2026 жылғы ӘЧ іріктеу кезеңінде Қазақстан кімнен ұпай еншілей алады?

Бүгін Швейцарияның Цюрих қаласында 2026 жылы өтетін Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды. Еуропаның футбол қауымдастығына енген 55 ұлттық құрама топ-топқа бөлініп, Қазақстан J тобына түсті. Ондағы қарсыластардың әлеуеті қалай? Кімнен ұпай еншілей аламыз? Іріктеуден суырылып шығуға мүмкіндік бар ма? Соны саралап көрелік.

2026 жылғы ӘЧ іріктеу кезеңінде Қазақстан кімнен ұпай еншілей алады?

Бельгияның алтын дәуірі артта қалды

Джи тобының басты фавориті әлбетте Бельгия. ФИФА рейтингісінде дәл қазіргі таңда 8 орында тұр. ТОП-10 ұлттық құраманың қатарына енген «қызыл сойқандар» бұрын үштіктен түспейтін. Бірақ, Эден Азар, Дрис Мертенс, Ян Вертонген мен Кевин де Брюйнелердің алтын дәуірі аяқталып, бүгінде Бельгияда буын алмасып жатыр. Иә, құрамаға жаңа есімдер келді. Әзірге, ойындары ала-құла. Соңғы өткен Ұлттар лигасында Франция, Италиядан жеңілгені былай тұрсын ортаңқол Израильге ұтылып масқара болды. Топта 4 ұпай жинап А дивизионындағы орнын әрең сақтап қалды. Баяғы Бельгия қандай еді ә? 2018 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдесін місе тұтпаған Азарларға зар болып отыр жанкүйерлері. Бірақ, соншалықты біз мүсіркейтіндей осал емес екені анық. Құрамында Леандро Троссард, Жереми Доку, Лоис Опенда секілді саңылақтары бар Бельгия J тобында сөзсіз мықты. Әлі бабынан таймаған ардагер Ромелу Лукаку Марочкиндерді таптап өтетіндей қауқары бар. Бір кемшілігі, команданың ішкі атмосферасы дұрыс емес. Қазіргі бас бапкері Доменико Тедесконың біраз ойыншымен ара қатынасы суып кеткен. Тіпті, әлемнің үздік қақпашысы Тибо Куртуа Тедеско бапкерліктен кетпесе ұлттық құрамаға оралмаймын деп қасарысып жүр. Жалпы командадан ауызбіршілік кетсе түбі жақсылыққа апармайды. Сондықтан, біздің футболшыларға Брюссельде болмаса да, Астана аренада бір ұпай еншілеп қалуға мүмкіндік бар секілді. Тарихқа шегінсек, сонау 2006 жылы Арно Пайперстің тұсында Қазақстан Бельгиямен сыртта және өз алаңында да тең түсіп, айды аспанға шығарған. Бірақ, одан кейін өткізген 4 матч біздің құрама үшін сәтсіз аяқталған. Бұл жолы қалай болар екен...

Уэльс футболы жаңа белестерді бағындыруда

Уэльс десе ойға бірден Гарет Бейл түседі. Бірақ, Реалдың бұрынғы жұлдызды ойыншысы футболды қойып, бүгінде гольф ойнап жүр. Ұлыбританияның бір бөлігі саналатын Уэльс соңғы жылдардың бедерінде Әлем, Еуропа чемпионаттарынан қалыс қалмай қатысып келеді. Яғни, қара жаяу қарсылас емес. Бекерден бекер іріктеу кезеңінің екінші себетінде тұрған жоқ. Бас бапкері кезінде АПЛ-дағы тәуір шабуылшылардың бірі болған Крейг Беллами. Соңғы жетістіктері де осы Белламимен байланысты. Ұлттар лигасының В дивизионында Түркия, Исландия, Черногорияларды артқа тастап, топта топжарды. Мықтылардың қатарына қосылды. Құрама сапында әлемге әйгілі жұлдызды ойыншылар жоқ. Десе де, Фульхэмнің саңлағы Харри Уильсон, Тоттэнхем ойыншылары Бэн Дэвис пен Леннан Джонсон секілді көшбасшылары бар. Негізінен құрамасының басым бөлігі АПЛ мен Чемпионшип клубтарында доп тебеді. Ұлыбританиялық құрамалардың ішінде Қазақстан Уэльспен тарихында жолы түйіспеген. Бұл екі ел футболшылары арасындағы алғашқы кездесулер болады. Жалпы ұлттық құрама өз тарихында Шотландия мен Солтүстік Ирландияны жеңіп, ағылшын тектес құрамалардан ұпай еншілеп жүр. Сол себепті, неге Уэльсті жеңбеске? Егер футболшыларымыз ерік-жігерге салса бұл британдықтарды қапы қалдыруға әбден болады.

