Ферланның шындыққа айналған фантазиясы

09.11.2020, 06:10
«Реал Мадридтің» жаңа қорғаушысы Ферлан Менди жайлы не білесіз? Ол 14 жасында артритке шалдығып, мүгедек болуы мүмкін екенін естіді. Ал 24 жасында «Реал Мадрид» сапына ауысты.
Ферланның шындыққа айналған фантазиясы

Ферланның қайсар мінезі

Мадридтік «Реалдың» осы жаздағы үшінші трансфері сәтті болды. Команда сапына «Лионның» қорғаушысы Ферлан Менди келіп қосылды.

Оның негізгі міндеті – жасы келіп қалған Марселоның орнын басу. Екіжақты келіссөздерге Зиданның өзі араласып, 24 жасар французға бұл клубта тұрақты ойын тәжірибесін жинауына толық мүмкіндік беретінін айтып сендірді һәм дегеніне көндірді. Мендиді алаңдатқан мәселе, егер ол алаңда аз минут ойнаса Франция құрамасымен Евро-2020 додасына бара алмай қаупі еді.

«Реал» бұл жаңалықты трансфер аяқталысымен-ақ жариялағысы келген. Алайда, қосымша медициналық тексерістер трансфердің аяқталу мерзімін созып жіберді. Мәселе оның бала кезде артритпен ауырып, футболмен қоштаса жаздағанында еді. Ол кезде футболшы мүгедектерге арналған арбамен   жүріп-тұрды, бір жыл бойы қалыпты өмір салтынан шығып қалған. Дәрігерлердің ешбірі жағымды жорамалдар айтпады, алайда Ферлан берілудің не екенін де білмейтін.

Ержеткен соң футболдық мансабында франзуз бір де бір рет жарақатқа жолықпаған. Соңғы бірнеше маусымда тек «Барселонамен» қарымта ойын алдында жамбас бұлшық етінің созылуы салдарынан екі айға жуық алаңнан алыстай тұрды.

Жастық шағындағы ауыр өмірін ескерсек, Мендидің «Реалға» ауысуын ертегі деп айтуға болады. Бірақ бұл ертегіде тағдырдың сыйы да, сиқыршы да болмады, мұнда тек қайтпас қайсарлық, езілмейтін ерік күші, өзіне деген сенімділік пен ерен еңбек болды. 

Рабьо мен Кимпембемен бірге доп тепті. «ПСЖ» академиясында оған еш сенім артылмады

Ферлан Парижден 43 шақырым жерде орналасқан Мелан-ан-Ивелин қаласында сенегалдық эмигранттар отбасында дүниеге келген. Менди футболмен бала күнінен әуестенді.Немере ағасы Марк Гомистің айтуынша, ол бүлдіршін кезінен бастап-ақ достарымен жағажайда доп тебетін. Ол 7 жасында жергілікті «Эквеийи» клубына жазылып, жаттыға бастайды. Келесі жылы «ПСЖ» академиясына ауысып, сол жерде 7 жылын өткізеді. Рабьо, Кимпембе және Коман секілді белгілі футболшылармен бірге өседі. Преснель Кимпембе балалар командасында Мендимен бір позицияда ойнап, бәсекелес болады. Көп жағдайда бұл позиция таласы Мендидің пайдасына шешіліп отыратын. «Матчтың көп бөлігінде алаңда Менди ойнайтын. Кимпембе алаңға сирек шығатын. Менди айтарлықтай арық болғанмен, жылдамдығы мен техникасы жоғары болды,» - дейді «ПСЖ» түлегі Дилан Батубинсика.

Ағасы Гомис: «Ол болашақ жұлдыздардың ішінде ерекше көзге түсетін, сондай-ақ өзінен жасы үлкендерді де ойланбай айналып өтетін. Алайда жас жеткішекте жан түршігерлік жарақатына дейін де супержұлдыз статусы болмады».

