Камбэк пен сенсация. ҚПЛ қызып тұр

Бүгінгі ойындардан кейін ештеңе де өзгермеді. Шиеленіс одан әрі шырмала түсті. 

Камбэк пен сенсация. ҚПЛ қызып тұр

“Атырау” – “Тұран”

Мұнайшылар салған жерден шабуылға лап қойды. Кубокта жеңілген соң, алаңға шығып, қарсыласты жұлмалап тастағысы келді. Ойын солай болды да. “Атырау” 3 гол салып, сенімді түрде жеңіске жетті. Мұндайда қазақ “тазы ашуын тырнадан алды” демей ме?! Кешірім сұрап жазадан құтылғысы келіп жүрген Николай Сигневич гол салып, матчтағы пайдалы ойыншының бірі болды. Ал “Тұранға” осы матчта 1 ұпай жеткілікті болар еді, бірақ ұпай туралы ойлау мүлде мүмкін болмады. 

“Жеңіс” – “Тобыл”

“Жеңіс” премьер-лигадағы орынды сақтау үшін жанталасып жатқан команда ғой. Сондықтан, соңғы матчтарда барын салып ойнап жатыр. Себебі, артқа шегінерге жол жоқ. Екі гол салып, “Тобылды” жеңіп жатқаны елдің бәрін таңқалдырды. Негізі қостанайлық команданың үздік үштікке кіріп кететін тамаша мүмкіндігі болған. Бірақ, Руй Коштаның жалғыз голы жеңіске жетелей алмады. Тіпті, тең түсуге де жетпеді. Нұрбол Жұмасқалиевтің әлі піспеген бапкер екені байқалып қалды. Әжептеуір құрамы бар бұл команда ТОП 4 қатарына да кіре алмайтын секілді. Маусым басында чемпиондық біздікі деп ел қорқытқан Әлімжан Қалдияр, енді не деп ақталар екен? Кім кінәлі? Бәлкім ақ қайың?!

“Ақтөбе” – “Қайрат”

Матч барысында неше түрлі қызығы мен шыжығы болған бұл кездесу ел жадында қалары анық. Бірінші болып гол салған “Қайрат” жеңіс жайлы ойлай бастаған еді. Бұрыштама кезінде Громыко гол салып кетті. Одан кейін де ойынды бақылауда ұстап, жақсы жүрген. Трибунада отырған Қайрат Боранбаев та мәз-майрам еді. Бірақ, 82-минутта Фредди Гандола таразы басын теңестірді. Міне, дәл осы тең нәтиже “Ордабасыға” майдай жағып тұрды. “Екеуі бір-біріне тең қарсылас екен, тең түсетін болды ғой” деп отырғанда Ыдырыс Ұмаев командасын есепте алға шығарды. 88-минутта жеңісті гол салу деген қандай күшті! Ыдырыс осы голын 2 күн бұрын өмірден өткен ағасына арнады.

Айтпақшы, осы кездесуге “Ақтөбе” сапында Себальос қатыспады. Ол баласының ауырып қалғанына байланысты бапкерден сұранып кетіпті. Ал Уче Агбо өткен жолы қызыл қағаз алғаны үшін алаңға шыға алмады.  

 

1  Ордабасы 20 11 6 3 32-18 39
2  Ақтөбе 21 10 7 4 34-23 37
3  Елімай 21 10 7 4 34-26 37
4  Қайрат 20 10 5 5 29-18 35
5  Астана 18 9 4 5 23-16 31
6  Тобыл 20 8 6 6 29-21 30

 

Турнирлік кестеге көз жүгіртсеңіз “Ордабасы” көш бастап, керемет келе жатқанын байқауға болады. Алайда, бұл команданы алда ауыр кездесулер күтеді. Бір ойыны кем, әрі 2 ұпайы көп болып тұрған шымкенттіктер біріншіліктің басты фавориті саналады. 18 ойын өткізген “Астана” 3 ойын қатарынан жеңіп, 9 ұпай еншілесе 40 ұпай алып, “Ақтөбе” мен “Елімайды” озып кетуі ғажап емес. Алайда, олардың Уэльс еліне сапар шегіп, еурокубок матчын ойнайтынын да ескергеніміз жөн. Бір жақсысы, командаларға демалыс керек болып тұрғанда ұлттық құраманың матчтары да келе қалды. 10 күні сыртта Аустриямен ойнасақ, 13 күні Алматыда Словениямен ұшырасамыз. 

23-тур.

 

 

19 қазан

Елімай - Астана

 

 

19 қазан

Жеңіс - Жетісу

 

 

19 қазан

Қайрат - Тұран

 

 

19 қазан

Қайсар - Шахтер

 

 

19 қазан

Қызыл-Жар - Атырау

 

 

19 қазан

Тобыл - Ордабасы

 

23-тур матчтары жайлы сараптай отырыңыздар. “Тобыл” – “Ордабасы” кездесуі деген енді сұрапыл болайын деп тұрғандай. “Бізге болды ештеңе керегі жоқ” деп “Тобыл” “Ордаға” оңай жығыла салмаса, тартыс болары айдан анық. Тең ойнап немесе қостанайлық команда жеңіп кетсе онда бұл өзге 4 команда үшін керемет болады. Сонымен қатар, “Елімай” – “Астана” ойыны да адам шошытарлық афиша берері бесенеден белгілі. Арты төбелес, жанжал, дау-дамай болатынын болжап отырмыз. “Төреші кінәлі, мына жерде таза пенальти еді, ҚФФ әдейі істеп отыр, колунада мен цирк” деген сөздерді естуге дайынбыз. Ал негізінде, бұл ойын мүлде басқаша өтуі мүмкін. Тәжірибиесі толысқан ”Астана” арындап тұрған “Елімайға” не көрсетер екен, оны тек қана уақыт көрсетеді. Бүкіл Қазақстан көретін мына матчта төреші барынша әділ болып, қара қылды қақ жарады деп сенеміз. Атауы ақырып тұрған айқаста кім көп гол салады сол жеңіске жетеді.   

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 26
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×