Солтүстік Македония фавориттердің сорына айналуы мүмкін

Солтүстік Македония Еуропаның ортаңқол деңгейлі құрамасы болса да фавориттерге тісін батырып жүрген командалардың бірі. Оған дәлел, македониялықтар 2022 жылы Италияны Катарда өткен Әлем чемпионатына қатысу құқығынан айырып, «скуадра адзураны» плей-офф бәсекесінде жер қылып жеңіп кеткен. Бірақ, жалғыз жолдама үшін финалдық таласта Португалияға есе жіберіп жаһан біріншілігінен тыс қалған. Міне, осындай құраманы қалай осал деп айтасың? Осыған дейінгі өткен іріктеу кезеңінің бірінде «неміс мәшинесін» тоқтатып, Германияның өзін жеңіп кеткен. Биыл Ұлттар лигасының С дивизионында  6 ойында 16 ұпай еншілеп, Армения, Фарер аралдары мен Латвияны қарсылас көрмеген. Солтүстік Македонияның өз тарихындағы ең басты жетістігі 2021 жылы өткен Еуропа чемпионатына қатысуы. Бұл құраманың қазіргі көшбасшылары Жиронаның сұрмергені Боян Миовский мен Лейпцигтің шабуылшысы Элиф Эльмас, Валенсияның қақпашысы Столе Дмитриевский секілді соңғы шепте тасқамал қорғаны бар. Айтпақшы, Қазақстан македониялықтармен жолдастық кездесу өткізіп, Сокпьеде тас-талқан болып 4-0 есебімен жеңілген. Ескендір Зұлхарнайынның ұрпақтары бұл іріктеуде ешкімнен тайсалайын деп тұрған жоқ. Бельгия, Уэльстердің сорын қайнатып, әр ұпайға жармасады. Біздің футболшылар Астана аренада төтеп бермесе, сырт алаңда бәсекелесу өте қиын.

Лихтенштейн Қазақстанның бағына түскен құрама ма?

Бұл құраманың J тобына түскеніне бәрі қуанбаса, ешкім ренжімейтіні анық. Лихтенштейн ұлтарақтай княздік ел. Аумағы бар-жоғы 160 шаршы шақырым. Халық саны небәрі 38 мың. Еуропаның қақ төріндегі дамыған мемлекет демесең, халқы шамамен Арқалық қаласындай ғой. Футбол әлемінде жалпақ тілмен айтқанда «карлик» мемлекет. ФИФА құрамына 1974 жылы енген. Бірақ, алғашқы ресми ойынын 1982 жылы өткізген. Ірі додалардың іріктеу кезеңіне 1994 жылдан бастап қатысып келеді. Лихтенштейн құрамасы ең бірінші жеңісіне 2000 жылы қол жеткізді. Олар сол іріктеуде Әзірбайжаннан басым түсті. Ал бұл құраманың ең айтулы жетістігі 2006 жылы Криштиану Роналдуы бар Португалиямен 2-2 есебімен тең ойнаған. Жалпы осы кезге дейінгі жеңістері бір қолдың саусағымен санарлықтай өте аз. ФИФА рейтингісінде 211 елдің ішінде 204-ші орында. Соңғы Ұлттар лигасында Д дивизионында ойнап, Сан-Марино мен Гибралтары бар топта екі ұпай еншілеп, соңғы орын алды. Алдағы әлем чемпионатының іріктеуінде Қазақстан ең құрығанда Лихтенштейнді ұтып, екі ойында 6 ұпай иеленуі тиіс. Несін жасырайық, біздің құраманы «ешкімді ұта алмады», «позор» деген сөздерден құтқаратын осы княздік елдің футболшылары болайын деп тұр. Бұлардан ұпай жоғалтпайтын шығармыз енді...  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×