«ПСЖ» оған сенім артпады. Басқа жеткіншектер клуб базасында қалса, оны түнеуге өз үйіне жіберетін», - деп еске алады балалар командасының жаттықтырушысы Ив Герго.     

Мендидің жарақаты париждіктерді мына қорытындыға итермеледі: «мұндай ойыншының бізге керегі жоқ!».

Дәрігерлер оның футболмен қоштасқаны дұрыс деген қорытындыға тоқтады

14 жасында футболшы ұршық буынын қатты жарақаттап алады. Мұндай жағдайда егер аурудың бастапқы белгілеріне назар аудармаса, өмір бойы арбаға таңылу қаупі жоғары. Жарақат жас баланың рухын түсіріп, спорттық мансабы басталмай жатып аяқталуы мүмкін еді.

Клубтасы Батубинсика: «Менің ойымша, бәрі ойын жағдайында болған кезекті соқтығысудан басталып, кейін ол инфекция жұқтырып алған. Ферлан еш қимылдай алмады, тіпті жүре де алмай қалды. Медициналық орталықтағы жігіттер оның аяғын кесіп тастауы мүмкін екенін айтқаны есімде» - деп оның ауыр жарақатын еске алады.

Менди Париждегі «Некер» емханасында үш ай емделді, бұл уақыт аралығында ол әлі де жүре алмағандықтан, футбол жайлы сөз қозғалмады. Жалықтырған реабилитация тағы жарты жылға жалғасты. Дәрігерлердің тұжырымдары ойыншыны қуанта қоймады.

«Сірә, мен ешқашан берілген емеспін. Ойымда әркез бір ғана нәрсе болды: «Менің жүре алмауым және әрі қарай футбол ойнамауым, әсте, мүмкін емес»! Оңалту орталығында менен гипсті шешті. Алайда, мен ұзақ уақыт бойы жүре алмай, мүгедектер арбасымен жүрдім. Аз-аздап жүруді үйретті. Тәй-тәй баса бастадым...» - деп Менди қиын сәттерін еске алады.

Ферлан өзінің керемет ерік күші мен биік рухының арқасында ары қарай жылжыды. «Дәрігер оған: «тыңда, бұл жеңіл қарайтын нәрсе емес, сен бұдан ары футбол ойнауды қоюың керек!» - деген. Бірақ оған Менди назар аудармады. Ең адам сенгісіз нәрсе – ол өзінің аурудан айығатынына еш күмәнсіз сенді», - дейді оның бала кездегі досы Абдулай Дембеле. 

Ойыншының қоршаған ортасы, «ПСЖ»-да бірге доп тепкен клубтастары оның мінезіндегі екі ерекшелікті атап айтады: өзіне деген шүбәсіз сенімділігі мен кез келген жағдайда барынша позитивті ойлай алуы. Сонымен қатар оны қалжыңбас, үнемі жымиып жүретін көңілді жігіт ретінде танитын.

Туған қаласы Мелан-ан-Ивелинде оны қатты құрметтейді. Ондағы ескі достары Мендиді қай жерден өсіп-өнгенін еш естен шығармайтындығы үшін ерекше сыйлайды. «Уақыты болғанда ол бізге келіп тұрады, футбол жейделеріне қолтаңбасын қойып таратады. Оның арқасында Мелан-ан-Ивелин қаласын жұртшылық таниды,» - деп мақтанады Гомис.

Францияның төменгі бөлігінен «Лионға» дейінгі көтерілуі. 20 жасында 1-лигада алғашқы ойынына шықты

Ферлан жарақатынан кейін «ПСЖ»-ның деңгейіне сай ойыншы болмағанын, базалық қабілеттерін жаңадан үйрену керек болғандығын айтады. Клуб оған сенім артпады. Рабьо 17 жасында-ақ негізгі командада ойнауға мүмкіндік алды, ал Мендиге клуб тарапынан келісімшарт та ұсынылмады.

