Интернет мүлде жоқ, телефон мыңның бірінде ғана бар заманда алаяқтардың дәуірі жүріп тұрды. Аса талантты футболшы екеніңе сендірудің өзі сөз емес еді. Бүгінгі мақаланың қаһарманы Карлос Кайзер футболға титтей де икемі болмаса да, «болашақ жұлдызбын» деп 10 клубты сан соқтырып кеткен. Кайзер он жыл бойы елді қалай алдап келді?
Қарапайым жоспар
Шын мәнісінде Карлос Кайзеріміз ешқандайда Кайзер емес. Ол – Карлос Энрике Рапоссо. Кайзер Франц Беккенбауэрдің лақапатынан (Кайзер Франц) алған есімі.
Бәрі Карлостың 1972 жылы «Ботафого» академиясына келуінен басталды. Футболшы болу оның бала кезінен бергі арманы, бірақ футболға мүлде икемі жоқ. Ол сонда да арманына жеткісі келеді. Тек жаттығуда аянбай тер төгіп, еңбек етіп емес, арнайы құрылған алаяқтық жоспармен. «Ботафого» кейіннен «Фламенго» жастар құрамында жүріп-ақ футболдың жұлдызды ойыншыларман қыдыру, қыздармен көңіл көтеру деген секілді екінші жағының дәмін татып үлгерді. Сол кездегі танымал ойыншылар Карлос Алберто Торрес, Рикардо Роши сынды ойыншылармен танысып, қол ұшын созудан бас тарта алмайтындай етіп сенімдеріне кіріп алады.
Сенімдеріне кіру себебі мынада: танысқан қайсыбір футболшы болмасын Карлос жайлы өзі ойнайтын клубқа тек жақсы нәрселер айтады. «Талантты, болашақ жұлдыз болар ойыншы» дегендей. Ол кезде интернет жоқ заман болған соң, өзге футболшылардың ойы бапкердің ойына тікелей әсер еткен. Одан бөлек журналист достар тауып, газет беттеріне өзі жайлы ұнамды мақалалар жазуды өтінген. Осылайша Карлос клубтармен алдын ала қаралымсыз-ақ келісімшартқа отыратын болған. 1979 жылы мексикалық «Пуэбла» клубымен алғашқы келісімшартына қол қояды.
Жарақаттан көз ашпайтын Кайзер
Карлос клуб базасына келе салысымен бас бапкерге: «Мен физикалық бабыма келе алмадым. Бабыма келу үшін уақыт керек», дейтін. «Болашақ жұлдыз» ғой деп сенген клуб басшылығы ойланбастан уақыт беретін. Ол жасыл алаңда емес, тек жаттығу залында ғана дайындалатын. Ал алаңдағы жалпы жаттығуға шығар уақытқа оның бөлек жоспары бар. Болар-болмас жаттығулар істгеннен кейін «аяғым, аяғым» деп аунап жата қалады. Сөйтіп емделуге деп тағы біршама уақыт ауаға кетеді. Ал сап-сау Карлос дәрігерлермен келісіп, жалған анықтама жасатып алып, түнгі клубтарда тайраңдап жүре берген. «Жарақат, жарақат деп бір ойынға да қатыспай клубтағы бір жылым өтті», - деп еске алады Кайзер.
Мексика Карлосқа ұнамай 1981 жылы «Ботафогоға» қайта оралады. Жоспары әдеттегідей мүлтіксіз іске асып жатты. Командаласы Ренато Гаушо: «Оның жолы болмай жүр деп ойлау үшін ол бізбен алдын ала келісіп алатын. Содан кейін біз оған қарсы дөрекі ойнайтынбыз, ал ол жарақат алып, емделуге кететін», - дейді. Шынында да бәрі оны аяп, «жарақат карьерасына тұсау болды» деп ойлайтын.
