Қалтасы қалың легионерлер «Қайратта» көп

21.01.2021, 00:00
Биылғы маусымдағы алғашқы легионерді де дәл осы «Қайрат» сатып алды.
Қалтасы қалың легионерлер «Қайратта» көп

Бұдан бірер жыл бұрын Global Sports Salaries компаниясы ауқымды зерттеу жүргізіп, әлем елдеріндегі аяқдопшылардың қандай көлемде жалақы ала­тынын анықтап көрген болатын. Сол деректерде Қазақстан Премьер-лигасы футболшыларға жоғары жалақы төлеу бойынша үздік 25 біріншіліктің қатарына кіретіні анықталды. Отандық клубта ой­най­тын ойыншының орташа жылдық жалақысы 148 513 доллар көлемінде.

Иә, расында да Қазақстан Премьер-лига­сы футболшыларға, әсіресе легионерлерге жақсы жалақы төлейді. Осы орайда, «қазір біздің чемпионатта доп тебетін ең қымбат легионерлер кімдер, отандық футболшы­лардан кімнің бәсі жоғары?» деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Transfermarket қорындағы деректер сөйлесін…

Немістің әйгілі сайтындағы дерек бойын­ша, ел біріншілігінде өнер көрсететін ең қым­бат футболшы «Қайрат» командасының польшалық легионері Яцек Гуральски болып шықты. Футболшының трансферлік құны – 2,5 миллион еуро. Қымбат ойыншылардың екінші сатысына «Қайраттың» тағы бір футболшысы Раде Дугалич жайғасқан. Сербиялық легионердің трансферлік құны – 2,2 миллион еуро. Үшінші және төртінші орын­да Дино Миканович («Қайрат», Хорватия) пен Тигран Барсегян («Астана», Армения) тұр. Олардың трансферлік бағасы – 2 мил­лион еуро. Ал үздік бестікте (1,5 мил­лион еуро) қазақстандық футболшы, «Қай­рат­тың» қорғаушысы Нұралы Әліп бар.

Кейінгі орындар төмендегідей: Пиерос Сотириу («Астана», Кипр) – 1,7 миллион еуро, Адеринсола Эсеола («Қайрат», Украина) – 1,7 миллион еуро, Абат Айымбетов (еркін агент) – 1,5 миллион еуро, Темірлан Ерланов (Тобыл) – 1,5 миллион еуро, Стас Покатилов («Қайрат») – 1,5 миллион еуро, Небойша Косович («Қайрат», Черногория)  – 1,3 мил­лион еуро, Гафуржан Сүйімбаев пен Айбол Әбікен (екеуі де «Қайрат») – 1,3 миллион еуро, Дорин Ротариу («Астана», Румыния) – 1,3 мил­лион еуро.

Өткен жылы құны 3 миллион еуроға артқан елордалық команданың хорватиялық легионері Марин Томасов 1,2 миллион еуроға «арзандаған». «Ордабасының» ең үздік легионері Жoао Паулоның да бағасы хорват футболшысымен бірдей. «Қайраттың» жұлдызды ойыншысы Вагнер Лав пен «Ас­тана­ның» мақтаулы футболшысы Рунар Мар Сигурьонссонның бағасы әйгілі немістің сайтында 1 миллион еуро деп көрсетілген.

Әзірге ҚПЛ-да өнер көрсететін коман­далар бойынша 308 ойыншы тіркелген. Олар­дың орташа жасы 27,2-ні құрайды. Барлық легионердің саны – 89. Ішкі біріншіліктің футболшылардан жасақталған жалпы құны –98,90 миллион еуро. Бірақ бұл ауқымды сомалар жаңа маусымда біраз өзгеруі мүмкін…

Отандық клубтардың бюджеті қысқармақ

2020 жыл қазақ футболы үшін сәтті жыл бола қоймады. Оған карантиннің де тигізген әсері мол болды. Енді осы жылдан бастап көптеген команданың жылдық бюджеті екі-үш есе қысқаратын болды. Сол себепті бүгін­де қазақстандық футбол клубтарын қаржыландырудың қысқаруы ел спортындағы ең маңызды тақырыптардың біріне айналды. Бұ­дан ертеректе ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та осы мәселені ерекше атап өткен болатын.

легионер

Қысқарту жүріп жатыр. Тек  «Қайрат», «Ордабасы» секілді клубтар ғана бұрынғы бюджетін сақтап қала алды. «Астананың» жағдайы белгісіз. Көп футболшының келісімшарттағы мерзімі аяқталды. Шомко, Маевский, Щеткин секілді футболшылар «Ротор» ойыншысы атанды. Эричтің де басқа клубқа кететіні белгілі болды. Соңғы деректер бойынша, елордалық ұжымның жылдық бюджеті 800 миллион болуы мүмкін екен. Бұл дегеніміз – команданың жарты құрамы кетіп, орнына арзан бағаға жаңа ойыншылар, әсіресе Ресейдің екінші сортты футболшы­лары келуі ықтимал дегенге саяды. Өзге клубтардың да жағдайы мәз емес. «То­был» да негізгі құрамдағы біраз ойыншы­ларымен қоштасты. Анығы, әр команда сапынан көп­теген легионер мен отандық футболшылар ке­тіп жатыр. 2021 қазақстандық футболшы­лардың шетел біріншіліктеріне, әсіресе Ресей Премьер-лигасына үдере көш­кен жыл болды. «Астана» сапынан екі қазақстандық футбол­шы, бір легионер «Ротор» командасына ауысты. Айымбетов, Малый, Заруцкий, тағы басқа футболшылар көршілес елдің біріншілігіне барады деп болжануда. Темірлан Ерланов пен Нұралы Әліпке де орыс клубтары қызығу­шылық танытып отыр. Не болса да, маусым басталғанша бұрын-соңды болмаған біраз өгеріс болғалы тұр.