«U-17 командасы маусымды аяқтаған кезде клуб менімен не істерін білмеді. Ақыры, мен кетемін деп шештім», - деп Менди ол кездерді жымиып еске алады.

Ойын практикасы үшін Ферлан үшінші дивизионда ойнайтын «Монтуа» клубына кетті. Статус мәселесін екінші кезекке ысырып, басты мәселе форма мен тәжірибе жинау екенін естен шығармады. «Ферлан өзіне және өз мүмкіндіктері мен дәрежесіне толық сенімді болды. Кейбіреулер оны өзіне көп алу деп түсінсе де, Менди ойындағы нәтижеге жету үшін ештеңеге қарамады,» - дейді «Монтуа» клубының басшысы Роберт Менди.

Жартылай әуесқой клубта футболшы бір ғана маусым ойнады. Оны «Гавр» клубы тез байқап, өз сапына қосты. Ойыншыны ағылшындық клубтар да өз қатарынан көргісі келген, алайда Менди әзірше мекен-жайын ауыстыруға дайын емес еді. Ал «Гаврды» таңдаған себебі – клубтың жастарға мүмкіндік беруі. Поль Погба, Рияд Марез, Димитри Пайе, Стив Манданда, Бенжамен Менди секілді атақты аяқдопшылар осы клубтың түлектері.

Жаңа клубтағы ойындарын ол U-17 командасында бастады, алғашқы кәсіби келісімшартына 2015 жылы қол қойды. Сол жылы 1 Лигада алғашқы ойындарына шыға бастады да, негізгі құрамнан ойып тұрып орын алған команданың негізгі ойыншысына айналды. 2016/17 жылғы маусымда ол 2 Лигада 50 матч өткізіп, чемпионаттың ең үздік сол қаптал қорғаушысы атанды.

2017 жылдың жазында «Лион» футбол клубы Мендиді «Гаврдан» 5 миллион еуроға сатып алды.

Мендиді агенті «франциялық Марсело» деп атайды

Мендидің үлгі тұтар ойыншылары – Марсело мен Дани Алвес. Сондықтан оның Марселоға ұқсауы таң қаларлық нәрсе емес.

Еуропаның жартысы Мендиді алуды қалайды. Сапалы қорғаушы – таптырмайтын тауар. Ферлан дриблинг пен кросстарда өте жақсы. Оның бойынан шабуылға шыққанда Марселоның, ал қорғаныс кезінде Алекс Сандро мен Кивудың қабілеттерін табуға болады. Менди допты сол аяқпен алып жүреді, алайда оның негізгі аяғы - оң аяқ, сондықтан оның дриблингі керемет», - дейді агенті Иван Ле Ми.  

Ферланның негізгі қабілеті – дриблинг. «Лионда» өткізген екі маусымда ол қарсыластарын 102 рет айналып өткен, осылайша Менди қорғаушылар арасында 1 Лигадағы ең үздік, ал Еуропада («Вест Хэм» ойыншысы Артур Масуаку мен «Манчестер Сити» қорғаушысы Жоау Канселуден кейінгі) екінші орында. Бұл жерде «Лионның» бас бапкері Бруно Женезионың да тактикасындағы ерекшелікті айтпай кетуге болмайды. Себебі, команданың шабуылына Менди қосылған уақытта, оның алға сытылып шығуы үшін және оның бос кеңістігі көп болуы үшін команда 5 қорғаушы жүйесіне ауысады.

Ал Зиданға келер болсақ, ол Мендиге үлкен сенім артып отыр. «Маrca» басылымы алдағы маусымда сол қапталдағы негізгі қорғаушы Менди болады, ал Марселоға таңдау еркі берілген: өзіне жаңа клуб іздестіру немесе қосалқы құрам ойыншысы болуға келісу.

Марсело шабуылдағы бірнеше көрсеткіштері бойынша Мендиден жоғары, қорғаныстағы ойын жағынан басымдық франзуздың жағында. Ескеретін басты мәселе олардың жас ерекшеліктері – Марселоның жасы 31-де, ал Менди небәрі 24 жаста.