«Ливерпуль» һәм «Реал» клубтары хабарласты
Басшылық бұл жерде бірдеңенің дұрыс еместігін сезгенмен, қолында дәлелі болмады. Қазіргі замандағыдай арнайы медициналық құрылғылар болмаған соң, дәрігерлер нақты диагноз қоя алмады. Тіпті жергілікті бақсыға көрсетудің өзі еш пайда әкелмеді. Бірақ бір күні Карлостың кезекті бір жоспары іске аспай қалды. Кайзер ол заматта екінің бірінің қолы жете бермейтін қымбат телефон сатып алады. Сол телефоны арқылы футбол агенттерімен ағылшынша сөйлесіп жүреді. Тіпті «Ливерпуль», «Реал» клубтарының агенттерімен байланысқа шығады. Клуб сапында ағылшын тілін білетін адам болмаған соң, бәрі оған шүбәсіз сеніп жүреді. Еститін бар түсінікті сөздері: «transfer», «good». Кайзердің де бар білер сөздері осы болса керек. Неге десеңіз, бір күні Кайзер «Ботафого» дәрігерінің көзінше әлдебіреумен ағылшынша шүйіркелесіп жатады. Ал дәрігер ағылшынша білетін еді. Кайзердің «ағылшын тілін білемін» деген өтірігі осылай ашылса, ал бағалы телефоны жәй ғана ойыншық болып шығады. Сөйтіп «Ботафого» Кайзермен сол мезетте-ақ келісімшартты бұзды. Бірақ Карлос мұнымен тоқтап қалмады. 1983 жылы «Фламенго» сапына ауысты.
Алаңға шықпау үшін туыстарын «өлтірген»
«Фламенго» қатарында өткізген үш маусымда да Карлос жымысқы жоспарын жалғастыра берді. Тіпті алаңға шықпау үшін «туысым өмірден озды» деген өтірік айтып, «психологиялық тұрғыдан қалпыма келуім қажет, алаңға шыға алмаймын» деп сылтаурататын болған. Одан кейін франциялық «Аяччо» клубына ауысады. Ол жақта да баяғы әдетінше, құрыққа сырық жалғап, алаңға шықпаудың қамымен жүрді.
1988 жылы Бразилияға қайта оралып, «Бангу» клубының қатарын толықтырады. Бұл жақта да қырық өтірігін айтып жүрген күндердің бір күнінде бас бапкер «алаңға шығасың, дайындал!» деген пәрмен береді. Команда жеңіліп жатыр еді. Матчты қалай болсын құтқару керек болатын. Клуб басшысы Карлостың алаңға шығуын бұйырғанмен, Карлостың бұл жолы да айы оңынан туды. Жанкүйерлер бапкерді балағаттап, ауыздарына келгенді айта бастады. Кайзер жүгіріп барып, көрермендерге қарсы жауап қайтарып, сөзге келе бастады. Ойынның бас төрешісі Карлосқа бірден қызыл қағаз көрсетеді. Бұған ашуланған клуб президенті Кастор де Андраде Карлостан түсініктеме талап етеді. Карлос болса: «Құдай менің ата-анамды алып қойды, бірақ менің екінші әкем пайда болды. Ол – бас бапкер. Сондықтан жанкүйерлер бапкерді балағаттап, жаман сөзбен қорлап жатқанда, қарап тұра алмадым», - деп жауап береді. Карлостың сөздерінен кейін көңілі босаған сеньор Кастор келісімшартты тағы жарты жылға созуға уәде береді. Осылайша Карлос кезекті мәрте айласын асырып кетеді.
Ешқашан футбол ойнамаған ұлы футболшы
«Бангудан» кейін Карлос «Флуминенсе», «Васко да Гама», «Эль Пасо Пэтриотс», «Америка» және «Гуарани» сынды клубтарда «өнер көрсетеді». 29 жасқа келгенде он жылға жалғасқан жалған карьерасына нүкте қояды. Он жылда бар-жоғы 20 матчқа қатысып, бірде-бір гол салмаған. Қазір 57 жаста, фитнес-клубта нұсқаушы болып қызмет атқарады.
«Фламенгода» Карлоспен командалас болған шын талантты Бебето: «Карлосың алаңның ана басынан мына басына зорға жететін», - дейді. Сөйткен Карлостың құрметіне 2018 жылы «Ешқашан футбол ойнамаған ұлы футболшы» деген фильм жарыққа шыққан.
Сол Бебетолар секілді қара терге малынбай-ақ футбол тарихында қалды бұл жігіт.
Марғұлан ЖАҚЫП
Біздің серіктес: FONBET