Іріктеудегі табысты компаниядан кейін құрама командадан тағы да жетістіктер күтілетіні анық және ол заңдылық. Клубтық деңгейдегі тұрақсыздық, маусым басынан бері дауы басылмай тұрған төрешілер корпусының жұмысы, оның тарапына бағытталып жатқан сын садағы бар. Қысқасы, қазір қазақ футболында алауыздық емес, ауызбірлік танытатын уақыт еді. Алайда, біздің менеджерлер елді дүрліктіруді ұйғарыпты. Рохус Шох мырзаның осындай теріс пиғылы бар екені рас болса одан тезірек қайтқаны жөн.
Біздің серіктес: FONBET