Менің арманым – АПЛ-де өнер көрсету!

27.04.2024, 08:36

Ол - еліміздегі болашағынан зор үміт күттіретін жас футболшының бірі. Ақтөбеде туылып, Алматыда футболдың қыр-сырын меңгерген талант.  «Аладоп.кз» Алматының «Қайраты» мен Қазақстан Ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Әділет Садыбековпен сұқбаттасқан болатын.

Менің арманым – АПЛ-де өнер көрсету!
Әділет Садыбеков

Бұл сұқбаттан оқитындарыңыз:

  • «Қайрат» академиясының ерекшеліктері
  • «Қайрат-Москва» жобасы жайлы
  • Қазақтан Ұлттық құрамасының «магиясы» туралы
  • Магомед Адиевтің бапкерлік қасиеттері
  • «Қайраттың» биылғы маусымдағы басты мақсаты
  • Алматылық клубтың легионерлері мен жергілікті футболшыларының қарым-қатынасы
  • Әділет Садыбековтің арманы

“Өйткені, балалар мен жасөспірім футболынан кәдімгі ересектер арасына бейімделу, команданың негізгі құрамына өту күрделі процес. Мен өзімнің басымнан өткен соң айтып отырмын. Бұл барлық жағынан қиын шаруа. Ең алдымен психологиялық тұрғыда.

 - Әділет, «Қайраттың» академиясына 8 жасыңызда келгеніңізді білеміз. Клубтың академиясы жайлы тереңірек айтып бересіз бе, сіз үшін несімен ерекше? Жалпы, «Қайраттың» құрылымы жастарға не береді?

-  «Қайраттағы» академияның біздің елдегі ең үздік екені бәрімізге мәлім! Мұнда келген өрендер жан-жақты дамиды. «Қайрат» академиясы футбол ойнауды ғана емес, сондай-ақ, адами қасиет жағынан да көп дүниені үйретеді деп айтар едім. Командаң үшін, жаныңдағы командаласың үшін жаныңды салып ойнайсың, бұл да чемпиондық рухты шыңдайды. Ал академияның футолдағы ең соңғы стандарттарды пайдаланатыны, баланың физиологиялық дамуын ілгерілетуде заманауи технологияларға жүгінетіні баяғыдан-ақ белгілі. Мен тек солардың игілігін көрген адам ретінде өз ойымды қоса аламын.

- Клубтың негізгі құрамына дейін «Қайрат-Москва» дейтін жобада доп тептіңіз.

- Иә, солай. «Қайрат-Москва» жобасы мен үшін үлкен трамплин болды десем қателеспеймін. Жеке өз басым бұл жобада көптеген тәжірибе алдым. «Қайраттың» негізгі құрамынан бұрын сол жақта доп тепкенім жақсы болды. Жобада жинаған аз-кем тәжірибем кейін кәдеге асты. Біз, «Қайрат-Москва» проектісінде болған балалар аз болса да үлкен футболдың иісін сезініп үлгердік. Жалпы, кез-келген клубтың құрылымында осы тектес дүние болса... Өйткені, балалар мен жасөспірім футболынан кәдімгі ересектер арасына бейімделу, команданың негізгі құрамына өту күрделі процес. Мен өзімнің басымнан өткен соң айтып отырмын. Бұл барлық жағынан қиын шаруа. Ең алдымен психологиялық тұрғыда. Өзіңмен жастылармен ойнап-күліп, доп теуіп жүресің. Бір кезде барлығың үшін қол жетпес арман болған команданың негізгі құрамындасың. Қысқасы, ментально дайын болуың керек қой. «Қайратта» осы жағынан дұрыс жұмыс істелуде. Мен тек алдағы уақытта «Қайрат-Москва» секілді жобалар көп болса деймін.

“Үлкен футболға ауысқанда біраз қиналып қаласың. Көп дүние басқаша көрінеді. Міне осы кезде жаныңнан түсіністкіпен қарайтын ұстаздарың табылса, зор бағың. 

