Футболмен ауырған дәрігер

13.01.2011, 22:52
Футболмен ауырған дәрігер

«Біреудің үш ұлы болыпты: екеуі өте ақылды екен де, үшіншісі... футболшы екен» деген зілді әзілдің Бразилияда қаншалықты танымал екенін кім білсін, алайда, теңбіл доптың қыр-сырын түгел меңгерген ойыншылардың ой-өре жағынан анау айтқандай артылып көзге түсе алмайтыны – рас дерек. Бірақ футболшылар арасында да интеллектуалдардың кездесетініне Бразилия құрамасының 80-жылдардағы капитаны Сократес дәлел бола алады.

Оқымысты ойыншы

Бұған «кінәлі» – Сократестің әкесі Раймундо мырза. Федералдық салық агенті болып қызмет етсе де, тарихи-ғылыми, пәлсапалық әдебиетке әуес, әсіресе көне грек ойшылдарына табынатын, олардың қанатты сөздерін жатқа соғатын отағасы әуелгі үш ұлына сол өзінің пірлерінің атын қойыпты: Сократес, Состенес және Софоклес. Төртінші ұлға келгенде ол әдеттен жаңылды ма, әлде «С»-дан басталатын басқа ойшылдар еске түспеді ме, әйтеуір ақсақал кенже баласына өз есімін беріпті. Еркелетіп «Райи» деп атағандықтан, бірте-бірте осы қысқартылған есіммен танылған ол ағасының жолын қуып, танымал футболшы болды, 1994 жылы ұлттық құрама сапында әлем чемпионы атанды.

Сократес Бразилейро Сампайо де Соуза Виейра де Оливейра – біздің кейіпкеріміздің толық аты-жөнін бір деммен айтып шығу да оңай емес (көне грек аттасынан ерекшелену үшін «Бразилейро» дегенді өзі қосқан). Төрт ұлдың ішінде әкесіне тартып, кітапқұмар болған ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ Платон, Кант, Фрейд, Макиавелли, Руссо сынды ғұламалардың еңбектерімен түгел танысып шығыпты.

Әрине, жұмыр жердегі алғашқы қадамы ала допты тебуден басталатын басқа да бразилиялық балақайлар секілді Сократес те футболға титтейінен құмартқан. «Бірде жасыл алаңда жаттығу жасап жатқан ойыншыларды көріп, есім кетті. Дереу бәрін басқарып тұрған бапкерге барып, менің де ойнағым келетінін айттым. Сәті түскенде, олардың бір жартылай қорғаушысы ауырып, келе алмай қалыпты. Мені лезде соның орнына қосты. Олар шамамен 20 жастағы жігіттер-тін, ал мен... 11-де едім! Жасымды сұрамаған себебі, мен сол кездің өзінде бойшаң-тұғынмын» деп еске алады болашақ жарық жұлдыз.

Бұл – «Рано де Оуро» атты шағын футбол клубы еді. Балақайдың ала допты аялағандай әдеппен қимылдайтын әсем техникасына қызыққан бапкер екі күннен соң оның жасына да қарамастан командаға қабылдайды. Ал Сократес 16-ға толғанда «Ботафогоның» (Гарринча ойнаған әйгілі Рионың «Ботафогосы» емес, Рибейрао-Прато қалашығының ортаңқол ғана командасы) жастар құрамына жаттықтырушы болып тағайындалған оның алғашқы бапкері жаңа қызмет орнына мұны да ала кетеді. Бойы 188 см болғанымен (25-ке келгенше тағы 5 см өседі), салмағы 70 келіге де жетпейтін сырықтай бозбала дене күші дайындығымен айналысатын мамандардың көмегімен көп ұзамай екі иығына екі кісі мінгендей нағыз атлетке айналады.

Аталмыш клубпен алғашқы кәсіпқойлық келісім жасасқанда, Сократес оларға «университеттің медицина факультетіндегі оқуыма кедергі келтірмейсіздер» деген шарт қойған екен. Сөйтіп, 17 жасында бастаған оқуын 6 жылда бітіріп, 1977 балалар дәрігері мамандығын алып шығады. Әуелде «дипломым қолыма тиген соң спортты қойып, ауырған балалардың денсаулығына араша түсемін» деп ойлаған жас жігіттің жоспары жүзеге аспай, жарқырап келе жатқан футбол жұлдызына атақты командалар сөз сала бастайды. Ақыры ол «Коринтианстың» шақыруын құп алады.

Дегенінен қайтпас демократ

Клуб қожайыны Висенте Матеус көп ұзамай «сау басына сақина» тілеп алғанын ұғады. Өйткені, «дәрігер бала» сонымен қатар «бүлікші» де болып шықты! Білімдар, табанды, жігерлі жігіт сөзге шешендігінің, адамдарды өз көзқарасына иландыра білуінің арқасында аз уақыт ішінде әріптестері арасында орасан зор беделге ие болып, клуб тіршілігіне біраз өзгеріс енгізді. Мәселен, команда мүшелері біліміне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына, алатын жалақысына, тіпті саяси көзқарасына қарамастан тең құқылы болды. Бір нәрсеге келіспеген ойыншы өз ойын ортаға шығып, ашық айта алатын. Оның пікірі талқыға салынатын. Өз еркімен кетем деушілерге қысым көрсетілмейтін. Футболшылардың жалақысы елдегі инфляцияға байланысты реттеліп отырды және бұдан былай олар бапкерді өздері сайлайтын болды! Мұны сол кездегі баспасөз «Коринтианс» демократиясы» деп атады.

