- Қайырлы күн, Мұхамеджан. Әңгімеміздің басын өзіңнен бастасақ. Футболға қалай келдің? Неге қақпашы болуды таңдадың?
- Қайырлы күн! Футбол әлеміне қадам басуыма мектеп қабырғасында өткен түрлі жарыстар септігін тигізді. Мектеп командасында ойнап жүргенімде Ильницкий Иван Михайлович мені байқап, өз командасына шақырды. Алғашында алаңда шабуылшы рөлін атқарып жүрдім. Кейіннен өзімді қақпашы ретінде сынап, нағыз позициямның сонда екенін ұқтым. Бәрі осылай басталды.
- Теңбіл доп әлемінде үлгі тұтар қақпашың кім?
- Әлемдік деңгейдегі қақпашылар арасынан айтар болсам Тер Штеген, Ян Облак және Мануэль Нойер! Мен үшін әлемнің үздік киперлері осылар.
- Ресми ойындардан бөлек достарыңмен бас қосып доп тепкен кезде де қақпада тұрасың ба?
- Жоқ әрине. Ресми ойындарда қақпада тұрып жүргенім жеткілікті. Айтып өткенімдей өзімнің бұрыңғы позициямда, яғни шабуылда ойнап тұрамын. Дәл Златан Ибрагимович секілді. (күлді)
- Ал енді әңгімемізді басты жаңалыққа бұрайық. Алда болатын Қазақстан ұлттық құрамасының ойындарына алғаш рет шақырту алдың. Қандай сезімдесің?
- Шынымды айтсам әлі де сенер емеспін. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Ұлттық құрама сапына барып, ондағы атмосфераны сезінгім келеді. Осы артылған сенімнің өзі мен үшін мол жауапкершілік.
- Қазақстан ұлттық құрамасы өткен ойыннан кейін топтың соңғы орнынан бір-ақ шықты. Біздің жігіттердің топ жаруы қаншалықты мүмкін деп ойлайсың?
- Қазір бізге тоқтап қалуға болмайды. Бұл футбол, барлығы мүмкін! "Ойынды тоқсан минутқа дейін емес, төрешінің соңғы ысқырығына дейін ойнау керек" демекші, соңына дейін күресетін боламыз! Алла қалауымен өз ойынымызды көрсетіп, қарсыластарымызды жеңіп, топтан шығатын боламыз!
- Ұлттар Лигасындағы келесі қарсыласымыз Албания құрамасы туралы не ойлайсың? Статистикаға зер салсақ ресми ойындарда біздің құрама әзірге албандардан басым түспепті.
- Иә, Албания осал команда емес. Бірақ албандардан бізде қалыс қалмаймыз. Алдағы ойында бар күш-жігерімізді саламыз.
- Ал енді Қазақстан жастар құрамасына көшсек. Біздің жастар осы жылы әзірге үш ұпайға мүлде қол жеткізбеді. Ойынға не жетіспей жатыр?
- Жастар құрама командасынан бөлек клубта жас буындарға мүмкіндік жеткілікті берілмейді. Сондықтан ойын тәжірибиесі жетіспей жатады! Егер жастарға мүмкіндік беріп, жиі алаңға шығарып тұрса, көрінбей жүрген небір талантты ойыншылардың бағы жанар еді. Әрбір ойыншы күн сияқты, тек жарқырауға мүмкіндік беру керек. Қазіргі жастар құрамының жағдайы бұдан бетер жақсы болар ма еді?! Болашағамыз жастардың қолында екенін есімізден шығармауымыз керек!
- Ел чемпионатында өз алдыңа қойған мақсатың қандай?
- "Таразбен" бірге белестерді бағындырып, биік шыңдардан көрінгім келеді. Тағы бір күн - тағы бір мүмкіндік. Әрбір ойыншының арманы ол үздік болу. Сондықтан менің де Премьер-лигадағы ең үздік қақпашы атанғым келеді.
- Отандастарымыздың арасынан шетел чемпионаттарында өнер көрсетіп жүрген ойыншылардың саны артуда. Сағанда сондай мүмкіндік келіп жатса қай лиганы таңдар едің?
- Мен үлгі алатын ойыншы - жерлесім Бахтиер Зайнутдинов деп айтар едім. Бақтиердың жолымен жүріп өзімді дамытқым келеді.
- Алмат Бекбаевтан кейін ұлттық құрамада қазақ қақпашысы болмады. Енді саған сол кісінің жолын жалғастыруға мүмкіндік туып тұр.
- Иә. Ұлттық құрамаға шақырту алғаныма қуаныштымын. Ендігі мақсатым құрамамен жеңіске жетіп, ел намысын қорғап, көк байрағымызды желбіретсем деймін. Ең бастысы Аллаға шүкір.
Сұқбаттасқан: Шерхан Абзалұлы
Біздің серіктес: FONBET