Магомед Әдиев әдемі футбол қоя ала ма?

Ресейлік маман Қазақстан футболын жақсы біледі. Кезінде ойыншы ретінде «Жеңістің» намысын қорғады. Ал бапкер ретінде «Шахтерді» еурокубокте талай жерге апарды.
Магомед Әдиев әдемі футбол қоя ала ма?

Қазақстан футбол федерациясы жанкүйерлерге ұлттық құраманың жаңа бас бапкерін таныстырды. Ол қазақ жанкүйерлеріне есім-сойы жақсы таныс маман – Магомед Адиев. Ендеше «Шахтер» командасының бұрынғы бапкері құрамамызды қалай күшейтеді деген сауалдарға тоқтап өтсек.

Әлеуметтік желіде жанкүйерлер әртүрлі бағытта пікір айтып жатады. Бірі қазақстандық маманның бас бапкер болғанын қаласа, екінші бір тарап еуропалық футболды білетін бапкер келгенін қалайды. Германия, Испания секілді елден бапкер шақырсақ құрамамыз тәуір нәтиже көрсетер еді дейтіндер де бар. Әрине, футбол бұл болжап бағамдайтын спорт емес. Неше түрлі қызықтар болып жатады. Кейде ешкімге таныс емес бапкерлер, құрлықтық додада топ жарып, сенсация жасайды. Ал Қазақстан құрамасына дәл қазір еуропалық маман керек емес деп есептейді Әділет Бәрменқұлов.

-       Дәл қазір Еуропадан бапкер әкелудің қажеті шамалы. Шетелдік маман елге келіп, қазақ футболын зерттеймін дегенше біршама уақыт өтеді. Ал Ұлттар лигасының басталуына небәрі 1 ай ғана қалып отыр. Сондықтан, біз Қазақстан футболын жақсы білетін, әрі еурокубоктерде сәтті өнер көрсеткен Магомед Әдиевті таңдадық, - деді ҚФФ президенті.

Иә, расымен де 3 маусым күні Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы алғашқы матчын бастайды. Дайындыққа 1 ай ғана уақыт қалды. Қазақстан құрамасы 11 күннің ішінде 4 матч өткізуі тиіс. Сондықтан да, бапкердің осы қазірден тағайындалғаны құптарлық іс. Әзербайжан, Словакия, Белорусь құрамаларына қарсы өтетін кездесулер Қазақстан құрамасы үшін үлкен сынақ болары анық. Белорусь пен Әзербайжан құрамаларымен үнемі кездесіп жүрміз, ал Словакия біз үшін жаңа қарсылас. Магомед Әдиев бұл командалар туралы біршама ақпарат білетінін жеткізді.

-       Белорусь, Әзербайжан құрамаларының ойыны бізге жақсы таныс. Словакияның өте мықты екенін барша жанкүйер жақсы біледі. Дегенімен, кез келген қарсыласқа дайынбыз. 11 күннің ішінде футболшыларды тиімді ауыстырып, күшімізді жақсы бөліп тастасақ, нәтижеге қол жеткіземіз. Бұл құрамалардан қорқатын ештеңе жоқ, - деп сендірді Магомед Мұсаұлы.

Магомед Мұсаұлының Қазақстанға тікелей қатысы бар екенін айта кетейік. Оның әжесі кезінде Қазақ даласына жер аударылған. Содан бері Әдиевтер әулетінің тағдыры Қазақстанмен біте қайнасқан. Әкесі Мұса Алматы маңындағы ауылда дүниеге келген. Магомедтің өзі кезінде елордалық «Жеңіс» сапында өнер көрсетті. Көзіқарақты жанкүйерлер бұйрашашты жартылай қорғаушыны жақсы біледі. Өткен жылы ол «Шахтер» командасын еурокубокте біршама жерге дейін апарды. «Стяуа» Бухарест клубын екінші айналымда жарыстан шығарып жіберді. Матч Ереванда өткеніне қарамастан «кеншілер» сенсация жасады. Одан кейін Руслан Костышин баптайтын «Колос» командасынан да айласын асырды. Тек «Маккаби» Хайфа командасына ғана тіс батыра алмады. Оның өзінде де бірінші матчты қарағандылықтар терезесі тең ойнап берді. Ендігі кезек Қазақстан құрамасында. Қысқа уақытта жылдам нәтиже көрсететін Магомед Әдиев құрамамыздың тізгінін ұстап, жанкүйерлерді қуантуы тиіс.

Футбол сарапшылары болса Әдиевтің «Шахтерден» кетіп, Қазақстан құрамасын баптауы бұрыннан күтілген еді дейді. «ҚазСпорт» арнасының коментаторы Олжас Байбосынов Әдиевке сенім артып, әліптің артын күткеніміз жөн деп санайды.

-       Андрей Карповичтің бапкер болуы уақытша құбылыс еді. Оның үстіне Молдованы біз тек пенальти сериясында ғана жеңдік. Сондықтан да, Андрейге деген сенім көп емес. Әдиев жергілікті футболшылардың менталитетін жақсы біледі. Шацкий, Қыбырай, Тәттібаев секілді жігіттер осы маманның қол астында жүріп дамыды. «Шахтермен» маусымды бастаған соң ол кісі наурыз айында жұмысын тастап кете алмады. Енді қазір Қазақстан құрамасымен толыққанды айналыса алады. Өз алаңымызда Әзербайжан мен Белорусь құрамаларын жеңеміз деген үміттемін. Әдиевтің қолынан келеді бұл шаруа. Жалпы, ұлттар лигасының бұл тобында бірінші орын алсақ тамаша болар еді, - дейді футбол сарапшысы.

Әлбетте Қазақстан құрамасына бапкер таңдау үнемі қиын түсіп жатады. Алайда, біз футболшылардың жағдайын да ұмытпауымыз қажет. Допинг дауына ұшырағандардан бөлек, жарақат алған ойыншылардың да саны көбейіп барады. Бұл бас бапкер Магомед Әдиевтің бас ауруына айналып тұрған мәселе. Жаңа бапкер Қазақстан чемпионатының 10-турындағы «Тобыл» - «Ақсу» ойынын тамашалады. Жұмыс басталды. Ендеше, іске сәт Магомед!

Ермұхамед Мәулен

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×