Назарларыңызға Астана капитаны Ненад Эричпен болған сұхбатты ұсынамыз!
-Ненад, жуырда ғана біріншілікте ЕУРО-2020 іріктеу матчтарына байланысты екі апталық үзіліс болды. Өз құрамаларына шақырту алған футболшылар ойын өткізді. Ал бұл аралық сізге және өзге де ойыншыларға қалай әсер етті?
-"Қайсармен" болған мачтқа қарап үзіліс кері әсерін тигізді деп айта алмаймын. Бірақ бұл да біздің команданың ең үздік ойыны деуден аулақпын. Мен үшін биылғы маусымдағы көңілден шыққан кездесу болды. Ал Шымкенттегі матч біздің әлі де кемшін түсіп жатқан жерлерімізді көрсетті. Қазір ақырындап уақыт өткен сайын физикалық бабымызға келе бастадық. Мейлі, іріктеу кезеңі болсын, Чемпиондар лигасындағы қарсыластардың деңгейі әр кез жоғары. Сондықтан дайындықты күшейтіп жатырмыз.
-Ұлттық құрама сапына қайта оралуыңыз мүмкін бе?
-Қайтып оралмаймын. Мен сол кезде шешім қабылдап қойғанмын. Оның үстіне қазір ұлттық құрама сапында жақсы қақпашылар жеткілікті. Артымыздан өсіп келе жатқан жас буын бар. Оларға да мүмкіндік берген дұрыс болады деп ойлаймын.
-Ал қазір ешқандай өкініш жоқ па?
-Шынымды айтсам, үнемі жоғары деңгейде ойнағың келеді. Маған бұл шешімді қабылдау оңайға соқпады. Алайда, дәл қазіргі уақытта маған клубтық деңгейдегі ойындарға көбірек көңіл бөлген жөн. Өзім Қазақстан ұлттық құрамасының ойындарын жібермей тамашалауға тырысамын. Барынша әріптестерімді қолдауға да дайынмын. Оған қоса іріктеуде барынша көбірек ұпай жинауына тілектеспін!
-Ненад, келесі турдағы өз алаңдарыңыздағы Қайратқа қарсы маңызды ойынды, "Астана-Аренада" өз жанкүйерлеріңіздің алдында емес, Павлодарда өткізгелі жатырсыздар. Бұл туралы сіздің ойыңыз қандай?
-Расында, біз үшін де жанкүйерлеріміз үшін де қиын жағдай. Бұл хабарды естігенде аздап таңырқадым. Шешуші ойынды өз стадионыңда өткізе алмау үлкен мәселе. Меніңше, бұндай жағдай соңғы 5 жылда еуро бәсекелерде тұрақты әрі жоғары деңгейде ойнап келе жатқан "Астанаға" тән болмауы қажет еді. Меніңше, осы жайттың өзі футболға деген көзқарастың дұрыс еместігін аңғартатындай.
Шамкен БАЙЫРБЕК.