Мәдина Шойкина: «Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі әр ойынды абыроймен өткізуге тырысамыз»

12.05.2021, 01:22
Ұлттық құрамамыз іріктеу кезеңінде Франция, Уэльс, Словения, Грекия және Эстония құрамаларымен күш сынасады.
Мәдина Шойкина: «Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі әр ойынды абыроймен өткізуге тырысамыз»

Футболдан әйелдер арасында Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашыларын жаттықтыратын бапкер Мәдина Шойкина Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында жаңа маусымның жоспарларына тоқталды.

- Мәдина Нұрмағанбетқызы, 2023 жылы Австралия және Жаңа Зеландия елдерінде өтетін Әлем Чемпионатының іріктеу турнирінің жеребесі тартылды. Қазақстан құрамасының қарсыластары белгілі болды. Франция, Уэльс, Словения, Грекия және Эстония құрамалары. Қай қарсыластардан ұпай алуға болады? Жалпы, ұлттық құраманың қарсыластарын бағалап өтсеңіз?

- Әлем Чемпионатының іріктеу турнирінің жеребесі жақында ғана тартылды. Қарсыластарымыз белгілі болды. Олардың арасында бұрын қарсы ойнаған құрамалар да кездесті. Әр құраманың өзіне тән мықты тұстарын айтуға болады. Іріктеу кезеңінің әр ойынын абыроймен өткізіп, ұпай жинауға тырысамыз.

- Франция құрамасы тағы да Қазақстанның қарсыласы атанды. Әлемнің үздік командасына қарсы ойында қақпашыларға көп жүк түседі? Оларға қарсы қалай лайықты ойын көрсетуге болады?

- Франция құрамасы – әлемнің үздігі. Оларға қарсы қаймықпай ойнауға тырысамыз. Әрине, ойынның оңайға соқпайтыны анық. Қақпашыларға көп жүк түседі. Алайда, өткен маусымда Францияға қарсы өз алаңымызда лайықты қарсылық таныттық. Сол себепті жақсы дайындықтың арқасында жақсы футбол көрсетуге болады. 

- Қыркүйек айында басталатын Әлем Чемпионатының іріктеу ойындарына дайындық аясында Қазақстан құрамасы маусым айында Армениямен екі жолдастық ойын өткізуді жоспарлап отыр. Дайындық кезеңінде қандай жұмыстарға басымдық беріледі?

- Маусым айында Армениямен өтетін екі жолдастық ойында жас қақпашыларды қарау және олардың халықаралық матчтарға дайындығын көру жоспарым бар. Ереванда өтетін екі кездесуге көзге түсіп жүрген қақпашыларды шақырғым келеді. 

- Іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасының алдына қандай мақсат-міндеттер қойылды?

- Өткен іріктеу кезеңінің нәтижелерін еске алсақ, ұпайларымыз болған жоқ. Сол сәтсіздіктің орнын толтырып, әр ойынға жоғары дайындықпен келуіміз қажет. Үшінші және төртінші орындарға таласатын қауқарымыз бар. 

- Өткен маусымда жарақат алған Қазақстан әйелдер құрамасының негізгі қақпашысы Оксана Железняктің қазіргі жағдайы қалай? Қақпашы күзде өтетін ойындарға қатыса ала ма?

- Қазақстан құрамасының негізгі қақпашысы Оксана Железняк ауыр жарақат алған болатын. Қазір өзін жақсы сезінеді. Бірақ, әлі де топтық жаттығуларға қатыса алмайды. Күзде басталатын ойындарға аз уақыт қалды. Дайындығы туралы әзірге ештеңе айта алмаймын. Жарақатынан айығып, бабына келу үшін уақыт қажет. 

- Жалпы, қақпашылардан кімдерге сенім арта аламыз? Ел намысын қорғауға дайын жас ойыншылардың арасынан кімдерді атай аласыз?

- Тәжірибелі қақпашылардың арасында «Қызыл-Жар» командасында ойнайтын Ирина Сандалова бар. «Томирис-Тұран» ұжымының қос қақпашысы Назым Исмаилова мене Милана Бурдакова да жақсы ойын көрсетіп жүр. Елордалық команданың намысын қорғайтын Ангелина Портнованың да болашағына зор үмітпен қараймын. 

- Өткен маусымда пандемия салдарынан ішкі біріншілік қысқа форматта ұйымдастырылды. Ал, биыл ел кубогі сарапқа салынып, Қазақстан Чемпионатының алғашқы ойындары өтті. Жаңа маусымнан не күтесіз? Командалардың деңгейі өсті ме?

- Өткен маусымда пандемияға байланысты біздің ел ғана емес, әлем футболы тоқтап қалды. Соған байланысты ел чемпионаты аз уақыт ішінде аяқталды. Ал, биыл чемпионат қызық өтеді деп сенемін. Өйткені төрт тең команда сайысқа түседі. Бұл көптен бері болмады. Чемпиондар Лигасында жақсы нәтиже көрсетіп жүрген шымкенттің «БИІК-Қазығұртын», чемпионатқа жаңадан қосылған түркістандық «Томирис-Тұранды» айтуға болады. Петропавлдың «Қызыл-Жары» мен көкшетаулық «Оқжетпестің» де тәжірибесі мен әлеуеті зор. Менің ойымша биыл Қазақстан Чемпионатының деңгейі өсті. Сол себепті ішкі біріншілік тартысты болады. Осы үрдіс келесі жылы да жалғасын табады деп сенемін. 

- Сұхбатыңызға рахмет! 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×