Еурокубоктер орнымызды көрсетіп берді ме?

14.07.2024, 15:08

Еуропа біріншілігіндегі сапалы футболдың әсерінен бе, басқа ма, қазақ командаларының еуротурнирлердегі ойындарын тағатсыздана күттік. Адам жақсыға тез үйренеді екен. Алайда, біздің командалар, біздің футболшылар (әсіресе легионерлер)  үмітті еш ақтамады. ЧЛ, ЕЛ мен КЛ-ның алғашқы айналымдарынан кейінгі жағдай мәз емес. Биыл Қазақстанның атынан ту көтеріп шыққандардың біздің қам көңілді шат қылатын шанстары әлі де бар. Бірақ, ол үшін әрқайсысы («Ордабасы», «Ақтөбе», «Тобыл») өздерінің жауапты бәсекелерінде басым түсіп, мейлінше алысқа баруы керек.

Еурокубоктер орнымызды көрсетіп берді ме?
Максим Самородов

Седневтің тағдыры қыл үстінде

Қазақ жанкүйері, әсіресе, шымкент жұртшылығы Чемпиондар лигасын ерекше күтті. Несін жарсырайық, былтыр тарихында тұңғыш рет ел біріншілігінде биіктен көрінген «Ордабасы» еуропадағы ең абыройлы жарысты жақсы бастар деп біз де үміттендік. Бір қарағанда жеребе де жолдас болғандай көрінген. Бірақ, жылтырағанның бәрі алтын емес екеніне шымкенттегі шіркейлі матчтың алғашқы ширегінде-ақ көз жетті. Шыны керек, Александр Седнев командасының еурокубоктегі тәжірибесі мол деуге аузың бармайды. Десе де, қарсылас «Реал» жарайды тіпті құрығанда «Селтик» емес қой «Петрокубты» көпшілігі менсіңкіреген жоқ. Сөйтсек, бекер екен. Көпшілік қарсыластың Молдовада «Шерифтың» өзін қапы қалдырып, чемпион болғандығы мен өткен маусымдардағы еурокубоктердегі аз-кем кездесулерінен басқа ақараттар білген жоқ. «Енді біз де жүгері күзетіп жүрген жоқпыз» деген шығар іштей оңтүстіктің футболсүйер қауымы (осы аймақтың сүйікті тіркесінің бірі). «Ордабасыны» оңай деп кім айтты сіздерге? Құрамында анау-мынау емес Киевтік «Динамо» мектебін көрген Беседин, Беларусь, Өзбекстанның жақсыларын жинап, өзімізден де игі жақсыларды айналасына топтастырған Седнев «қазір көрсетеді» дедік қой. Бірақ сол қазір-қазірмен бүкіл ойын өтіп кетіпті. ҚПЛ-ді бір ұтып, екіншісінің де ауылына жақындап қалған жаттықтырушыдан молдовалықтарды тас-талқан етпесе де, тәуір нәтиже күтілген.

Клуб басшылығының шыдамы шегіне жеткен сыңайлы. Қарымта матчта керек нәтижеге қол жетпесе бас бапкермен қол алысып, қош айтысатын түрі бар. Александр Сергейұлымен сәуірде-ақ келісімшарттың үзілуге шақ қалғаны белгілі. Алайда, зордың күшімен, ҚПЛ-дегі жақсы нәтижелердің арқасында беларусиялық маман өз креслосында қалып қойды. Седнев штабына көктемдегі қарқынды кезең екінші мүмкіндік берді. Бірақ, естуімізше клубтың тізгінін ұстаған Асхат Сейсембекке «Гордий түйнегін» көп ойланбастан бірақ шабатын Александр Македонскийдің мінезі тән дейді. Аз уақытта біраз жұмысты жапырып тастаған менеджер өзінің шешімталдығымен танылса керек. Сондықтан, Кишиневте де осалдық танытса, бас бапкерді орнынан алуы кәдік деседі. Александр Седнев чемпионатта, кубок секілді ішкі турнирлерде кәдеге жарады. Салыстырмалы түрде аз уақытта шымкенттік ұжымды толайым табысқа жетеледі. Сонысымен-ақ, клуб тарихы мен жанкүйер жүрегінен орын алғаны анық. Алайда, жетістіктің тез ұмытылатын қасиеті бар, әсіресе, футболда. Биыл беларусиялық маман үшін ҚПЛ-ден көрі Еурокубоктің бәсі жоғары тұруы тиіс болатын, клуб басшылығы Седневтен соны күткен. Былайша айтақанда, чемпиондық маусымнан кейін кемінде бір еурокубоктік турнирдің топтық кезеңіне шығу секілді мәселе қойылды деп жорамалдаймыз. Чемпиондар лигасы болмаса да, әйтеуір біреуінің (Еуропа Лигасы, Конференция Лигасы) негізгі кезеңіне жетіп жығылсақ деген үміт. Әрине, әлі де кеш емес. Мүмкіндік бар ғой, бас жарылып, көз шыққан жоқ. Қазақтың өзі кеңқолтық, жанкүйері де бұдан зорғысын көріп, көндіккен. Талай кешіріп келеді. Бірақ көпшіліктің зығырданын қайнатқаны, шымкенттік футболшылардың - биылғы маусымда әлі ресми матч өткізбеген, демалыста инстаграм-парақшасына фотосурет жүктеп жүрген қарсыластың фонындағы осыншама қауқарсыздығы (мүмкін намыссыздығы) еді. Қалай дегенде де, команданың сәтсіздігіне ең алдымен жауапты болатын бас бапкер емес пе? «Ордабасының» сәрсенбінің кешіндегі азусыз ойынына да жауапты тек Седнев мырза. Шымкенттіктердің бас бапкері ойын соңынан бірнеше факторды алға тартыпты. Есте қалғаны, Темірлан Ерлановтың жоспардан тыс жарақаты салдарынан бүкіл кездесудің шырқы бұзылған екен. Соның кесіренен ойлағаны жүзеге аспай, ойын барысына кәдімгідей әсер етсе керек. Қысқасы, «Ордабасының» бапкері осылай ақталғандай болыпты. Арада апта салып, қос команда Молдова жерінде жолығады. Қазақстан чемпионының осалдық танытатын жайы жоқ. Александр Седнев те мүлде. Егер командасы Кишиневте де мардымсыз ойын көрсетіп, жанкүйердің ашу-ызасын тудырса жұмыссыз қалатыны күмәнсіз. Оны өзі де іштей сезіп отырған болар.

