Қазақ футболы үшін өткен жыл несімен есте қалды?

Өткен жыл қазақ футболы үшін жемісті жыл болды деп айта алмаймыз. Ұлттар лигасының В дивизонында ұлттық құрамамыз бір гол соқпастан топта соңғы орын алды. Жалпы енді түзеліп, еңсе көтеріп келе жатқандай көрінген ел футболы қайта бәз қалпына түсті. Жанкүйерлер ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовтің қызметінен кетуін талап еткен еді, одан бұрын ҚФФ-ның Президенті Әділет Барменқұлов өкілеттігін мерзімінен бұрын аяқтап, өз орнын босатты. Жалпы ұлу жылы қазақ футболы үшін несімен есте қалды? Осы сауалға жауап іздеп көрелік.

Қазақ футболы үшін өткен жыл несімен есте қалды?

Сенген серкем сен болсаң...

Қазақ жанкүйерлері үшін Қазақстан құрамасының жетістігінен асқан бақыт жоқ шығар сірә. Бірақ, Ұлттар лигасының В дивизионы арманы асқақ қазақстандықтарды жерге түсірді. Ашығын айтқанда былтыр Еуропа құрлығындағы ең аянышты құрама Қазақстан болды. Осыған дейін, Словакия, Дания, Финландия, Словениялармен терезесі тең ойнаған аяқдопшыларымыз білгенінен жаңылды. Шеберлік жетіспесе де, алаңда мінез көрсетіп қарсыластың мысын басқан құраманы жоғалтып алдық. Сөйтсек, бұрынғы жетістіктердің басты факторы Магомед Адиев екен. Оны мойындау керек. Ал ұлттық құраманың тізгініне келген Станислав Черчесов істің емес, құр сөзбен бөсетін даңғаз маман екеніне көзіміз жетті. Жылына миллион евро жалақы алатын жаттықтырушының тактикасын футболшылар да түсінбеген сияқты. Жеңіс түгіл қарсыластың қақпасына гол соғудың өзі мұңға айналды. Тіпті, шабуылдауды ұмыттық. Алматыда Норвегиямен 0-0 ойнағанымыз болмаса, қалған кездесулердің бәрін ойсырай жеңілдік. Қазіргі құраманың ойынынан түртіп алар түк жоқ. Жеңілген сәтте жаттықтырушылар сәл ұялушы еді. Бұл қазақ журналистерін келеке етіп, орынсыз әзіл айтып елдің ашу-ызасын туғызып жүр. Иә, тым жақсы құрама командамызды мұртты кеп құртты. Енді әлем чемпионатының іріктеуіне дейін Черчесовті құртпаса, құрдымға кеткеніміз кеткен.

Легионерлер қазақ фуболын өсіре ме, әлде өшіре ме?

Былтыр Қазақстан Премьер-лигасында легионерлерге қойылатын шектеуді алып тастады. Федерацияның осы бір шешімі қоғамда қызу талқыланып, біраз дау туғызды. Шет елден келген келімсек футболшыларға қатысты бұл өзгеріс қызық болғанда Парламенттегі депутаттарды да ұйқысынан оятты. Жаңадан енген жаңашылдық бойынша алаңда 11 легионер жүруге рұқсат етілді. Бұл дұрыс па, бұрыс па? Жалпы осы кезге дейін қазақтың нанын жеп, елден кетсе футболымызға түкірген легионерлер жетерлік. Сөйте тұра, биыл оларға есігімізді айқара ашып бердік. Бірақ, одан біздің футболымыз жақсарып, ішкі чемпионатымыздың деңгейі шарықтап өсіп кеткен жоқ. Мәселен, өткен маусымда Қазақстан Премьер-лигасына қатысқан 13 команданың сапында 139 легионер доп тепкен. Әр клуб шамамен 11-12 шетелдік футболшымен толыққан. Бұл тізімде 13 легионермен «Астана» көш бастап тұр. Ал ең сорақысы, кейбір клубтар біріншілік барысында алаңға түгелдей легионерді шығарған кездері болды. Бұл - парадокс! Еліміздің ішкі чемпионатында бірде-бір қазақ футболшысына негізгі құрамнан орын табылмау отандық футболға жасалып жатқан қастандық! Тіпті, басқасын айтпағанда ұлттық құраманың біраз белді ойыншылары биыл жасыл алаңнан гөрі қосалқы құрамның орындығында көп отырды. Осыдан кейін олардан қандай нәтиже күтеміз? Кімді кінәлаймыз? Ашығын айту керек, ҚПЛ-дағы біраз бапкердің неге легионерлерге бүйрегі бұрады? Өйткені, олар алаңға шықса ойыншыға берілетін «гонорардың» бір бөлігі бас бапкердің қалтасына түседі. Әйтпесе, ақша үшін жүрген келімсектен бізге не пайда? Бұдан ел футболы өспейді. Керісінше өшіп барады. Дәл осы бетімен кете берсе алдағы бірер жылда ұлттық құрамаға ойыншы таппай қалатын түріміз бар. Сондықтан, ең бірінші кезекте легионерлерге шектеуді қайта енгізу қажет! Өйткені, бұл отандық футболдың болашағы үшін маңызды мәселе. Қайдағы жоқ каямба-маямбалар келед-кетеді, ал елдің намысын Еуропа алаңдарында қорғайтын өзіміздің аяқдопшылар!

ҚФФ жаңа Президентінен не күтеміз?

Жыл жабар тұста Қазақстан футбол федерациясының жаңа Президенті сайланды. Әділет Бәрменқұловтың тұсында ел футболында көптеген оң өзгерістер болды. Соның ішінде, «Алаң» жобасының игілігін айрықша атап өткен жөн. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі тозығы жеткен футбол алаңдары жаңғыртылып, ауыл-аймақтағы балалардың футболмен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалды. УЕФА қаржысына 30-ға жуық стадионның жасыл төсеніші ауыстырылыпты. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады деген үміттеміз. Әділет Назарбайұлының ұлттық құраманың бас бапкері етіп Станислав Черчесовті таңдауы қателік болғанын ендігі өзі де түсінген болар.

Ал жаңа Президент Марат Омаровтан не күтеміз? Бәсекелестікті қорғау агенттігін басқаратын лаузымды тұлға ҚФФ-на қандай жаңашылдық әкеледі? Англияда білім алған азамат ең бірінші төрешілер корпусына қатаң тәртіп орнатуы керек. Әйтпесе, ел чемпионаты жылдан жылға «циркке» айналып барады. Тағы бір мәселе, футболдағы жемқорлық. Федерациядан бастап барлық клубтардың қаржылық кірістері мен шығындары ашық дерек көздерде жариялануы тиіс. Яғни, ашықтық болу керек. Сондай-ақ, өткен жылы ел біріншілігі ойындарының трансляциясы жанкүйерлердің біраз жүйкесін жұқартты. Сондықтан, биыл футбол түсіріліміне келгенде сапаға мән беру қажет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×