Футбол әлемінде «Месси мен Роналду дәуірі аяқталуға жақын, келешекте олардың ізін басатын екі футболшы пайда болды» деген әңгімелер айтылып жатыр. Дегенмен ұзақ жылдар бойы дүниежүзі халықтарының назарын өзіне аударған Лионель мен Криштиануға тең келетін, олардың жетістігін жақын уақытта қайталайтын футболшы болмай тұр. Қазір ерекше көзге түсіп жүрген мықтылардың ішінде Мбаппе мен Холандтың есімі ғана ерекше аталады. Ал олар расында да тізгінді осы бастан қолдарына алып үлгерді.
Қазірдің өзінде екі футболшы алдыңғы буын ағалары секілді футболдағы рекордтарды бірінен соң бірін жаңарту үстінде. Биылғы маусымда Холанд Бундеслигада 17 ойын өткізіп, 17 гол соғып, 3 нәтижелі пас берген. Чемпиондар лигасында 5 кездесуде 8 гол салып, 1 голдық пасты өз атына жазды. Ал Мбаппе болса ішкі біріншілікте 22 ойында 16 гол соғып, 6 голдық пастың авторы атанды. Чемпиондар лигасында 6 ойында 5 гол соғып, 3 голдық пас берді. Осыдан-ақ, екеуінің де әр матч сайын жасындай жарқылдап жүргенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Соңғы кездері Мбаппе мен Холанд корольдік клубтың сапына ауысады деген әңгімелер де желдей есіп жүр. Испаниялық AS спорттық журналы «Реал» кімді таңдайды?» деген тақырыппен басылымның бірінші бетіне көлемді мақала да жариялады. Мадридтік клубтың басшылығы оларды сатып алу үшін 300 миллион еуродай ақша жұмсауы керек екен. Егер футболшылар алты жылдық келісім-шартқа қол қойса, «корольдік клуб» басшылығы бұл соманы төлеуге дайын екенін айтты. Бүгінде 22 жастағы Мбаппенің жылдық жалақысы 72 миллион еуро болса, 20 жастағы Холанд жылына 20 миллион еуро алады.
«Барселона» басшылығы да «Біз үш жұлдызды ойыншыны сатып алуды мақсат тұтып отырмыз. Тізімде Холанд пен Мбаппе де бар» деген болатын. Демек, екі футболшыны Еуропадағы гранд клубтардың бәрі дерлік өз сапынан көргісі келеді деп санай берсеңіз болады.
Өткен аптада Мбаппе Чемпиондар лигасында ПСЖ сапында «Барселонаға» қарсы кездесуде алаңға шығып, Камп Ноуда хет-трик авторы атанды. Холанд болса «Севильяға» қарсы матчта дубль жасап, бір голдық пас берді. Олардың керемет ойынын, командаларын жеңіске жетелегенін барлық спорттық басылымдар мен телеарналар жарыса хабарлады.
Бірақ кейбір спорт жанкүйерлері қос футболшының әр маусым сайын тұрақты ойын көрсететініне күмәнмен қарайды. Олардың шамасы ары кетсе екі-үш маусымға ғана жетеді деп санайды. Бұл ретте белгілі спорт комментаторы Ермек Төрениязов Мбаппе мен Холандтың үздік екенін жоққа шығармайтынын, қос футболшының болашағына үмітпен қарайтынын тілге тиек етті.
– Әр заманның өз мықтылары болады. Дәл қазір жас буынның ішінен жарқырап шығып келе жатқан Мбаппе мен Холандты ерекше атап өтпеске болмайды. Бүгінде екеуін жиі салыстырады. Бұрынғылар Пеле мен Марадоннаны салыстырды. Кейін Роналду мен Месси арасындағы бәсекелестіктің қарқыны күшті болды. Яғни, бәріне төреші жанкүйерлер. Футбол сонысымен қызық. Екеуінің артық-кемін айтар болсақ, француздың дене бітімі норвегиялық шабуылшыға қарағанда шағындау, жеңіл қозғалады, өте шапшаң қимылдайды. Оның еңбекқорлығы, физикалық дайындығы Роналдуға келіңкірейтін секілді. Футболды өте жақсы түсінеді. Холанд көбіне Златанға келіңкірейді. Бойы да ұзын, денесі де ірі. Физикалық дағдылары өте жақсы. Аяқ-қолы да ұзын. Сол артықшылықтарын ойын кезінде жақсы пайдаланады. Бұл екі ойыншы болашақта осы қарқынын жоғалтпаса, нәтиже жағынан Месси мен Роналдудан асып кетуі әбден мүмкін. Қазір уақыт өткен сайын турнирлер көбейіп жатыр, ұлттық құрама қатысатын жарыстардың саны да артты. Сондықтан қазіргі футболшылар бұрғынғыларға қарағанда көп ойнай алады. Нәтижелерді, рекордтарды да жаңартуға жастардың мүмкіндігі жоғары, – дейді Ермек Төрениязов.
Пеле мен Марадонна біздің алдымыздағы буынның жүрегін қалай жауласа, одан кейінгілері де Месси мен Роналдуды солай жақсы көрді, ойындарына сүйсінді, өнеріне тамсанды. Алдағы 10-15 жылдықта жас буынның махаббатын солар секілді өзге де мықты футболшылар жаулап алары анық. Оның Мбаппе мен Холанд боларына, не басқа боларына уақыт төреші.
Абылайхан ЖҰМАШ
Мақала Aikyn.kz сайтынан алынды
Біздің серіктес: FONBET