- Әділет Садыбеков – 2022 жылғы маусымның жаңалығы! Аз уақытта осындай прогреске қалай жетуге болады? Жалпы, сіз үшін футбол болсын, спорттан тыс мотивация не?

-  Маған ең алдымен тренерский штабтың сенімділігі көмектесті. Жас футболшы үшін бұл аса маңызды. Тіпті, клуб құрылымынан негізгі құрамға өткен өрен үшін бапкерлер сенімі мен қолдауы - ең қажет дүние дер едім. Менің ол жағынан жолым болған адаммын. Үлкен футболға ауысқанда біраз қиналып қаласың. Көп дүние басқаша көрінеді. Міне осы кезде жаныңнан түсіністкіпен қарайтын ұстаздарың табылса, зор бағың сол. Әлі де балалығыңды, соған сай шалалығыңа кешіріммен қарап, сілкіп алатын жерде, керісінше басыңнан сипап қойса, көзіңдегі отты сөндіріп алмаса... Осы сәтті пайдалана отырып, барша бапкерлік штабқа, біздің өсіп-өнуімізге күш-қайратын жұмсаған азаматтарға алғыс айтамын. Одан кейін, әрине, қолдау көрсетіп жүрген ата-анама, інілеріме және де жақын адамдарыма да алғысым шексіз. Олардың ыстық ықыласынсыз бүгінгі дәрежеге жетуімді елестетудің өзі қиын.

“Өзіме келер болсам, алғаш балалармен тренажерде жаттығып отырғанда білдім. Белесебет теуіп отырған едік, өзіміздің ортақ чатымыз бар (Уатсап желісі, редакция). Соған құрамаға шақырту алғандардың тізімін жіберіпті. Қасымдағылар арқамнан қағып жатса да, бірден сене алмадым. Біраз есеңгіреп отырып қалыппын. Ұлттық құрама команданың жейдесін кию - кәсіби футболшыға ең үлкен мәртебе.

- Ұлттық құрамадағы қандай футболшылармен жақын араласасыз, енді ауысқаныңызда сборныйда кімдер қолдау білдірді? Қазіргі құрама командада кімнің ойыны ұнайды? Бұрын ойнап кеткен ардагерлердің ішінен кімдерді ерекшелеп айтар едіңіз?

- Ұлттық құрамадағы барлық ойыншылармен жақсы тіл табыстым. Бұл жағынан да жолым болды. Өйткені, маған ұлттық құрамадағы барлық штаб пен жасы үлкен командаластарым барынша қолдау көрсетуге тырысты. Мен оны өте қатты бағалаймын. Сондай қолдауға жауап ретінде жаттығуда, ойындарда барымды салдым. Қолдауларына осылай рахметімді айтқым келді.

- Әділет, Ұлттық құраманың бір магиясы бар сияқты. Люксембургке гол салғаннан кейін клубтағы ойыныңызда жақсы жаққа бір өзгеріс байқалады. Біз мұны СЕНІМДІЛІК деп айтар едік. «Елімайдағы» Иван Свиридовқа да Ұлттық құраманың оң ықпалы болған секілді. 

- Дұрыс айтасыз! Жәй ұлттық құрамаға шақырту алудың өзі бізге, жастарға әрине, сенімділік береді. Басқасын айтпағанда, жәй сені Қазақстан құрамасына шақырып жатыр деген бір ауыз сөздің өзі... Мұны сөзбен айтып жеткізу қиын. Өзіме келер болсам, алғаш балалармен тренажерде жаттығып отырғанда білдім. Белесебет теуіп отырған едік, өзіміздің ортақ чатымыз бар (Уатсап желісі, редакция). Соған құрамаға шақырту алғандардың тізімін жіберіпті. Қасымдағылар арқамнан қағып жатса да, бірден сене алмадым. Біраз есеңгіреп отырып қалыппын. Ұлттық құрама команданың жейдесін кию - кәсіби футболшыға ең үлкен мәртебе. Мен өте қуаныштымын.

