Нұр-сұлтанда өткен 7 турдың орталық матчы 2:1 есебімен "Астананың" жеңісімен аяқталды.
"Астана" - "Тобыл" 2:1
Гол авторлары: М. Аничич, 58 мин, Р. Муртазаев, 90+2 мин - Н. Бочаров, 8 мин.
"Астана-Арена" стадионы.
Турнир кестесінде иық тірестіріп келе жатқан екі клуб арасындағы кездесу тартысты өтті. Бірінші таймда "Тобылдың" аз да болса басымдығы байқалды. Өйткені, қонақтар 8 минуттағы қарымта шабуыл кезінде Никита Бочаровтың голынан соң есеп ашты. Əрі үзіліске дейін осы басымдықты сақтап қалды.
Ал екінші ойын бөлігінде "Астана" таразы басын теңестірді. 58 минутта Серікжан Мұжықов орындаған бұрыштама добынан соң қорғаушы Марин Аничич нəтижелі соққының авторы атанған еді. Осыдан кейін екі ұжым да алма кезек шабуылдаумен болды. Тартысты өткен бəсекенің тағдыры төреші қосқан 4 минутта шешілді. Марин Томасовтың айып алаңына берген пасын Роман Муртазаев баспен алыс бұрышқа дəл бағыттап "Астанаға" жеңіс сыйлады.
Осы жеңістің арқасында "Астана" 8 ойыннан соң 22 ұпаймен қарсыластарынан қара үзіп кетсе, "Тобыл" 16 ұпаймен екінші сатыға жайғасты.
Шамкен БАЙЫРБЕК.