Магомед Адиев: Ұлттық құрама жейдесін кім көрінген кимейді

28.03.2024, 16:27

Сонымен, Қазақстан Ұлттық құрама командасының биылғы Еуропа біріншілігінің жолдамасы жолындағы жорығы аяқталды. Көңілде түрлі ой. Бөркін аспанға атып қуанған грузиндерге деген қызығу да, аздаған қызғаныштың да барын жасыра алмаймыз. Бірақ, не дегенмен, кең пейіл халықпыз ғой. Сәттілік тілеп, бізге де жұғысты болсын дейміз.

Магомед Адиев: Ұлттық құрама жейдесін кім көрінген кимейді

Футболшыларымыз наурызда екі кездесу өткізіп, екеуінде де ұтылды. Афинадағы нокауттан әлі ес жимаған болар. Магомед Адиевтің шәкірттері кеше де жанкүйерлерді қуанта алған жоқ. Люксембургтегі ойынға келер болсақ, жалпы нәтиже көңілден шықпағанымен, бірнеше позитивті моменттерін де айту парыз Біріншіден – Әділет Садыбековтің дебютті голы. Құрама қатарындағы үшінші кездесуі екен. Магомед Адиев өз қызметінде қалсын-қалмасын, бірақ біздің ендігі үмітіміз осы «Қайраттың» футболшысы секілді жастармен байланысты болмақ. Алғашқы минуттардан алаңға шығарып, сенім артыпты, жас футболшы оны толығымен ақтай алды. Иә, сол Садыбековтің екінші минуттағы нәтижелі соққысынан кейін алаңда жартылай қорғаушының өзін де, оның әріптестерін де байқау қиын болады. Бірінші таймның басым бөлігінде бір-ақ команданың ойынын тамашалағандай (тамсанғандай) болдық. Люксембургтің арыны сол Афинадағы гректердің қысымын елестетті. Қос қапталдан қысқан алаң иелерінің вингерлері Еуропаның топ-клубтарына ауысуды армандап жүргендей әсер алдық. Өйткені, оң қапталмен шабуылдаған бір ғана Борхестің өзі Қазақстанның айып алаңына қаншама қауіпті пас асырды. Жалпы, бұл матчта алаң иелерінің қапталдағы футболшылары біздің қорғаушыларды әбден састырғанын айту керек. Люксембургтің бірінші голы - қорғаушылардың өзара келіспей әрекет етуінің салдары (Жерсон Родригештен Марочкинге сәлем!). Гол болған сәтте Быстров пен Марочкин қарсылас шабуылшысын да, оның баспен бағыттаған добын да жай ғана көзбен шығарып салды. Нұралының бұл матчқа құрамға оралуын көңілге медеу тұтып едік. Бірақ, жалғыздың шаңы шықпайтыны рас екен.

Екінші таймда Магомед Мұсаұлы ойынды түрлендіруге тырысты. Біраз өзгерістер енгізіп, жаңа футболшыларды алаңға шығарған. Афинада тізесі дірілдемеген санаулы ойыншының бірі - Ислам Чесноковтың Люксембургпен екінші таймдағы белсенділігіне лайықты баға берген жөн. Бірақ, «Тобылдың» жартылай қорғаушысының ұмтылысын командаластары іліп әкете алған жоқ. Шамалары келмегендіктен бе, қарсылас мүмкіндік бермеді ме? Ол жағы белгісіз. Шыны керек, ойынның соңында Қазақстан құрамасынан толассыз шабуыл күттік. Алайда, іс жүзінде біздің таразы басын теңестіруімізден көрі, алаң иелерінің үшінші голы жақынырақ көрінді. Жасындай жарқылдаған Жерсон Родригеш пен бәсеке барысында алаңға шыққан Эдвин Муратовичтер өз мүмкіндіктеріне ұқыптырақ қараса, солай болатын да еді. Абырой болғанда, бірінші таймның нәтижесі өзгеріссіз қалды. Сонымен, Қазақстан құрамасы Еуро жолдамасы жолындағы сапарын Люксембург жерінде тәмамдады. Германиядағы футбол тойына апаратын жалғыз билет төртеудің ішіндегі (Грузия, Грекия, Қазақстан, Люксембург) грузиндердің қалтасында кетті. Ал біз өкініш пен Қазақстан Ұлттық құрамасының жарқын болашағы туралы армандармен ғана қалдық. 

Кім не айтты: 

Магомед АДИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ 

"Ұлттық құрамаға деңгейі сәйкес деген барлық футболшыны алаңға шығардық. Құрамаға үнемі жаңа есімдерді қосып жүрміз, оны өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Бірақ, сіздер кейбір ойыншылардың атын айтасыздар. Олардың тіпті, өздерінің клубтарында да үнемі ойнап жүрмегендіктерін байқамайсыздар ма? Құрама деңгейіне лайықты емес. Осылай бола тұра, осындай ойыншыға Ұлттық құрама жейдесін кигізіп, бағасы әлдеқайда, тіпті он есе қымбат болуы мүмкін жоғары деңгейлі қарсыластарға қарсы төтеп бергенін көргілеріңіз келеді. Қазақстан құрамасының жейдесін қалай болса солай таратпаймын. Осы жердегі қызметтен кеткенше осы ұстанымымнан айнымаймын. Қазақстан Ұлттық құрама командасының жейдесін адамгершілік қасиеттері мен кәсіби шеберлігі лайық футболшылар ғана киетін болады”. 

Рамазан ОРАЗОВ, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА КОМАНДАСЫНЫҢ ЖАРТЫЛАЙ ҚОРҒАУШЫСЫ 

“Оларда өте мықты, білікті футболшылармен жасақталған команда бар. Бапкеріміз қарсыласқа көп мүмкіндік беріп, қорғанысқа өте «төмен» түсіп кеткенімізді айтты. Меніңше, соңғы пас жетпей жатты. Қарапайым сәттерде өте көп қателік жібердік, әсіресе алдыңғы шепте, әсіресе, мен жиі қателікке бой алдырдым. Кемшіліктерді түзету керек. Грекиядан кейін, иә, әлі де оңай емес, бірақ бұл сылтау болмауы тиіс. Мұның барлығын қазір артқа қалдырып, күзде болатын Ұлттар лигасына дайындалу керек. Тағылып жатқан барлық сындарға қарамастан, жақсы цикл өткіздік деп ойлаймын. Қолымыздан келетінін іспен дәлелдедік, тек ары қарай шеберлікті шыңдай беру қажет”.    
Рамазан Оразовтың шеберлігімізді шыңдауымыз керек деген тұсы өте орынды. Өйткені, Ұлттар лигасында Қазақстанның оппозициясы айтарлықтай жоғарылағанын білесіздер. Екі-үш жыл бұрынғы нұсқадағы Словакия, Әзербайжан не Беларусь емес. Ендігіде Норвегия, Аустрияларға қарсылас атанып отырмыз. Наурыздағы қос ойыннан тиісті қортынды шығармасақ, алдағы компанияларда шекеміздіңдің қызбайтыны анық. Себебі, Холандтің Норвегиясы Грекиядан мықты болмаса, әлсіз емес.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 5
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×