ҚПЛ: "Қайсар" үздік үштіктен сырт қалды

07.07.2019, 02:42
ҚПЛ: "Қайсар" үздік үштіктен сырт қалды
"Қайсар" - "Шахтер" 2:2.  Гол авторлары: И. Граф, 17 мин, К. Мбомбо, 29 мин, - Е. Нұрғалиев, 35 мин, И. Пешич, 63 мин. ҚПЛ-дің 17 туры аясындағы ең нәтижелі ойын Қызылордада өтті. Күрделі жөндеуден өткен Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионда "Шахтерді" қабылдаған Стойчо Младенов шәкірттері тең ойынды қанағат тұтты. Негізі ойын "Қайсар" үшін керемет басталған-ды. 13 минутта Асхат Тағыберген әуелете берген бұрыштама добынан соң қорғаушы Иван Граф баспен соққы бағыттап есеп ашты. Осыдан соң "Қайсар" шабуылшыларының екпіні еселене түсті. Ал 29 минутта Джон Джошуаның пасынан соң Куле Мбомбо допты бос қақпаға сырғыта салды. Міне, осы сәттен кейін "Қайсар" ойыншылары жеңіске жеттік деп ерте сеніп қалса керек. Ақыры оңбай қателесті. А Араға санаулы минуттар салып қарымта шаубылды сауатты ұйымдастырған қонақтар Еркебұлан Нұрғалиевтің дәл соққысынан кейін есепті қысқартып кетті. Матчтың алғашқы бөлігі 2:1-мен аяқталды. Екінші тайм бойы Сыр өңірі командасының ойыны сүреңсіздене берді. Керісінше, кеншілер түрлене түсті. Жан-Әлі Пайруз бен Марат Шахметов қапталдан соққы бағыттап Марсель Исламқұловты мазалаумен болды. Түбі қонақтар дегеніне 63 минутта жетіп тынды. Алаң ортасында Марат Шахметовтен пас алған Иван Пешич тепкен допқа қақпашы қауқар таныта алмады. Осылайша, есеп теңісті. Матч соңына дейін "Қайсар" қанша шабуылдап бақса да "Шахтер" қорғаныста сыр бермеді. 17 турдан соң "Қайсар" 31 ұпаймен 5 орынға түсіп қалса, "Шахтер" 7 орында қала бермек.

Шамкен БАЙЫРБЕК.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×