«Ордабасы» сүрінді, «Қайрат» жүлдеге қол созды

Футболдан Қазақстанның Премьер-лигасы шарықтау шегіне жақындап келеді. Бүгін 23-ші турдың алғашқы үш ойыны өтті. Жалпы айтқанда сенсациялық нәтижелер тіркелген жоқ. Матчтарға рет-ретімен тоқталсақ.

«Ордабасы» сүрінді, «Қайрат» жүлдеге қол созды
фото ашық дерек көзден алынды

«Жеңіс» жеңісті жолынан жаңылған жоқ

Турдың шымылдығы Қарағандыда ашылды. Елордалық «Жеңіс» Талдықорғанның «Жетісуімен» кездесті. Тал түсте өткен ойынды көргендер болса, бір қалғып алған шығар. Ашығын айтқанда қос команда іш пыстырарлық футбол көрсетті. Қорғанысқа көп көңіл бөліп, ойында қауіпті шабуылдар аз болды. Талдықорғандықтар ұпай еншілеп кетуге келгені көрініп тұрды. Бірақ, стандартты жағдайлардың бірінде гол жіберіп алды. Әуедегі допқа таласта бәрінен ширақ қимылдаған Зураб Тевзадзе баспен қақпа бұрышын дәл көздеп, «Жеңісті» есепте алға шығарды. Қалған уақытта еліміздің ең грузиялық командасы бір доп басымдығын уысынан шығармай, маңызды үш ұпайын еншіледі. Есеп 1-0. Осының арқасында елордалықтар турнирлік кестеде бір саты көтеріліп, 10-шы орынға жайғасты.

Жоау Паулу оянды

Алматының «Қайраты» өз алаңында Түркістанның «Тұранын» қабылдады. Алюетов шәкірттерінің жаралы арыстандай алаңға шыққан «Қайратқа» әлеуеті жетпеді. Матч басынан қарсылас қақпасына лап қойған алматылықтар жылдам гол соқты. «Сары жиделілердің» соңғы ойындарындағы джокері Георгий Зария мергендігімен көзге түсіп, есеп ашты. Артынша Юлдашовтың сол қапталдан айып алаңына еніп асырған пасын Иван Хомуха өз қақпасына дарытып алды. Автогол. Мұнымен Рафаел Оразбахтиннің командасы қарқынын бәсеңдетпеді. Көптен бері жолы болмай жүрген бразилиялық сұрмерген Жоау Паулу үшінші допты қақырата теуіп, қақпа торында тулатты. Ұқйысынан оянған Жоау тағы екі мәрте «Тұран» қақпашысын қапы қалдырып, хет-трик авторы атанды. Ал түркістандықтар сапында команда капитаны Никола Цуцкич бір доппен жауап қайырды. Қорытынды есеп 5-1. Алматылық клуб осы сенімді жеңісімен турнирлік кестенің екінші орнына көтеріліп, чемпиондыққа әлі дәмесі барын аңғартты.

«Тобыл» «Астанаға» даңғыл жол ашты

Сенбідегі орталық матч Қостанайда өтті. «Тобыл» жабық манежде «Орадабасымен» кездесті. Нұрбол Жұмасқалиевтің командасы жүлдеден теориялық тұрғыда үмітін үзбеу үшін жеңіс ауадай қажет еді. Ал шымкенттіктерге чемпиондық таласта Қостанайда сүрінбеу өте маңызды болатын. Қонақтар кездесуді жақсы бастады. Бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен Беседин мен Яхшибоев оңтайлы сәтте мүлт кетіп жатты. Керісінше алаң иелері бірінші таймның орта тұсында Еркін Тапалов шабуыл шебінен табылып, әдемі гол соқты. Мұнан кейін доп «Ордабасы» ойыншыларының иелігіне өтті десек болады. Бірақ, қанша ұмтылғанымен діттеген мақсатына жете алмады. Тіпті, кездесудің соңына қарай төрешіге дөрекілік танытқан өзбек легионері Яхшибоев қызыл қағаз алып, алаңнан ерте қуылды. Осылайша, «Ордабасының» жағдайы қиындай түсті. Ал «Тобыл» екі ойыны кем  «Астанаға» чемпион болу үшін даңғыл жол ашып берді. Енді Грегорий Баябан шәкірттері ұпайдан шашау шығармаса биылғы маусымның алтын жүлдесін қоржынына салады.

Айта кетейік, ертең 23-турдың тағы үш ойыны өтеді. «Қызылжар» өз алаңында «Атырауды» қабылдаса, «Қайсар» мен «Шахтер» кездеседі. Ал Семейде «Елімай» мен «Астана» чемпиондықтың тағдырын шешеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×