Жуырда ғана «Астана» командасының футболшылары Марин Томасов, Дидар Жалмұқан мен Джуниор Кабананга жанкүйерлермен жүздесуге арналған іс-шараға қатысқан еді. Қолтаңба беріп, фанаттармен естелікке фотоға түскеннен соң жартылай қорғаушы Марин Томасовпен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. -Марин, бүгінгі іс-шарадан алған әсеріңіз қалай? Жанкүйерлермен қаншалықты байланыста болуға тырысысыз?Бүгінгі күн есте қаларлықтай өтті. Осы орайда, біздің барша жанкүйерлеріне алғыс айтқым келеді. Өз басым фанаттармен тығыз байланыста болуға тырысамын. Өйткені, футболды, стадионды жанкүйерсіз көру көңіл қуантарлық жайт емес. Жалпы футболға қалай қадам басқаныңызды айтып берсеңіз. Футболшы болу бала кездегі арманыңыз ба еді? Менің ағаларым үнемі футбол ойнауға немесе матч көруге баратын. Сол кезде мені де өздерімен ала кететін. Осылайша, бұл ойын маған қатты ұнап қалды. Қазір ойлап қарасам футболға деген алғашқы махаббатым сол кезде басталса керек. Сосын футболшы боламын деп шештім. "Астананың" қатарынан 5 жыл чемпиондықты бермей келе жатуының сыры неде деп ойлайсыз? Сосын клубтың биылғы жылғы біріншіліктегі мүмкіндікті қалай бағалауға болады? Үздік сұрмерген болу сіз үшін қаншалықты маңызды? «Астана» командасының бірінші орында келе жатқаны таңқаларлық жағдай емес. Біздің құрамда кілең мықты ойыншылар жиналған. Сосын біздің жанкүйерлеріміз де жақсы. Бәрі дұрыс жолға қойылған дер едім. Сондықтан да біздің мықты болып жүргеніміз соның арқасы. Қазір мен сұрмергендер тізімінде бірінші тұрмын. Бірақ, маусым аяқталғанша көп нәрсе өзгеретіні анық. «Қайраттың» қазір қиын жағдайда келе жатқаны дұрыс емес, дегенімен бізге одан келіп-кетер ештеңе жоқ. Себебі, біздің басты мақсатымыз қазір өз ойынымызды жақсарту. Маған да ең алдымен команданың жетістігі маңызды. Егер бәрі жақсы болса командадағы әріптестерімнің барлығы да керемет көңілде болады.Марин, сіздің Астанада тұрып жатқаныңызға 3 жылдан асты. Үнемі баратын жерлеріңізді айта кетсеңіз. Қаланы жақсы білемін деп айта аласыз ба?Ауа райы керемет болып тұратын кездерде мен отбасыммен бірге серуенге шығамын. Біз бұл қаладағы мықты деген жерлердің бәріне бардық. Әсіресе маған қаланың орталығы ұнайды. Ал былай қатты ұнайтын бір жер бар деп айта алмаймын. Бізге қаланың әр бұрышында ыңғайлы. Менің отбасым бұл қалада өткізіп жатқан күндеріне риза десем артық емес. Жалпы футболдың Хорватиядағы қазіргі аяқ алысы туралы айтып беріңізші. Мысалы, соңғы жылдары командалық және жекелей жетістіктері таң қаларлық. -Хорватия құрамасының ғаламат өнер көрсетуі заңды құбылыс деп есептеймін. Өйткені, мемлекетіміз кішкентай болғанымен талантты футболшылар өте көп. Бір жағынан әлем біріншілігіндегі табысты өнер көрсетуіміз футболдың одан да жоғары қарқында дамуына сеп болмақ. Бүкіл әлем футбол арқылы көп нәрсені дәлелдеуге болатынына сене бастады. Футболшылардан бөлек менің елімде спортшыларда жетіп артылады. Сондықтан болар біз әлемнің әр түкпірінде жақсы нәтиже көрсетіп жүреміз.Қателеспесем, сіз өзіңіз өнер көрсеткен барлық клубта 14 номермен ойнаған екенсіз. Бұл санды таңдауыңызға не түрткі болды? Әлде біз білмейтін сыры бар ма? Ешқандай сыр жоқ. Негізі барлығы да кездейсоқ болған еді. Мені командаға алған алғашқы ұжымда осы 14 номер бос екен. Сосын ойладым, менің нөмерім 14 екен деп. Қанша командаларға ауыссам да осы нөмер мені күтіп тұратындай. Бұл сан маған сенімділік беретіндей болып тұрады.Марин, клубтың алдағы еуро маусымға қойған жоспары туралы не айтасыз? Ең бастысы еурокубок ойындарына жарақатсыз, жақсы бабымызда келсек екен. Ары қарай барлығы кезегімен бола береді. Әрине, мақсатымыз Чемпиондар лигасы немесе Еуропа лигасының топтық кезеңіне өту. Өйткені, біздің тәжірибемізде, әлеуетімізде бұл мақсатты орындауға жетеді. Маған салса таңдауды Чемпиондар лигасына қояр едім. Бірақ, Еуропа лигасы да осал жарыс емес. Екі доданың біреуіне өтуге мүмкіндік болады деп сенемін.