- Наурызда болған ойындардан кейін Магомед Адиев туралы түрлі әңгімелер айтылғанын білесіз. Осыған қатысты жеке өзіңіздің ойыңыз?

- Енді мен не айта аламын? Мықты бапкер екені бірінші жаттығудан-ақ байқалды. Ұлттық құраманы осындай дәрежеге жеткізгені Адиевтің мықты бапкер екенін дәлелдеп тұр. Сұрағыңызға осыдан басқа алып-қосарым жоқ.

- «Қайрат» қазір жақсы келе жатыр. Жалпы, клубтағы атмосфера қалай? Легионерлермен қай тілде сөйлесесіздер, өзара түсінісуде проблема жоқ деп ойлаймыз.

- «Қайрат» футбол клубында атмосфера өте жақсы. Барлық ойыншылар бір-бірімен жақсы тіл табысады. Комуникацияда легионерлермен арада ешқандай кедергі көріп тұрғам жоқ. Бәрі дұрыс. Жаттығу барысында, кейін жасыл алаңда да өзара жақсы түсінісіп жүрміз. Жалған сөйлеп тұрсам, «Қайраттың» ойынынан көрініп қалар еді (күледі)

“Осы жылы барлық командалар жақсы ойыншылар алды. Сондықтан да чемпионат өте тартысты болады деп ойлаймын.

- Биылғы біріншілікте біраз бәсекелестік бар секілді. ҚПЛ-2024 те басты фаворит кім? Сіздің жеке ойыңыз?

- Осы жылы барлық командалар жақсы ойыншылар алды. Сондықтан да чемпионат өте тартысты болады деп ойлаймын. Фаворит дейсіз бе? Ол жағын уақыт көрсете жатар...

- Әділет, білеміз, «Қайрат» амбициясы жоғары команда. Қазір негізгі құрамға академияның балалары көптеп тартылуда. Биыл қай бағытқа басымдық көбірек беріледі? Чемпионат, мүмкін кубок шығар. Еурокубок ойындары бар дегендей.

- Амбиция үлкен, иә, дұрыс айтасыз. «Қайрат» алдына әрдайым биік мақсат қоятын ұжым. Біз әрбір матчта жеңіске жетуді ғана ойлаймыз. Алаңға тек сондай мақсатпен шығамыз. Клуб өз жанкүйерлерін қуанту үшін барын салады. Сондықтан, осы жылы да «Қайрат» клубы барлық турнирде бастапқы орынға таласады деп айта аламын.

“Менің арманым – АПЛ-де өнер көрсету

- АПЛ-де, нақтырақ айтсақ, "Челсиде" ойнағыңыз келетінін білеміз. Тағы қандай чемпионат қызықтырады?

- Иә, дәл солай. Менің арманым – АПЛ-де өнер көрсету. Топ 5 лигаға барып, жақсы өнер көрсетсем, мен үшін үлкен жетістіктің бірі болатын еді. Арман-мақсатыма жету үшін қазір жатпай-тұрмай еңбектенуім керек. Жаттығуда аянбай тер төгіп, өзімнің сәтімді күтемін. Ал ондай мүмкіндік міндетті түрде болады!

- «Қайрат» сияқты сіздің де амбицияңыз жоғары екенін білеміз. Іштей бір мақсаттың бары анық. Жақсы бір чемпионатқа шамамен қанша уақытта ауыса аламын деп есептейсіз?Алдыңызға қойып отырған сондай бір нақты жоспар бар шығар?

- Әрине, әр ойыншы алдына үлкен мақсат қояды. Онсыз болмайды. Спорт болсын, өмір болсын, мақсатсыз адамнан ешқандай пайда жоқ. Мен әрдайым алдыма үлкенді-кішілі мақсат қойып, соған жету үшін талпынып жүремін. Иә, біраз мақсат бар. Қазір оларды ашып айту әлі ерте. Оны уақыт көрсетеді. Өздеріңіз де естисіздер ғой (күледі)

- Әңгімеңізге рахмет, Әділет!

- Сіздерге де рахмет айтамын!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 12
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×