«Ордабасының» бас бапкері Андрей Мартин командасының ойын стилі мен жоспарларлы жайлы айтты.
Естеріңізде болса, жуырда шымкенттік ұжымды осы молдовалық маман тізгіндеген болатын. «Ордабасы» биыл ҚПЛ-де төртінші орын алып, келесі жылы Конференциялар Лигасының іріктеуінде бақ сынайды.
«Клуб басшылығы хабарласып, ұсынысын ойланып көруді сұраған. Біздің бірінші әңгімеміз ұнап қалды. Сондай-ақ, клуб пен басшылығының амбициялары да. Негізгі іргетас доп пен кеңістікті толық бақылауға қаланады. Сол сияқты команда допсыз да әбжіл әрі ширақ әрекет етуі тиіс. Біз жанкүйер үшін ойнағандықтан, оларды сапалы ойын өрнегі мен барымызды салып қуантуымыз керек.
Шабуыл мен қорғаныстың тепе-теңдігін табу маңызды. Алайда, өзіме шабуыл мәнеріндегі стиль жақын. Жұмыс істеген командаларымды әрдайым қарсыласқа үстемдік құру стиліне бейімдеп келемін.
Маған дейін болған озық үлгілерді сақтап қалып әрі жаңа бірдеңелерді де енгізсем деймін. Команда, сөзсіз, жаңарады. Бірақ мұны сапалы деңгейде іске асыруға тырысамыз», - деді молдовалық маман.
Айта кетейік, Андрей Мартин жазда ЧЛ-ның іріктеуінде өзінің бұрынғы клубы «Петрокубпен» «Ордабасыдан» басым түсіп, шымкенттік команданы жарыс жолынан тайдырды. Молдовалық бапкер бірақ бәрібір басты еурокубоктің негізгі кезеңіне шыға алған жоқ. Есесіне Конференциялар Лигасының негізгі раундына жолдама алып, онда жарысты ең соңғы орындарда аяқтады.
Біздің серіктес: FONBET