«Ордабасының» президенті: Бір Еурокубоктік турнирдің топтық кезеңіне шығу - біздің негізгі мақсатымыз

29.05.2024, 10:56

«Ордабасының» су жаңа президенті Асхат Сейсембек шымкенттік команданың алдағы жоспары жайлы айтып берді

«Ордабасының» президенті: Бір Еурокубоктік турнирдің топтық кезеңіне шығу  - біздің негізгі мақсатымыз
"Ордабасы" ФК футболшылары

Сондай-ақ, футбол менеджері былтырғы чемпионның Еурокубоктердегі мақсаттарына да тоқталған болатын.

«Қысқа мерзімді міндет – чемпиондық титулды қорғап қалу. Қазір біріншілік қызықты өтуде әрі бірінші орынға талас жүріп жатыр. Турнирлік кестедеде де командалар тығыз орналасқан. Ел намысын Чемпиондар лигасында қорғайтын болған соң, сөзсіз жақсы ойнап, бір Еурокубоктік турнирдің топтық кезеңіне шығу  - біздің негізгі мақсатымыз. Бізге балалар мен жасөспірімдер орталығы және академияны дамытып, клуб жүйесіндегі жергілікті өрендердің басымдығын арттыру қажет. Ал ұзақ мерзімді міндетіміз - біздегі жүйе мен инфрақұрылымды жетілдіру мен жақсарту. Бұл мақсатты  қала басшылығымен ақылдасамыз. Біз жанкүйерлермен және клубтың дамуына мүдделі жандармен әрдайым қарым-қатынаста болып, барлық түйткілді мәселені бірлесе шешуге тырысамыз», - деген еді «Ордабасының» президенті.

Соңғы уақытта басынан дау арылмай, берекесі қашқан былтырғы чемпиондардың жағдайы біртіндеп болсын қалыпқа түсіп келе жатқан сыңайлы. Асхат Сейсембектің турнирлік кестедегі жағдай туралы пікірімен келісуге болады. Шымкенттік клуб 13 ұпаймен бесінші сатыда болса, бірінші орындағы «Ақтөбенің» 2-ақ ұпайы артық. Бір ойынды ұт та, көш басына жайғаса бер! Ұпай демекші, шымкенттіктер осы сенбіде «Жетісуды» қабылдайды. Қайрат Нұрдәулетовтің командасы «Ордабасымен» көршілес орналасқан. Талдықорғандық клуб төртінші сатыға жайғасса, қарсыласы бір орын төмен тұр. Бұл матчта Ұлттық құрамаға қайта шақырту алған Бауыржан Исламхан мен Айбол Әбікен жарқырайды деп үміттенеміз. Армения мен Әзербайжанға қарсы жолдастық кездесулерде екеуіне де мүмкіндік беріледі теп топшылаймыз. Сондықтан, жігіттер шама-шарқын байқатуы керек. Жалпы, Бауыржан үшін де, Айболға да маусымның нақ осы кезеңі өте маңызды. Басқасын айтпағанда тонусқа түсу үшін. Қысқасы, қос футболшы ұжымның сенбідегі ойынына кәдімгідей ықпал етуі тиіс. Сондай-ақ, «Ордабасы» сапындағы трансферлік құны ең жоғары ойыншының бірі Артем Беседин, бәсекелестікке сай екенін дәлелдеуге тағы бір мүмкіндік алған Дарбо мен команданың үздік сұрмегені Джасурек Яхшибоев та талдықорғандықтарды «ренжітуге» тырысады. Ал «көз тиген» «Қызыл-Жарға» қарсы ойында мардымды ештеңе көрсете алмаған Қайрат Нұрдәулетов үшін тағы сын сағаты. Талдықорғандық клуб бекерден-бекер үздіктердің қатарында жүрмегенін тағы бір мәрте дәлелдеуі тиіс. Әйтпесе, жанкйүер қауымның жақсылықты тез ұмытатын жаман қамиеті бар. Шымкентте жер болып жатса, «Ақтөбеге», өткенде ғана Лига Кубогіндегі «Астанаға» қарсы тамаша ойындарды ешкім есіне де алмайды. Бәрне де қазір, бүгінгі нәтиже ғана маңызды.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×