Поль Погба: «Бізді Қазақстанға өте ұзақ сапар мен жасанды алаңдағы ойын күтіп тұр»

24.03.2021, 18:35
Франция құрамасы бүгін Украинамен кездеседі.
Поль Погба: «Бізді Қазақстанға өте ұзақ сапар мен жасанды алаңдағы ойын күтіп тұр»

Франция құрамасының жартылай қорғаушысы Поль Погба 2022 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Украина, Қазақстан мен Босния және Герцеговина құрамаларымен болатын ойындарға қатысты пікір білдірді:

– Әрине, ұлттық құрама сапына оралу өте жақсы сезім. Бұл жейдені кию – үлкен мәртебе және қуаныш. Әр футболшы өз елінің басты командасында ойнауды армандайды. Мен бұл керемет командаға, керемет отбасыма қосылғанымды мақтан етемін. Біз расында да құрама сапында жүрген сәттерімізден ләззат аламыз. Уақыт өтіп жатыр, ал біз әр сәтті өз пайдамызға жаратуға тырысып жатырмыз.  

– Алдағы үш ойыннан не күтесіз? 

– Біз өз жұмысымызды атқаруымыз керек. Әрине, біз бір-бірімізді көргенімізге қуаныштымыз. Дегенмен, біздің алға қойған нақты мақсаттарымыз бар – жеңіске жету және Әлем чемпионатына жолдама алу. Бұл оңайға соқпайды. Біз қазір әлем чемпиондары екенімізді ұмытсақ та болады. Қарсыластарымыз бізді ұтқысы келеді және ол үшін ештеңеден тайынбайды. Бізді Қазақстанға өте ұзақ сапар мен жасанды алаңдағы ойын күтіп тұр. Одан бөлек тағы екі ойын бар. Бұл матчтарда біз қолымыздан не келетінін көрсетуіміз керек және ол ойындардың нәтижесі біз үшін маңызды. Біз бұл жерге өз жұмысымызды тиянақты түрде орындау үшін жиналдық. 

– Өзіңізді қалай сезінесіз? 

– Қартайып барамыз (күлімдеп). Мен қазір 28-демін және менде белгілі бір тәжірибе жинақталды деп айтуға болады. Бірақ, шынымды айтсам, өзімді жақсы сезінемін. Жарақаттан кейін қайта бабыма келудемін. Алаңға оралғаныма қатты қуанып жүрмін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×