Сенегал емес Францияны таңдады. Ұлттық құрамаға шақырылғанын түсінде көрген соң білген

Жастар құрамасына шақырту алмаған, себебі өзінің жоғарғы нәтижелерін ержетіп қалғанда көрсеткен. Екі елдің азаматтығы болғандықтан, Мендиді Сенегал құрамасының бас бапкері Алиу Сиссе өзі қоңырау шалып шақырған.

Алғаш рет ұлттық құрамаға 2018 жылдың қараша айында Голландия және Уругвай құрамаларына қарсы ойындар қарсаңында Бенджамин Мендидің жарақат алуына байланысты шақырылған. Уругвайға қарсы ойында құрамадағы алғашқы ойынында алаңға шығып, 90 минут бойы ойнады. Матч француздардың пайдасына 1-0 есебімен аяқталған болатын.  

«Құрамаға шақырылуы алдында бір қызық оқиға орын алды. «Көзім ілініп кетіпті, оянсам «Лион» қызметкері Гай Ген бірнеше рет қоңырау шалыпты. Бірдеңе бүлдіріп қойдым ба, әлде жаттығуды жіберіп алдым ба деп мазам кетті. Қызық сезім болды. Бірақ олай емес екен, ол маған керемет, қуанышты жаңалық айтты. Мені ұлттық құрамаға шақырды!» – деп күлімсіреді Менди.

«Реалға» және ұлттық құрамаға келу жолында Менди небір сұмдықтарды бастан кешті, бірақ соңына дейін берілмей күресті. Мүгедектер арбасында да ол көңілін түсірмеді, әр күн сайын тынбай еңбектеніп, өз мүмкіндігін сабырмен күтті.

«Ұлттық құрамаға шақыртылғаннан кейін жанкүйерлер мені танып, жиі суретке түседі. Өзіме қайталаумен боламын: өмір мені сан қиындықтарымен сынады. Алайда мен берілмедім, ерінбей еңбегімді жалғастырдым. Осының барлығынан кейін мені «мен осыған лайықпын ба?» деген сұрақ мазалайды. Қалай десек те мен бұл үшін барлығын жасадым».   

Ферлан Мендидің жаңа командасындағы көрсеткіштері өте жақсы. Зиданның өзіне қойған міндеттерін ойдағыдай атқарып жүр. Оның өмірбаянына қарап отырсаң, оның мықты спортшы ғана емес, ерік-жігері мықты, мінезді адам екенін байқаймыз. Осындай ойыншыларды көргенде адамның өмірге деген құлшынысы мен арманға деген ұмтылысы артатыны анық.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Манчестер Сити
Эвертон
17.30
П1
1.355
Ничья
5.6
П2
9.15
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Ньюкасл Юнайтед
Астон Вилла
20.00
П1
1.958
Ничья
4.025
П2
3.75
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Борнмут
Кристал Пэлэс
20.00
П1
1.943
Ничья
3.915
П2
3.905
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Челси
Фулхэм
20.00
П1
1.53
Ничья
4.895
П2
5.96
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Саутгемптон
Вест Хэм Юнайтед
20.00
П1
3.34
Ничья
3.615
П2
2.222
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Ноттингем Форест
Тоттенхэм Хотспур
20.00
П1
2.421
Ничья
3.81
П2
2.854
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Вулверхэмптон
Манчестер Юнайтед
22.30
П1
4.075
Ничья
3.79
П2
1.936
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.27
Ливерпуль
Лестер Сити
01.00
П1
1.087
Ничья
14
П2
29
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.28
Брайтон энд Хав Альбион
Брентфорд
00.30
П1
1.682
Ничья
4.535
П2
4.74
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.28
Арсенал
Ипсвич Таун
01.15
П1
1.151
Ничья
9.3
П2
20
Aladop Youtube
×