Гурбан Гурбанов: «Егер қорғаныспен ойнайтын командаға қысым жасай берсеңіз, ол ерте ме, кеш пе қателеседі»

22.10.2021, 15:53
«Карабахтың» бапкері соңғы 15 минуттағы керемет ойынына ненің себеп болғанын айтты.
Гурбан Гурбанов: «Егер қорғаныспен ойнайтын командаға қысым жасай берсеңіз, ол ерте ме, кеш пе қателеседі»

Әзірбайжандық «Карабахтың» бас бапкері Гурбан Гурбанов Конференция лигасының үшінші турында «Қайратпен» өткен ойын (2:1) туралы пікір білдірді:

- Өте жақсы командаға қарсы ойнадық. Олар бізге стандарттық жағдайлардан қиындықтар туғызды және физикалық жағынан мықты екен. Бірінші таймда олар өте жақсы прессинг жасап, жылдам шабуылдар ұйымдастырды. Ойынның бірінші жартысы оңай болған жоқ. Екінші таймда, керісінше, біз оларға қиындық тудырдық. Жігіттердің рухы түспеді және жеңілгісі келмеді. Оларда бүгін жеңіске деген ниет болды. Жанкүйерлер футболшыларға күш берді. Ұзақ уақыт бойы стадионда мұндай атмосфера болмаған еді.

- Үш матч және жеті ұпай. Топтық кезеңдегі жұмыс шамамен қанша пайызға атқарылды?

- Алда тағы үш тур және тоғыз ұпай бар. Екі ойынды сырт алаңда өткіземіз. Оңай емес. Қарсыластар да бізге қарсы ерекше дайындықпен келеді. Үш ұпайлық жүйе кезінде босаңсуға болмайды. Кипрдегі 4:1 деген есептен кейін көптеген адамдар бізді бүгін оңай жеңеді деп ойлаған шығар. Бірақ мен кеше «Қайраттың» «Базельден» жеңілгеніне (2:4) алданып қалмау керектігін айтқан едім. Қалған ойындарға байыпты көзқараспен қарау керек.

- Соңғы 15 минуттың «рецептін» айта аласыз ба?

- Мұндай командалар 90 минут бойы ойынның қарқынын ұстап тұра алмайды. Қателіктердің пайда болатыны анық. Біз өз мүмкіндігімізді күттік. Бірінші таймда мен жігіттерді сабырға шақырдым. Егер қорғаныспен ойнайтын командаға қысым жасай берсеңіз, ол ерте ме, кеш пе қателеседі. Екінші таймда алаңға шыққан футболшылар өздерін жақсы жағынан көрсетті. Жанқиярлық ойын арқылы жеңіске жеттік.

- Голды сынның астында жүрген футболшылар соқты…

- Мен футболшымның әрбір голына қуаныштымын. Бірақ жасырмаймын, Рамиль Шейдаевтың голына өте қатты қуандым. Егер адам өзімен көп жұмыс істесе, онда мен оны жақсы көремін және оған сенемін. Аббас Гусейнов шабуылда бұдан да белсенді бола алады. Мұндай голдар футболшыға сенімділік береді.

- Конференция лигасындағы қандай нәтижеден кейін футболшыларға толықтай көңіліңіз толады?

- Соңғы уақытта мен футболшылардан қайсарлықты талап етемін. Бұл мен үшін өте маңызды. Осыдан кейін нәтиже де болады. Егер жеңісті жолымызды жалғастырсақ, онда мен оларға риза боламын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×