![Қазақстан құрамасының бас бапкері: егер құрамаға 15 келі артық маймен келсе, ойнатпаймын. Ұлттық құрамаға шақырту алатындарға талап күшейеді](https://aladop.kz./cache/imagine/1200/uploads/post_items/2025/02/07/67a5985cccd5c576204556.jpg)
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері өзінің алғашқы баспасөз-мәслихатында біраз дүниені тілге тиек етіп, ойын ортаға салды.
Бас бапкер БАҚ өкілдерімен болған кездесуде басты командаға шақыратын ойыншыларға қоятын талаптарын тізіп берген. Енді құрама жейдесін жаттығуда барын салып, аянбайтын футболшылар кимек.
«Асхат Тағыбергенмен біраз сөйлескен болатынбыз. Өзге де футболшылармен қарым-қатынасымыз тығыз. Қандай футбол моделін қолданатынымызды түсіндірдім. Мәселен, Солтүстік Македония құрамасы бір матчта шартты түрде 2 мың шақырым жүгіріп тастайды. Егер біздің команданың физикалық қуаты ондай болмаса, басқалармен бәсекелесуіміз қиын деген сөз. Ал мұндай жағдайда 15 минуттан кейін ойыншының жанармайы бітіп қалады.
Жас болса да жалқауланып, тек паспен ойнайтын Мейрамбек Қалмырзаға да, Мужиков пен Тағыберген, бәріне айтылды. Біздің өз ойын моделіміз қажет. Егер құрамаға 15 келі артық маймен келсе, онда ойната алмаймын. Құрамаға майданда шайқасатындай жігіттер керек. Олар бәріне дайын болуы тиіс. Себебі, бұл футбол соғысы. Құраманың ойынына екі ай бұрын дайындалуың тиіс. Біз енді физикалық дайындық жөніндегі бапкермен байланыста боламыз. Футболшылардың физикалық қуаты өте маңызды», - деді отандық маман.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Әли Әлиевтің бас бапкерлігімен ӘЧ-2026 аясындағы іріктеу кезеңінің ойындарында өнер көрсетпек. Алғашқы қарсыластар Лихтенштей мен Уэльс. Қазақстан іріктеу турниріндегі жорығын наурызда бастайды. Ұлттық команда J тобында Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейнмен таласады.
Біздің серіктес: FONBET