Бразилияны диктатура дендеп тұрған сол жылдардың өзінде Сократес саяси көзқарасын ашық білдіретін. Ол әдейі шашы мен сақалын өсіріп, бүкіл латынамерикалық жастардың пірі саналатын Че Гевараға ұқсауға тырысты. «Халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін қару ұстау қажет болса, мен оған да дайынмын» деді ол бір сұхбатында. Елдің саяси өміріне белсене араласқан ол 1984 жылдың 16 сәуірінде 2 миллион (!) адам қатысқан митингіде сөз сөйлеп, сайлаудың ерікті жүргізілуін талап етті. «Егер билік осыған келіссе, онда мен елден кетпеймін» деді ол, өйткені, соның алдында ғана Сократесті итальяндық «Интер» өзінің алғы шебіндегі Румменигге мен Альтобеллиге пас шығарып беруші диспетчер ретінде көргісі келетінін жеткізген-ді. Алайда, сенат бұл талапты қабыл алған жоқ, сосын футболшы Италияға аттанды. Бірақ «Интерге» емес, «Фиорентинаға». Өйткені, бұл клуб футболшыға өте қолайлы жағдай туғызды: жылына 825 мың доллар жалақы, 4 баласын тегін оқыту және т.б. жеңілдіктер...

Сіз білесіз бе, Сократес...

...1954 жылдың 19 ақпанында Пара штатындағы Белем қалашығында (Бразилия) дүниеге келген;

...Бразилия ұлттық құрамасының сапында 60 ойын өткізіп, 22 гол соққан;

...Екі Әлем чемпионатына барып (1982 және 1986), финалдық турнирлерде жалпы саны 10 ойын өткізіп, 4 гол соққан;

...Оңтүстік Американың 1983 жылғы үздік футболшысы;

...«Ботафого», Рибейрао-Прато (1970-1977), «Коринтианс» (1978-1983), «Сан-Паулу» (1983-1984), «Фиорентина», Италия (1984-1985), «Фламенго» (1985-1987), «Сантос» (1988) клубтарында өнер көрсеткен.

Флоренцияда екі жыл ойнауға тиісті демократ бір-ақ жыл шыдады. Біріншіден, саясатқа бей-жай қарамайтын Сократес еліне бірнеше рет барып қайтам деп, команда жетекшілерімен ренжісті. Екіншіден, итальян тілін үйренген жоқ, ал аудармашы оқымысты ойыншының сөзінің жартысын түсіне алмады. Үшіншіден, танымал тұлға болғандықтан, оның әр қадамы жергілікті папарацци тарапынан қадағаланып, не істесе де, ертесіне-ақ бүкіл елге мәлім болып отырды. «Әйеліммен, бала-шағаммен көшеге шығудың өзі мұң болды» деп еске алады футболшының өзі. Төртіншіден, команданың нәтижелері де ел күткендей болмады. Және, ең соңында, әділдіксүйгіш Сократесті «алдын ала келісілген ойын» деген пәле жирендірді.

«Біз маусым соңында нәтижесінің біз үшін еш маңызы жоқ матч ойнадық, – дейді ол. – Алаңға шығар алдында мен әріптестерімнің «бүгін тең ойнауға тиіспіз» деп сыбырласып жатқанын естіп қалдым. Ызам келді де, «мен тек жеңіс үшін ойнаймын» дедім. Сенсеңіз, 45 минут бойы аяғым допқа екі-ақ рет тиді, онда да кездейсоқ! Командаластарым маған бір рет те пас бермеді! Үзілісте мен екінші таймға қатыспайтынымды айттым да, заттарымды алып, кетіп қалдым. Мұндай масқараға куә болғым келмеді. Ақыры матч 0:0 есебімен тең аяқталыпты!».

Отанына оралған соң, Сократес «Фламенгода», «Сантоста» ойнады.

Пешенеге жазылған пенальти

Ұлттық команданың сары-жасыл жейдесін алғаш 1979 жылы Парагвайға қарсы ойында киген Сократес 7 жыл бойы Бразилияның негізгі үміті болды. Испанияда өткен 1982 жылғы Әлемдік доп додасында бұлар алтыннан алқа тағуға әбден лайық еді, алайда, жартылай финалға берілер жолдама үшін таласта Италиядан жеңіліп қалды. Сонда да Зико, Фалькао, Жуниор, Эдиньо секілді сенімді серіктерімен бірге бүкіл әлем жұртшылығының жүрегін жаулаған керемет ойын көрсетті. Ал оның КСРО құрамасының қақпашысы Ринат Дасаевты қалай қапы қалдырғаны, мұндай ғажап голдардың сирек кездесетіні жасамыстау жанкүйерлердің жадында шығар деп ойлаймыз.