2021-дегі алғашқы легионерді «Қайрат» сатып алды

Германиялық «Падерборн» клубының шабуылшысы Штерли Мамба «Қайрат» сапына ауысып келеді. Бұдан бұрын жан­күйерлер футболшының алматылық клубтың Instagram-дағы парақшасына жазылғанын байқаған. 2021 жылдағы алғашқы легионердің бағасы – 1 миллион еуро. Одан бөлек, лон­дон­дық «Арсеналдың» бұрынғы ойыншысы Яя Саногоның да жақын күндері «Қайраттың» ойыншысы атанатынын отандық спорт басылымдары жарыса жазуда. 27 жастағы футболшы үшін де аз қаржы жұмсалмасы белгілі. Мұның бәрін «Қайрат» басшылығының осы жылы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу үшін жасаған әрекеті деп түсінуге болады. Ал өзге клубтар тым-тырыс. Жалғыз алматылық ұжым трансферлік маусым кезінде ерекше белсенділік танытып отыр. Соған қарағанда отандық клубтар арасында енді бұрынғыдай қаржыны оңды-солды шашу азаятын секілді.

Спорт мамандары не дейді?

Қазақ футболындағы соңғы жаңалық­тарды, легионерлердің жалақысына да қатысты мәселелерді сұрау мақсатында сарапшылар мен спорт журналистеріне хабарласып, олардың пікірін білдік. Белгілі футбол комментаторы Ермұхамед Мәуленнің айтуынша, отандық клуб селекционерлері шетелден ойыншы алдырарда сапаға қатты мән бермейтін көрінеді. «Негізгі қателігіміз – осында», – дейді ол.

– Футболшылардың, оның ішінде жергі­лікті ойыншылар мен легионерлердің жалақысына лимит қою мәселесін кезінде Дархан Қалетаев, Азат Перуашев және өзге де депу­тат­тар мен қоғам белсенділері көтерді. Бірақ бұл мәселе шешімін таппады. Биыл да сол күйінде қалатын сыңайлы. Легионерлерге көп ақша жұмсаймыз. Олардың бәрі өз ақша­сын ақтап жатқан жоқ. Мысалы, 15-20 мың еуро алып, ішкі біріншілікте түк бітірмей, жары­тып ойнай алмай жүрген легионерлер бар­шылық. «Қызылжар» коман­дасының ойын­шысы Руслан Корян былтыр 4-5 рет алаң­ға шықты. Оның өзінде барлық ойында алаңға негізгі құрамда шыққан жоқ. Менің білуім­ше, ол айына кем дегенде 7-8 мың еуро жалақы алды. «Қайсарда» ойнаған бол­гариялық шабуылшы Александр Колев те түк бітірмей, қыруар ақша алып, жақында клуб­тан кетті. Осындай пайдасыз ойыншыларға ақша шашқаннан ештеңе ұтпаймыз. Сон­дықтан әр клубтың басшылығы сапалы легио­нер алуды мақсат тұтса, қаржы жағынан да біраз үнем болары сөзсіз. Осы жылдан бастап көптеген отандық клубтың бюджеті қысқарып жатыр. Егер 1 миллион теңге жалақыдан асырмау лимиті қойылса, бұл ішкі біріншіліктегі командаларымыздың ойынына қатты әсер етуі мүмкін. Сапалы легионер алу да қиынға түседі. Еуропалық клубтармен бәсекеге түсу үшін, меніңше тым болмағанда 2 миллион лимиті қойылғаны жөн, – деген ұсынысын айтты.

Спорт журналисі Абай Аймағамбет те «қазақстандық клубтардың бюджетінің қысқартылуын оңды шешімдердің бірі болды», – дейді. Енді сапаға ғана жұмыс істейтін уақыт таяды деп отыр.

– Қыруар ақшаны қалтасына басқан легионерлер еурокубоктық сайыстарға шықса білгенінен жаңылып, сүреңсіз ойын көрсетеді. Демек, олардың деңгейі ішкі біріншіліктен әрі аса алмай тұр деген сөз.  Сондықтан клубтарымыз алғашқы кезеңнен аса алмай пұшайман болады.  Осыдан-ақ қаншама қаражаттың желге ұшып жатқанын байқауға болады, – дейді ол.

Иә, біріншіліктегі легионерлерге төленіп жатқан жалақының басын құраса, бір-екі жылдың өзінде-ақ елімізде бір емес, бірнеше стадион тұрғызуға болады. Егер легионерлер мен олардың жалақысына лимит қойылып, ақшаның қалған бөлігі футбол академиялары мен спорттық инфрақұрылымдарға жұмсалса, бұл ел футболының ілгерілеуіне жасалған үлкен қадамның бірі болар еді. Біз сол күнге ақырындап келе жатқандаймыз.

Абылайхан Жұмаш

Мақала Aikyn.kz сайтынан алынды

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×