Соңғы бір жыл бойы Георгий Жуков Қазақстан құрамасына шақырту алмады. Кейбіреуі құжаттарға байланысты мәселе туындады десе, кейбіреуі федерация басшылығы оны елдің басты командасында көргісі келмейді деп айтуда. Meta-ratings.kz сайты польшалық "Висланың" жартылай қорғаушысынан осы жағдайдың мән-жайын сұрап білді.
- Георгий, жағдайыңыз қалай? "Висла" өткен жылмен салыстырғанда позициясын тұрақтандырған сияқты, ал сіз үнемі алаңға шығып жүрсіз. "Қайраттан" кеткеннен кейінгі мансабыма көңілім толады деп айта аласыз ба?
- Рахмет менде бәрі жақсы! Мен өзім үшін жаңа сынақ тапқаныма өте қуаныштымын. "Висла" турнирлік кестедегі орнына қарамастан, "Легиямен" дәрежесі тең үздік клуб. Танымалдылығы жағынан оны Ресейдегі "Спартакпен" салыстыруға болады. Мен осында келгенімді мақтан тұтамын. Күнделікті өмірімде бәрі жақсы, қайда барсам да мені көшеде таниды, бұл өте жақсы әсер қалдырады. Бұл маусым алдыңғы маусымға қарағанда сәтті өтуде. Тек алға қарай жылжитын боламыз.
- Сіз "Қайратты" бақылап жүресіз бе? Команданы және Қайрат Советайұлын чемпиондық атағымен құттықтадыңыз ба?
- Әрине, мен "Қайратты" және жалпы чемпионатты бақылап отырамын. Мен де жігіттерді және жаттықтырушылар құрамын құттықтадым. Әсіресе Алексей Николайұлы Шпилевскийді, өйткені менің ойымша, команда соның ерен еңбегінің арқасында чемпион атанды. Ол ойынды ұйымдастырды, нәтижесін көрдіңіздер. "Қайратта" өте керемет командалық ойын бар.
- Вагнер бір жыл бұрын келгенде, сіздер чемпион бола алар ма едіңіздер?
- Вагнер өте шебер футболшы және, әрине, ол үлкен үлес қосты, бірақ "Қайрат" ең алдымен, командалық ойынның арқасында чемпион атанды. Жақсы реттелген тактика мен қуатты прессинг те көмектесті.
- Сіз Шпилевскиймен бір маусым жұмыс істедіңіз. Менің ойымша, сіз оның футболымен өте жақсы үйлесетін сияқты көріндіңіз: сіз көп қозғаласыз, белсенді боласыз, тез шешім қабылдайсыз. Сіздің ойыңызша, тағы бір маусымға қалу керек пе еді?
- Мен команда үшін ойнайтын футболшымын және әрдайым жаттықтырушының талаптарын ескеремін. Мен футболшы ретінде допты көбірек бақылағанды ұнатамын, бірақ сіз бапкерді құрметтеуіңіз керек, әркім тактиканы ұстануы керек, өйткені бұл жетістікке жетудің жалғыз жолы. Жоқ, мен кеткеніме мүлдем өкінбеймін. Польшада мен жаңа эмоцияларға және жаңа сынаққа тап болдым. Қазақстанда чемпион атанып, Чемпиондар лигасында ойнап көргендіктен, жаңа нәрсе керек болды.
- Қазақстан мен Польша футболының басты айырмашылығы неде?
- Польшада ойыншылар допты өз айып алаңдарынан оңайлықпен шығармайды десем де болады, командалар қарсыластың қысымынан кейін пас беру арқылы қорғаныстан шығуға тырысады. Қазақстанда да, Ресейде де командалар нәтиже үшін ойнайды, бірақ бұл жерде шабуылға көп мән береді, тәуекел жасаудан да қорықпайды. Бірақ менің ойымша, мұндай жағдайда футболшы тек алға жылжитын сияқты.
- Бір жыл бұрын мен Михал Билекпен сөйлестім, ол сені ұлттық құрамаға шақыруға рұқсат етілмегенін айтты. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Әлеуметтік желідегі мәлімдемеңізде ме?
- Шынымды айтсам, мен Билектің бұл сөзі туралы ештеңе білмеймін. Біздің тек телефонмен сөйлескенімізді айта аламын, ол мені ұлттық құрамаға шақырғысы келген сияқты. Бірақ бәрі артта қалды.
- "Мен ұлттық құрамада Қайрат Боранбаевты құрметтегендіктен ойнадым" деген сөзіңіз нені білдірді? Мұның жанкүйерлерге ұнамағаны анық.
- Бұл сөз мүлдем қате болды, мен ондай мағынада айтқым келмеді. Мәселе мынада, мен Бельгияда өстім, орыс тілде керемет сөйлей алмаймын, сондықтан адамдардың мені түсінбейтін кездері болады, кейде ойымды өзім қалағандай толық жеткізе алмаймын. Мен өткен жылы Қайрат Советайұлымен болған сұхбатты қарадым, онда ол менің атымнан бәрін жақсы түсіндірді. Тағы бір рет қайталаймын: Instagram-дағы сөздеріммен ешкімді ренжіткім келмеді.
- Жақында Талғат Байсуфинов сіздің төлқұжатыңызға байланысты қиындықтар бар екенін айтты. Бұл рас па?
- Шынында да, мен Қазақстаннан кеткен кезде бюрократиялық мәселелер болды. Бірақ, Құдай қаласа, бұл мәселе шешімін табады. Менің жағдайымды адамдар білсе, түсінер еді деп ойлаймын. Бірақ бұл менің мәселем, мен оларды өзім шешуге тырысамын. Барлығы тезірек шешіледі деп үміттенемін.
- Қорытындыласақ: сіз Қазақстан құрамасында ойнаудан бас тартпайсыз ба?
- Қазақстан құрамасында ойнау мен үшін үлкен мәртебе.
- Сіз футболшы үшін ең жақсы жастасыз. Висла мансабыңның шегі емес пе?
- Мен қазір 26 жастамын, болашақ жайлы ойлағым келмейді. Ең бастысы денсаулық, содан кейін бәрі тек маған байланысты. Бірақ мен үлкен мақсаттар қоятын адаммын және жеңіске жеткім келеді, мүмкін болса одан да көп нәрсеге қол жеткізгім келеді.
Біздің серіктес: FONBET