  «Ақтөбенің» жеңілісі тура бір күтпеген шапалақтай  

Жасыратыны жоқ, еурожорықты бастайтын үштіктің қатарында «Ақтөбенің» жолына ерекше үмітпен қарадық. Дмитрий Парфенов шәкірттерінің осы маусымдағы ойыны, Максим Самородов бастаған шабуыл өтіндегі футболшылардың өнері де, басқасы да командадан тәуір нәтиже күтуге негіз сыйлады. Ашығын айтсақ, жақсы ойын мен жеңісті күттік. Біріншісін енді, әрине, салыстырмалы түрде көрдік деуге болатын шығар. Обалы кәнекей, алаң иелері жиі шабуылдады. Тырысты. Тырысуды голға айналдыру әрине мүлде басқа мәселе ғой. Алайда, ойын соңында Ақтөбе қаласының «Қобыланды батыр атындағы» орталық  алаңына жиналған жанкүйерлер мен Максим Самородовтар жанарымен жер шұқыды. Тіпті, «Ордабасы» мен «Тобылға» қарағанда осы сәтсіздік ауыр тиді ме деп қалдық. ҚПЛ-дің осы маусымындағы ең сұрапыл ойыны бар ұжым оңбай ұтылды да қалды. Көшбасшыларының бәрі бабында, қатарда бола тұрып шапалақ жеп қалды. Иә, «Ақтөбе» - «Сараево» кездесуінен осындай әсер бар. Оны басқаша айтып жеткізу қиын. Тура бір күтпеген шапалақтай болды. Алаң иелерінің кездесу барысындағы басымдығына көңіліміз толып отырған. Сөйтсек, қызықтың бәрі ойын соңында қалыпты. Десерт дейді мұндайды. Жалғыз мүмкіндікті пайдаланудың жарқын үлгісіндей бәсеке соңынан жанкүйер шіркін не айтқан жоқ? Әлемжелідегі небір жазбалары жүрек ауыртады.  Соның ішіндегі әсіресе «легионерге шектеудің алынғаны бізге не берді?» дегені кәдімгідей ой салды...

         «Тобылдың» жағдайы да мәз емес

Словакия жақтан да жақсы жаңалық жеткен жоқ. Еурокубоктер біздің командалар мен жалпы ҚПЛ деңгейін көрсетті деп жатырмыз ғой. Расында, словактардан бұрыштаманы орындауды («Тобылдың» бес голының төртеуі бұрыштамалардан кейін кірген) ал босниялық клуб «Ақтөбенің» футболшыларына мүмкіндікті мүлт жіберуден дәріс оқып кетті. Ең қызығы - жауапты ойында «Тобыл» қалай ойнайды деген сұрақ қызық. Нұрбол Жұмасқалиев командасының камбэк жасап қуантарлықтай қауқары бар ма? Қостанайлық ұжым құрамы жөнінен ҚПЛ-дегі алдыңғы қатардан саналады. Сырт алаңдағы матчты да сәтті бастап еді. Нұрбол Жұмасқалиев өзі де клубқа бір келіп-кетіп, қайта келіп жүр еді. Осы сәтсіздіктер енді қадам басып жатқан отандық маманға зиянын тигізіп жүрмесе дейміз.                   

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 5
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×