Еуроның жолдамасы кімге бұйырады?

18.03.2024, 16:41

Грекия мен Қазақстан құрамалары 2024 жылдың 21 наурызында Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінің жартылай финалдық кезеңінде ойнайды. Оған барлығы 12 команда, яғни, Қазақстан, Грекия, Грузия мен Люксембург қатысады. Аталған құрамалар Еуропа чемпионатына берілетін жалғыз жолдаманы сарапқа салады.

Еуроның жолдамасы кімге бұйырады?

Плей-офқа қатысушылар 2022-2023 жылғы Ұлттар лигасының нәтижелері бойынша анықталған. Бұған дейін Қазақстан құрамасы шешуші матчта Словениядан сырт алаңда жеңіліп, Еуро-2024-ке тікелей жолдама ала алмаған болатын. УЕФА ақпарат құралдарының хабарлауынша, ойын Афинадағы «OPAP Arena» стадионында өтеді. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Грекия командасымен өтетін матчқа шақырылған ойыншыларының тізімін жариялаған еді. Ал нақты тізімге барлығы 26 аяқдоп шебері енген. Ойынға дейін саусақпен санарлық күндер қалды. Ал құрам қатары белгілі болғалы матчқа болжам мен талдау жасайтындардың қарасы көбейді. Солардың бірі спорт журналистикасы мамандығының студенті әрі футбол фанаты Әли Нұржанұлы. “Егер де “Ливерпульдің” центрдэфі жарақаттан жазылмаса бізге пайдасы тиюі мүмкін.Ұлттық құрамада Игорь Шацкий, Рамазан Оразов, Арман Кеңесов жарақатта жатыр. Жеңуіміз екіталай. Не болатынын уақыт көрсетеді. Бірақ Грекияның Франциямен 2:2 есеппен тең түскенін де ескеруіміз керек. Даниямен болған ойынды қайталауымыз да ықтимал”- деді жанкүйер. Жеңілгенді жер көтерсе де, жеңістен әрдайым үмітті жанкүйерлердің пікірі команда мүшелерін қуантары анық. Осы тұста тағы бір футбол жанкүйерін әңгіме тартқан едік. “Не болса да ұлттық құрамадан күтер үмітіміз көп. Грекия жаксы команда. Бірақ біздің жігіттер де оңай шағылар жаңғақ емес. Оны іріктеу матчтарында байкадық. Бір аптадан кейінгі кездесуге Адиев өз шәкірттерін тас түйін дайындайды деп ойлаймын. Барлық құрам толығымен ойнаса, Грекияны да жеңуіміз мүмкін. Оған дәлел, футболшыларымызда бұрынғыға қарағанда командалық рух пайда болды. Ал оған серпін беретін өткен матчтар. Осы жолы Адиев бастаған жігіттер жеңіске лайықты деп сеніммен айтуға болады”- деген болатын Серғазы Тоқтамұрат.

Ала допты арқау еткен ұлттық құрама мүшелері қазір тоқтаусыз жаттығу үстінде. Алда оларды үлкен жауапкершілік күтіп тұр. Елім деген ерлерді қолдайтын халқының сенімі күшті болса біз алмайтын асу жоқ. Ендеше футболшылар доп тепсін, жанкүйерлер жан күйдірсін. Айта кетейік, екінші жартылай финалда Грузия мен Люксембург ойнайды. Егер Қазақстан құрамасы Грекия командасын жеңсе, онда сырт алаңда Грузия-Люксембург теке тіресінде асығы алшысынан түскен жасақпен кездеседі. Афинада өтетін матчта жеңген үздік команда 2024 жылғы Еуропа чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Аружан ОТЫНБАЕВА

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 7
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×