"Ордабасыны" биыл кім тоқтатады?!

25.02.2024, 14:19

Ел біріншілігінің басталуына тура бір аптадай қалды. Командалар ҚПЛ алдындағы соңғы дайындықтарын пысықтауда. Осыған орай, Қазақстан чемпионатына қатысатын футбол клубтары мен олардың мүмкіндіктері жайлы материалдар сериясын назарларыңызға ұсынамыз.

"Ордабасыны" биыл кім тоқтатады?!

«ОРДАБАСЫ»

Былтырғы ел чемпионы. Шымкенттіктер биыл да бабында. Түркиядағы «төртеудің» турнирінде ешкімге дес берген жоқ. Команданың чемпиондық құрамы толықтай сақталған десе де болады. Анадолыдағы жарыс, қайта керісінше, шымкенттіктер күшейе түскен деген ой салды. Команданың қатарын толықтырғандардың арасында жартылай қорғаушы Ловро Цвекке (Артем Беседин екеуі ең қымбат футболшылар – 1 млн еуро) Самат Жарынбетов, Хорватиялық қақпашы Карло Сентич, Өзбекстан құрамасының шабуылшысы Жасұр Жақсыбаевтың есімін ерекше айтуға болады. Осы жігіттер жаңа маусымда команда капитаны Асхат Тағыбергенге көмектесуі керек. Түркиядағы турнирден кейін көпшілік шымкенттіктерге биылғы чемпионаттың кубогін мерзімінен бұрын ұстатып жатыр. Елімізде танымал бапкер Алмас Құлшынбаев «Ордабасыны» биылғы біріншіліктегі бас жүлдеден басты үміткер (Бұл сұқбаттың толық нұсқасы біздің сайтта тұр) деп есептейді. Балапанды күзде санайтынындай, бұл не асығыс? Белгілі спорт комментаторы, әріптесіміз Ермұхамед Мәуленнің де «Ордабасының» ойынына көңілі тола, «сұрапыл» деп бағалағанын білеміз. Дегенмен, бір-екі матч аздық етеді. Команданың әлеуетін толық бағамдау үшін біраз уақыт қажет. Десе де, Александр Седневтің өз командасын жақсы дайындағаны көрініп-ақ тұр. Түркиядағы бірінші финалындағы жеңісі үшін 60 миллионға байыған шымкенттіктердің бүгін клуб бюджетіне қомақты қаражат құятын тағы бір тамаша мүмкіндігі бар. Жеңімпаз Суперкубок пен бірге 25 миллион теңге көлемінде сыйақыға қарқ болады.  

«ТОБЫЛ»

Қостанайлық команданың маусым қарсаңындағы аяқ алысы жаман емес. Коммерциялық турнирде сол «Ордабасыға» ғана есе жібергені болмаса, тәп-тәуір-ақ ойнады. Клубтың қатарын біраз сапалы легионердің толықтырғанын білеміз. Жаңадан келгендердің арасында Ахмед Эл-Месаудидің жөні бөлек. Шабуылшы келмей жатып Анадолы жеріндегі турнирдің басты сұрмергені атанды. Салыстырмалы түрде жоғары деңгейлі футболшылардың келуіне етіміз үйренбепті. Қазақстанды негізінен мансабын аяқтауға жақындаған ардагерлер мен екінші-үшінші сортты футболшылардың бетке алатыны жасырын емес. Екі бірдей азаматтығы бар (Марокко мен Бельгия) Месаудиді біз осы қатарға жатқызғымыз келмейді. Эредивизиде Арьен Роббенмен командалас болғанын естігелі тіптен. Ахмедтен аспандағы айды алып бер деп ешкімнің сұрамасы анық. Десе де, қостанайлық клубтың басшылығы біраз біріншілікте доп теуіп ысылған футболшының ҚПЛ-дің үздік трансферлері тізіміне енетін қауқары бар деп сенеді.