1986 жылы Сократес жоғарыда аталған жампоздармен бірге содан төрт жыл бұрынғы қателіктерін түзеу үшін Мексикаға аттанды. Бірінші матчта Бразилия футболшылары Испанияны ұтты: тартысты матчтың тағдырын жақын жерден баспен соққан Сократестің голы шешті. Бас бапкер Теле Сантананың бірте-бірте бабына енген шәкірттері сосын Алжир мен Солтүстік Ирландияны жеңіп, топ жеңімпазы атанды. 1/8 финалдағы Бразилия – Польша кездесуінің есебін пенальтиді тек өзіне ғана тән ерекше стильде (бір орнында қозғалмай тұрып!) орындаған Сократес ашты. Екінші таймда Жозимар, Эдиньо және Карека есепті еселей түсті.

Ширек финалдағы Бразилия – Франция (1:1) матчы аса қызықты өтті. 120 минутқа созылған футбол спектаклінде өнер туындысына тән элементтердің бәрі болды. Мамандардың мұны «финал алдындағы финал» деп бағалауы әсте тегін емес-ті. Көрген жанның есінен мәңгі өшпес мазмұнды матчта бразилиялықтар сәл ғана басымдық байқатқан еді. 75-минутта сол басымдықты нәтижеге ұластыруға олар тамаша мүмкіндік алды. Француз қорғаушылары өз айып алаңында Бранконы шалып жықты да, төреші пенальти белгіледі. Бірақ Зиконың 11 метрлік нүктеден бағыттаған соққысын Жоэль Батс сыртқа қағып жіберді. Ойын соңындағы пенальтиді Зико тамаша орындады, бірақ шабуылшы өз қателігін түзегенімен, Жулио Сезар мен Сократестің соққылары қақпаға дарымай, олар 3:4 есебімен жеңіліп қалды. Сократес пенальтиді тағы да бір орнында тұрып орындаған еді. Оның стилін алдын ала зерттеп алған Батсты бұл тәсіл састыра қойған жоқ...

Сөйтіп, Бразилияның 1970 жылғы Пеле бастаған даңқты командасына жетеқабыл деп бағаланған Сократес пен Зиконың буыны сол күйі Әлем чемпионы бола алмады.

* * *

Ол қазіргі бразилиялықтардың футболға қызығушылығы төмендеп бара жатқанына налиды. «Біздің кезімізде ұлттық құрама әншейін жолдастық кездесу өткізіп жатса да, бүкіл елдегі тіршілік сілтідей тынатын. Бүгін тіпті Әлем чемпионатының іріктеу ойынына да оншалықты назар аударылмайды. Балаларға футбол сабағын үйрететін бапкерлердің жалақысы да мардымсыз. Жасөспірімдер командаларының ойыны тіпті демалыс күндері емес, олар мектепте отыруға тиіс жұмыс күндері өткізіліп жүр. Бұл не масқара? Сонда футболшы білім алмауы керек пе? Ертең олар қандай адам болып қалыптасады?» деп күйіп-піседі ол. Алдағы уақытта елдің футбол федерациясын басқаруды көздейтін кәнігі демократ егер сол мақсаты орындала қалса, ұлттық құраманың бапкерін... жалпыхалықтық дауыс беру арқылы сайлатпақшы!

Ал әзірге Сократес бутсысын шегеге ілген сонау 1988 жылдан бері Рибейрао-Пратодағы емханасында баяғы арманымен – балаларды емдеу ісімен алаңсыз айналысуда. Жұмыс кабинетінде көне грек ойшылы Сократтың мүсіні тұр деседі...

Сәкен СЫБАНБАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Манчестер Сити
Эвертон
17.30
П1
1.385
Ничья
5.34
П2
8.55
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Ньюкасл Юнайтед
Астон Вилла
20.00
П1
2.008
Ничья
3.975
П2
3.615
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Борнмут
Кристал Пэлэс
20.00
П1
1.968
Ничья
3.915
П2
3.81
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Челси
Фулхэм
20.00
П1
1.529
Ничья
4.84
П2
6.06
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Саутгемптон
Вест Хэм Юнайтед
20.00
П1
3.26
Ничья
3.585
П2
2.272
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Ноттингем Форест
Тоттенхэм Хотспур
20.00
П1
2.421
Ничья
3.79
П2
2.865
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Вулверхэмптон
Манчестер Юнайтед
22.30
П1
4.01
Ничья
3.81
П2
1.945
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.27
Ливерпуль
Лестер Сити
01.00
П1
1.08
Ничья
14.8
П2
30
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.28
Брайтон энд Хав Альбион
Брентфорд
00.30
П1
1.691
Ничья
4.48
П2
4.735
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.28
Арсенал
Ипсвич Таун
01.15
П1
1.153
Ничья
9.2
П2
20
Алдыңғы жаңалық
Бір саты жоғары
×