Калиду Кулибали «Челси» ойыншысы атанды

16.07.2022, 16:13
Трансфер құны 40 миллион еуроны құрады.
Калиду Кулибали «Челси» ойыншысы атанды

«Наполидің» 31 жастағы сенегалдық қорғаушысы Калиду Кулибали ресми түрде лондондық «Челсиге» ауысты.

«Мен «Челси» командасымен бірге болғаныма өте қуаныштымын. Бұл әлемдік деңгейдегі үлкен клуб және Премьер-лигада ойнау әрқашан арманым болатын. 2016 жылы «Челси» маған қызығушылық танытқан кезде ауыса алмаған едім. Биыл клуб маған тағы да ұсыныс жасады, мен қабылдадым, өйткені олар менің Премьер-лигада ойнағанымды қалайды.

Достарым Эду және Жоржиньомен сөйлескеннен кейін маған таңдау жасау оңай болды. Осы тұста жанкүйерлерге де алғысымды білдіргім келеді, өйткені мен Лондонда және ұшақта көптеген адамдармен кездестім және олардың барлығы менің бұл қадамыма риза болды. Жаңа маусым шынымен де сәтті болады және біз жанкүйерлерге жағымды сәттер сыйлай аламыз деп үміттенемін», - деді Кулибали.

Ойыншы «Челсимен» төрт жылдық келісім-шартқа отырды. Бұған дейін лондондық клубтың Кулибали үшін 40 миллион еуро төлейтіні және оның жылдық жалақысы 10 миллион еуроны құрайтыны хабарланған болатын.

Өткен маусымда Калиду «Наполи» жейдесінде 37 ойынға қатысып, үш гол соқты, үш нәтижелі пас берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×