Болгария біріншілігінен ауысып келген Радослав Цонев пен Ресейден Иван Миладинович бар. Қостанайлықтардың қақпасын осы маусымда Стас Покатилов қорғайды. Талай маусым «Қайратта» өткізіп, Ұлттық құрама жейдесін де киген тәжірибелі қақпашы. Покатилов ел біріншілігінде не көрмеді дейсіз?...  Қақпашылардың шеберлігі толысатын нағыз дегенбай шағы - отыздан енді асты. Қостанайлықтар бүгін арада бірнеше күн салып «Ордабасымен» тағы да бір финалда жолығады. Шымкенттік клубтан қатарынан екінші рет ұтылу Милич Чурчичке де абырой әпермесі анық. Сондықтан, кеткен еселерін қайтаратын тамаша мүмкіндік. Дәп бүгінгі матч «Тобылдың» биылғы қауқары қандай деген сұраққа сәл болсын сәулесін төгеді.       

«АҚТӨБЕ»

Трансферде ең белсенді болғандардың бірі осы «Ақтөбе». Молдованың чемпионатынан аттай қалап камерундық Габи Кикиді (ең қымбат футболшысы -1 млн еуро) алдырды. «Шерифтың» сапында «Реалға» қарсы ойында доп тепті дегенін өзге ауыз толтырып айтатындай ақпаратымыз жоқ. Футболшыны нарықтағы бағасына ғана қарап бағалаудың дұрыс бола бермейтінін жақсы білеміз. Не десе де, камерундық енді аз уақытта қорғаныстағы әріптестері Әлібек Қасым, Бағдат Қайыровпен тіл табысып кетуге тиіс. Ұзын арқан, кең тұсауға салуға келмейді. Чемпионат тақалып тұр. Биылғы маусымда Дмитрий Парфенов өте-мөте осы қорғаныс шебіне ерекше көңіл бөлгенін байқаймыз. Клуб Камерундық футболшыдан кейін екі метрлік Матео Барачпен келісімшартқа отырды. Хорватиялық орталық қорғаушы өте тәжірибелі деседі. Біраз чемпионатта доп тепкен футболшының соңғы жұмыс орны «Крылья Советов» екен. Ресейден ауысып келген футболшыға бас бапкермен түсінісу қиындық тудырмауы керек деп ойлаймыз. Демек, Барачтың жаңа командаластарымен де тезірек тіл табысып кететін мүмкіндігі мол деген сөз.

«Ақтөбенің» жаңа футболшыларының арасында Рамазан Оразовтың есімін де ерекше атап өтуге тұрарлық. Словенияға барып қайтқан жартылай қорғаушыға клуб құшағын жайды. Осыған дейін де «Ақтөбенің» намысын қорғаған футболшыға командаға бой үйрету қиынға соқтырмауы керек. Рамазанды жергілікті жанкүйерлер ерекше құрметтейді. Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысының өзі де бұл туралы айтқан болатын. Қысқасы, «Ақтөбенің» алдағы уақыттағы ойыны осы Рамазанның алдыңғы шептегі креативіне байланысты болады.  

«Ақтөбе» былтыр үздік үштікті түйіндеді. Чемпионаттың басында қарқыны тау қопарардай көрінген. Алайда, команда соңына таман жүрісінен жаңылды. Команданың чемпиондыққа таласатын ойы болса, кем-кетігін осы бастан түзегені жөн. Қорғанысты тас қамал етуге күш салған ресейлік жаттықтырушының бір ойлағаны да бар шығар. Игорь Шатскиді де бекер алдырмаса керек. Тіс қаққан қақпашы Ұлттық құрама командадағы Рамазан Оразов, Максим Самородов, Әлібек Қасымдармен жақсы таныс. Қарағандының «Шахтерінде» тірі аңызына айналған Шатский жаңа клубында да жерге қаратпас. Игорьдің «Ақтөбені» күшейтпесе, әлсіретпейтіні анық.              

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×